ТҮЙІНДІ МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ
Өзектің бір жағалауы Еркінқала мөлтекауданының, екінші жағалауы «Здоровье» бау-бақша қоғамының аумағына кіреді. Жылдар бойы бұл жердің тұрғындары жарық көзін туберкулезге қарсы диспансерлік аурухананың трансформаторынан алып келді. Шамадан тыс салмақты көтере алмаған құрылғы істен шығып, аурухана тарапынан трансформаторды босату жөнінде шағым түсті. Аурухана бірінші кезекте қамтылуы тиіс нысандар қатарына жатқызылатындықтан, тұрғындарға жарық беру тоқтатылатын болып шешілді. Бірақ, шаһар басшысы көп кешіктірмей қуаттылығы 630 киловатт болатын жаңа трансформатор орнатып, мәселенің алдын алды.
— Бұрын өзектің арғы бетіне өту үшін тұрғындар өз қолдарымен көпір салып алған болатын. Ол жүргіншілер үшін өте қауіпті еді. Енді қала әкімінің тапсырмасымен «Атырау су арнасы» мекемесі демеушілік танытып, уақытша болса да тұрғындар үшін қолайлы жаңа көпір салып берді, — дейді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Қуаныш Ибрагимов. Біз бұған қосымша үлкен жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы да қызу жүріп жатқанына куә болдық.
Тағы бір мәселе, осыған дейін оқушы балалардың мектепке жету жайы тұрғындарды алаңдатып келді. Енді жаңа автобус жүріп, бұл мәселенің де шаһар басшысының тікелей араласуымен шешілгенін айта кеткен жөн.
Осы жердің тұрғыны, он бес жыл бойы егін өсірумен айналысып келетін жеке шаруагер Мұрат Каликов енді ауыз су мен жол мәселесі де көп ұзамай шешімін табатындығына сенім білдірді.
Амандық АБДОЛ.
Суретті түсірген автор.