Жарнама
Экономика

Сұйытылған газ бағасы қаншаға қымбаттады?

Биылғы тамыз айының 1-інен бастап қалада сұйытылған газдың бағасы (бір литрі) – 85, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде – 90 теңгеге жетті. Сарапшылардың түсіндіруінше, газ бағасының бұлайша көтерілуінің басты себебі – осыған дейін «көгілдір отын» өзіндік құнынан төмен бағамен сатылып келген.

Осыған орай өз ойымен бөліскен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жантас Оспанның сөзінше, қазіргі уақытта сұйытылған газ өңірге бекітілген кестеге сәйкес жеткізілуде.

– Осылайша, тамыз айына Атырау облысына 7 535 тонна сұйытылған газ бөлінген. Соған байланысты өңірдегі барлық газбен жабдықтаушы кәсіпорын-мекемелер тұтынушылармен арадағы қызмет көрсету келісімшарттарын жаңадан белгіленген баға бойынша рәсімдеуде. Соған сай қаражаттарын аударып, тасымалды жүзеге асыруда, – деп түсіндірді салалық басқарма өкілі.

Ілкіде айтылып кеткендей, қолданыстағы тарифке өзгеріс енгізу қажеттілігі сұйытылған газ өндірісінің шығынының көптігіне байланысты туындап отырғаны мәлімделді.

Қазіргі уақытта ТМД елдері бойынша бір тонна сұйытылған газ өндірудің өзіндік құны 70–80 мың теңге аралығын құрайды. Ал бұған дейін сұйытылған газдың нарықтағы шекті көтерме бағасы тоннасына 51 932 теңге болып келген еді.

Назар аударарлық жайт – осындай өзгерістерге қарамастан, Қазақстан Республикасындағы «көгілдір отынның» құны ТМД елдері бойынша ең төменгі деңгейде қалуда.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button