Қайтарымсыз грантқа үміткерлер артты

img 20220728 wa0030 Экономика

Биыл кәсібін дамыту үшін мемлекеттен қайтарымсыз  қаражат алуға өтініш білдіргендер саны үш есеге көбейген. Жергілікті азаматтардан 600 ден астам өтініш келіп түсті.

Бұл туралы Атырау облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Басқарма басшысының айтуынша, бизнес иелеріне қайтарымсыз грант беру елдегі 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып жатқан көрінеді. Кәсіпкерлікке үш жыл бұрын бет бұрған азаматтар мен 29 жасқа дейінгі тұрғындар және шағын бизнес субъектілері аталмыш бағдарламаның қолдауына ие бола алады.

Грант алудың негізгі талаптары:

-Өңірде жоқ тың жоба ұсыну;
-Жаңа жұмыс орындарын ашу;
-Жобаны іске асыру үшін тиімді инфрақұрылымның болуы.

Берілетін қайтарымсыз қаржыны кәсіп иелері бизнеске қажетті құрылғы мен жабдықтар алуға немесе белгілі брендтердің технологиясы мен франшизасын сатып алуға жұмсауы тиіс.
Нұрбол Жаңабековтың айтуынша, 2022 жылы Атырау облысының кәсіпкерлеріне қайтарымсыз грант беру үшін 106 млн теңге бөлінген. Оның 27 млн теңгесі республикалық бюджеттен берілсе, қалған 79 млн теңгесі жергілікті қазынадан қарастырылған. Оның 20 % әлеуметтік жағдайы осал топтағы азаматтарға бөлінуде.  

Өткен жылы осы мемлекеттік бағдарлама аясында Атырау облысына 170 млн.теңге бөлінді. Қомақты қаржы 200 үміткердің арасынан суырылып шыққан 57 кәсіпкерге 2,5 млн теңгеден берілді. Қолдау тапқан жобалардың басым бөлігі білім, денсаулық және өндіріс саласына қатысты болып шықты.

  • – Айта кету керек, мемлекет  тарапынан берілетін грант халықтың әлеуметтік осал топтарын да қамтиды. Бұл санатта көпбалалы аналар, зейнеткерлер,  I және II топ мүгедектері де бар. Осы санаттағы тұлғалардың жобасында инновацияның болуы міндет емес. Ал, қайтарымсыз қаржы алатын өзге азаматтардың шотында  сұрастырылып отырған қаражаттың 10 пайызы көлемінде сома болуы тиіс болса, жеңілдік қарастырылған санаттағы кәсіпкерлерге бұндай талап қойылмайды,- дейді Нұрбол Жаңабеков. 

Басқарма басшысы өткен жылы 57 кәсіпкерге бөліп берілген қаржының 77 млн теңгесі– 24 жас кәсіпкерге, 51 млн теңгесін қалған 24 кәсіпкерге берілгенін мәлім етті. Ал өзге қаржы шағын бизнес өкілдеріне бөлінген.

Тиімді мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға әкімдік өкілдері жауапты. Олар азаматтарға құжат тапсыру барысы мен жоба қорғау бойынша жан-жақты ақпараттар мен кеңестер береді.
Азаматтардың ұсынған жобасын арнайы құрылған комиссия мүшелері зерделейді. Оның құрамында мемлекеттік емес ұйым өкілдері, білікті кәсіпкерлер, түрлі сала сарапшылары, БАҚ өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер бар. Жоба қолдау тапқаннан кейін грант алған кәсіпкер, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры және облыстық кәсіпкерлікті қолдау және туризмді дамыту басқармасымен үш жақты келісімшарт жасалады.

«Даму» кәсіпкерлікті қорғау қорының Атырау облысындағы филиалы грант алған азаматтың кәсібі 18 айдың ішінде іске асуын қадағалап, мониторинг жүргізеді. Мәселен, сатып алынған техника не құрылғының көзделген мақсатқа сәйкестігі, кәсіпкердің  жеке10 пайыз қаржысы жұмсалғандығы тексеріледі. Мониторинг қорытындысы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына жолданады.
Кәсіптің тасын өрге домалату барысында бизнес иелерінде бірнеше қиындықтар туындайды. Мәселен, өткен жылы қайтарымсыз грант алғандардың кейбірінің кәсібі елдегі пандемия салдарынан тұралап қалды. Бұндай жағдайда кәсіпкерлер мән-жайды айтып, Даму қорына хат жолдауы тиіс. Анықталған проблема жайлы арнайы комиссия отырысындағы қатысушыларды да хабардар етеді. Сол кезде бизнес өкілінің жобасын іске асыруға қажеттілігіне қарай қосымша тағы 6 ай беріледі.

Кәсіпкердің жұмысты тоқтатуға нақты себебі мен дәлелі болмаса комиссия өкілдері берілген мемлекеттік ақыны қайтарып алуға міндетті. Ондай кезде іс-құжаттар сотқа жолданады. Бағдарлама қолға алынған 2013 жылдан бері облыста ондай жағдайлар да тіркелген. Қазірдің өзінде жауапты мекеме сотқа 14 кәсіпкердің үстінен талап арыз берді.

2022 жылы жоғарыда мәліт етілгеніндей, Атырау облысының кәсіпкерлеріне қайтарымсыз грант беру үшін 106 млн теңге бөлінген. Әр кәсіпкер 5 млн теңгеге дейін қаржыға үміттене алады. Әкімдік өкілдері биыл өтініш берушілер саны үш есе өскенін айтады. Жыл басынан бері 597 өтініш тіркелген. Оның 392 -ісі мақұлданды. Қалған азаматтардың тапсырған құжаттары конкурс талаптарына сай еместігі анықталды.Нәтижесінде биылғы грантты 37 азамат ұтып алды. Қазір келісімшарт жасау мен қаржыны аудару процесі жүріп жатыр.

– Жыл сайын біздің өңірде қайтарымсыз грант алуға ауыл тұрғындары да белсенділік танытады. Өтініш білдіретіндердің басым бөлігі Индер мен Қызылқоға ауданының азаматтары. Атап өтсек, бағдарлама игілігін көргісі келетіндер қатарында іскер әйелдер саны көп, – дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз