
Сирек металдардың әлеуеті зор
Қазақстанның сирек және сирек жер металдары нарығындағы әлеуеті мен рөлі жаһандық жоғары технологиялық салалар тұрғысынан стратегиялық мәнге ие болып отыр. Қазір еліміздің минералдық-шикізаттық базасы – бұл жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастырудың басты тіректерінің бірі. 100-ден астам сирек элемент кен орындарының ашылуы және 19 маңызды элементтің өндірісі – бұл Қазақстанның осы салада айқын артықшылығы бар екенін көрсетеді.
Мұндай металдардың (бериллий, тантал, ниобий, рений және басқалары) электроника, қорғаныс, жасыл энергетика мен телекоммуникация секілді салалардағы орны орасан зор. Бұл Қазақстан үшін тек шикізат экспорттаушысы емес, сондай-ақ жоғары технологиялық өнім өндірушісі болуға мүмкіндік береді.
Үкіметтің «шикізаттың орнына инвестиция мен технологиялар» қағидатын ұстануы – елдің индустриялық-инновациялық дамуына бағытталған нақты қадам. Инвестиция тарту мен терең өңдеуді дамыту арқылы Қазақстан минералдық ресурстарды қосымша құнмен экспорттай алады. Бұл ішкі өндірістің дамуына, жұмыс орындарының көбеюіне және технологиялық трансферттерге жол ашады.
2040 жылға қарай стратегиялық материалдарға сұраныстың бірнеше есе артуы болжанып отырған тұста, Қазақстанның өз позициясын сенімді жеткізуші ретінде нығайтуы – дер кезінде қабылданған, алыс болашаққа бағытталған шешім. Дегенмен, бұл бағытта табысқа жету үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау, кадрлық әлеуетті дамыту және тұрақты экологиялық бақылау да негізгі басымдықтар қатарында болуы тиіс.
Жалпы алғанда, Қазақстанның сирек металлдарды өңдеу мен экспорттау саласындағы әлеуеті зор, және бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану – елдің экономикалық қауіпсіздігі мен технологиялық дербестігін қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі.
Тельман ШҮРИЕВ,
тәуелсіз сарапшы