Қазына қаражаты – қатаң бақылауда

whatsapp image 2021 10 21 at 11.03.40 Экономика

Қазына қаражатының мақсатты игерілуіне бақылау жасайтын мемлекеттік орган – Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы жанынан  консультативтік кеңес құрылған болатын. Жуырда аталған кеңестің  алғашқы отырысы өтті.

Түсімнің кешіктірілуіне не себеп?

Тексеру комиссиясының мүшесі Ләззат Аққажиеваның баяндауынша, 2017-2020 жылдары Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер, полиция департаменттерінде, Атырау қалалық жер қатынастары бөлімі, Жылыой, Мақат, Қызылқоға, Исатай, Құрманғазы аудандары бойынша мемлекеттік кірістер басқармалары, полиция және жер қатынастары бөлімдерінде аудит жүргізілген. Оның нәтижесінде, жалпы сомасы 225 млн. теңгені құрайтын қаржы заңдылығын бұзу дерегі анықталып отыр.

Қалалық және аудандық жер қатынастары бөлімдері арқылы сатып алынған жер телімдері құнының төленуіне қатысты, оған жауапты лауазымды тұлғалардың тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан және салық органдарымен өзара іс-қимылдың жоқтығынан 182 млн. теңге көлеміндегі жергілікті бюджет кірісі түспеген. Мұндай кемшіліктер Құрманғазы, Жылыой, Исатай, Қызылқоға аудандарында да орын алған. Одан бөлек, жер телімдерін жалға беруден және сатудан түсетін жергілікті бюджет түсімдеріне жүргізілген аудит қорытындысында алдыңғы екі жылда бес келісімшарт жасалған. Соның біреуі бойынша 121 млн. теңгенің «Қазпочта» мекемесінің кассалық бөлімшесі арқылы төленгені туралы жалған түбіртек берілген. Ал, нақтысында бюджетке 12 мың теңге ғана ақша түскен.

Тұтастай алғанда, барлық келісімшарт бойынша мемлекетке жалпы сомасы 152 млн. теңге залал келтірілгені белгілі болды. Бүгінде осындай олқылыққа жол берген 5 жеке тұлғаның үшеуінен 19 млн. теңге бюджетке өндіріліп алынған. Қалған екеуіне қатысты 133 млн. теңге қаражатты қазына есебіне қайтару мәселесі әзірге шешілмей отыр.

Бюджетке қайтарылмаған қаржы

Тексеру комиссиясының мүшесі Нұрбол Қонысов білім беру мекемелеріне бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы жайында баяндады. Жыл басынан бері бұл салада 21 нысан тексеріліп, 157 млн. теңгенің қаржылық заңдылықты бұзу дерегі анықталыпты. Пандемияға байланысты мораторий жарияланып, қызметтік көліктер мен кеңсе жиһаздарын сатып алуға, түрлі тақырыптағы форумдар, семинарлар мен конференциялар, т.б. шараларды  өткізуге үш жыл мерзімге шектеу қойылғанымен, бұл талаптың да тиісті деңгейде орындалмағандығы белгілі болды.

Тексерулердің нәтижесінде, сатып алынған тауарлар құнының нарықтағы бағалармен сәйкес келмейтіндігіне көз жетіп отыр. Мысалы, өткен жылы Жылыой аудандық білім бөлімі 130 мың дана бір реттік бетперденің әрқайсысын 60 теңгеден сатып алған. Оның жалпы сомасы 3,7 млн. теңгені құрайды. Осылайша, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілген. Сол сияқты, залалсыздандырғыш құралдың 1 бумасын 9000 теңгеден, қолғапты 100 теңгеден жоғары бағада сатып алып, 1,4 млн. теңге бюджет қаражаты артық шығындалған.

whatsapp image 2021 10 21 at 11.03.41

 Сатып алу шартын жасақтаған кезде қосымша құн салығы негізсіз енгізіліп, тауарды жеткізушілерге 1,3 млн. теңге бюджет қаржысы артық төленген. Қазірге дейін ол толықтай өндірілмепті. Нысандар бойынша рәсімделген 60-қа жуық сатып алу шартында қабылданған міндеттемелер уақытылы орындалмаған. Соған байланысты әкімшілік жазалау шарасы ретінде салынуға тиісті  тұрақсыздық айыппұлының сомасы 17 млн. теңгені құраған. Соның 15,4 млн. теңгесі осы уақытқа дейін бюджетке қайтарылмай отыр. Осындай кемшіліктер Мақат, Махамбет аудандарындағы бірқатар білім беру мекемелерінде  орын алған.

Облыстық білім беру басқармасында еңбекке ақы төлеу мәселесінде заңсыздықтарға жол берілгені мәлім болды. Атап  айтқанда, лауазымды тұлғалар  өздерінің жеке шоттарына штаттық кестеде көзделмеген, нақтысында мекемеде қызмет атқармайтын жеке тұлғалардың атымен 51,3 млн. теңге бюджет қаражатын негізсіз аударып алған. Бұдан өзге, іссапар шығындарын өтеуге қаралған 14,1 млн. теңгенің дәлелдеме құжаттарынсыз аударылғаны әшкереленді. Растайтын құжаттары болмаса да, өткізілмеген іс-шараларға 47,4 млн. теңге қаражат аударылған.

Заңсыздыққа жол берілмейді

Денсаулық сақтау саласындағы қаржылық заңдылықты бұзу деректеріне тоқталған тексеру комиссиясының мүшесі Аслан Құмаровтың түсіндіруінше, медицина мекемелерінде қаражаттың игерілуіне қатысты заңсыз жасалған әрекеттер жеткілікті.

Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстық басқармаға қарасты Атырау қаласындағы №3 қалалық емхананың басшылығы құрылыс-монтаж жұмыстарын екі жоба бойынша жүргізген. Оның біріншісінде күрделі жөндеуге қаралған сметаның құны 74 млн. теңге көлемінде бекітіліпті. Ал, келесісінде сол сома 79 млн. теңгеге көбейтіліп көрсетілген. Сөйтіп, мемлекеттік сатып алу шарты заңсыз жасалған.

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық қолғаптар сатып алуға «Қаламқас» жеке кәсіпкерлігімен 68 млн. теңгеге шарт жасасқан. Мұнда да тапсырыс беруші тарап жасалып қойған шартқа 30 пайыз аванс төлемін негізсіз енгізген. Оның қорытындысында, 20 млн. теңгедей бюджет қаражаты сұраныс берілген тауар келмей тұрып-ақ тапсырысты орындаушының шотына алдын-ала аударғаны анықталып отыр.

Медицина мекемелеріндегі қазына қаражатының игерілуіндегі заңсыздықтардың бұдан басқа бірнеше дерегі келтірілді. Қиындық келтіріп отырғаны, кемшіліктер анықталып, кінәлі адамдар жауапкершілікке шақырылғанымен, сол ақшаны орнына келтіріп, мемлекет меншігіне қайтару жағы баяулау болып тұр екен. Бюджет қаражаты мақсатты, мерзімді игерілуімен құнды екенін ескеруіміз керек.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген:  Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз