Жарнама
Экономика

ШЕБЕРЛІК ШЫҢДАЛАР ШАҚ

Міне, «КазТрансОйл» акционерлік қоғамының Батыс филиалы Атырау мұнай құбырлары басқармасының базасында ұйымдастырылған «Мамандығы бойынша үздіктер» байқауының түпкі мақсаты да осы еді. Сайысқа қатысушылар – өздерінің өндірістік құрылымдарында оза шауып, бас бәйгені иеленгендер. Алғашқы іріктеу жарыстарынан сүрінбей өтіп, финалдық бәсекеге жолдама алғандардың артында «сәт сапар» тілеп жүздеген жұмыстастары қалды.
Жалпы, дүбірлі доданың ашылу салтанатында «КазТрансОйл» АҚ-ы Бас директорының өндіріс жөніндегі бірінші орынбасары Сисенғали Өтеғалиев айтқанындай, мұндай басқосулар республиканың әр өңіріндегі мұнай тасымалдаушыларды өзара жақындастырып, достық байланыстарын бекіте түседі. Өйткені, олар – жарыс жолында бәсекелестер болғанымен, одан тыс жерде әріптестер. Сондықтан, осындай жүздесулер кезінде өзара тәжірибе алмасады, бірі білгенін екіншісіне үйретеді. Сөйтіп, ортақ табысқа сүбелі үлес қосады. Ал, Сисенғали Әжіғалиұлының айтуынша, Қазақстанда өндірілетін «қара алтынның» 57 пайызын ішкі нарық пен экспортқа тасымалдаушы отандық кәсіпорын өткен жылды жемісті қорытындылапты.
Сайысқа қатысушыларды «КазТрансОйл» АҚ-ы Батыс филиалының директоры Фердинат Мамонов та құттықтады. Бұл жолы жарысты ұйымдастырушы ретінде республиканың өзге өңірлерінен келгендерге меймандостық танытып, Исатай мен Махамбеттің, Құрманғазы мен Динаның туған жерінің тамаша тарихымен, мәдени мұраларымен, өнер ордаларымен танысуға шақырды.
Жалпы, осы салаға отыз жылдан астам ғұмырын арнаған Фердинат Мамоновтың айтуынша, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары өз мамандығының үздіктері осындай жарыстарда жиі жолығысатын. Кейін тоқсаныншы жылдары экономикалық байланыстар бұзылған шақта бұл шара да тоқтап қалды. Ол тек еліміз егемендік алған соң, «КазТрансОйл» АҚ-ы құрылғаннан кейін ғана қайтадан жанданды. Міне, содан бері 15 жыл өтті, дәстүрлі дода тұрақты ұйымдастырылып келеді. Соның нәтижесінде шеберліктерін шыңдаған отандық өндіріс мамандары қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, қоршаған ортаға еш зиян келтірмей жемісті жұмыс жасап келеді.
Біз кәсіпорын басшысынан жақында ғана құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың филиал қызметіне қаншалықты әсер етерін сұрағанбыз. Филиал директоры бұған дейін де талай іргелес елдердің территориясы арқылы алыс мемлекеттерге дейін тартылған мұнай құбырларында шекара жоқ екенін айтады. Демек, бүгінгі берік байланыстар ертең одан әрі бекемдене түспек. Оның үстіне, Атыраудағы жарыс қорытындысымен өзгелерден оза шапқандардан «КазТрансОйл» АҚ-ның құрама командасы жасақталып, Беларусь Республикасына сапар шекпекші. Биылғы тамыздың соңында осында Қазақстан, Ресей, Беларусь және Украина ірі мұнай тасымалдаушы компаниялары қызметкерлерінің қатысуымен үлкен жарыс өтпекші. Осы шараның ортасынан табылуға Әзірбайжан да тілек білдіріпті. Яғни, «қара алтын» тасымалдаушылардың халықаралық қарым-қатынастары одан әрі дамып келеді. Әрі «КазТрансОйл» АҚ-ның 15 жылдығына арналып Атырауда өткізілген спартакиадада Грузиядан да команда қатысқаны есімізде.
«КазТрансОйл» АҚ-ы Шығыс филиалының директоры Жеңісбек Лұқпанов атыраулық әріптестерінің қонақжайлық танытып жатқанына разылық білдірді. «Жарыста мықтылар жеңсін» дейді ол. Жалпы, қазыларға бұра тартып, әділетсіздікке баруға да болмайды. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, осы жарыста бас жүлде алғандар ел намысын қорғайды. Сонау 2003 жылдан бері мамандығы бойынша үздік шыққандар сайысы халықаралық деңгейге көтеріліп, Ресей, Украина және Беларусь елдеріндегі әріптестерімен сынасып жүрген қазақстандықтар жанкүйерлерін жерге қаратпауы тиіс.
Жалпы, «КазТрансОйл» АҚ-ы – «ҚазМұнайГаз Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны. Ол бес мың шақырымнан аса магистральды мұнай және 2000 км шамасында ауыз су құбырларын қамтып отыр. Ұжымда сегіз мыңнан астам адам еңбек етеді. Отандық «қара алтын» тасымалдаушылардың өндірістік нысандары Атыраудан өзге Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Ақтөбе, Оңтүстік, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында орналасқан.
Ал, Атырауда өткен үшінші ақтық бәсекеге қатысушылар сегіз мамандық бойынша сынға түсті. Олар алдымен теориялық даярлығын көрсету үшін партаға отырып, тест тапсырды. Содан соң арнайы әзірленген өндірістік алаңда мамандығы бойынша шеберліктерін көрсетті.
Біз бір сәтке «КазТрансОйл» АҚ-ның Батыс филиалында «мұнай айдау стансасы операторы» мамандығы бойынша өткен жарыста бірінші орынды жеңіп алған Асхат Ержановты сөзге тартқан едік.
— Кәсіпорында, — дейді ол, — біраз жылдан бері жұмыс жасап келе жатқандықтан толымды тәжірибе жинақтадым. Филиалдағы әріптестерім арасында жеңімпаз атанғаныма, әрине, қуаныштымын. Ендігі мақсат – ел намысын қорғайтын «КазТрансОйл» акционерлік қоғамының құрама командасы қатарынан табылу.
Осы жолы байқағанымыз – сайысқа бұған дейін қатысқандармен қатар жаңа жастардың да келуі. Демек, алдыңғы толқын ағалардың ізін басатын лайықты ізбасарлары өсіп келеді.
…Сонымен, екі күнге созылған сайыс та мәреге жетті. «КазТрансОйл» акционерлік қоғамы бойынша өз ісінің үздігі болып төмендегі мамандық иелері танылды. Олар: Елубай Жұмағали Ұлыбайұлы – тауарлы өнім операторы, Қуандықова Әлия Досқалиқызы – химиялық талдау лаборанты, Ержанов Асхат Мәлікұлы – технологиялық жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету слесары, Сернецкий Владимир Михайлович – электр монтері, Шабанов Александр Александрович – мұнай айдау стансасы операторы, Мұратов Бахтияр Еркінұлы – желілік тұрба төсеуші, Вербицкий Михаил Андреевич – темір пісіруші, Король Александр Богданович – бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика слесары.
Жарыстың жабылу салтанатында «КазТрансОйл» АҚ-ның Бас директоры Қайыргелді Қабылдин айтқанындай, Атыраудағы байқаудың жеңімпаздары биылғы тамызда Беларусь Республикасының Мозырь қаласында өтетін кәсіби шеберліктің халықаралық сайысында Қазақстан намысын қорғайды. Ал, жалпы ортақ пікір бойынша, Жайық жағасындағы шара үлкен ұйымшылдықпен өтті. Жеңімпаз атанғандар да, одан кейінгі орындарды иеленгендер де шыңдалған шеберліктерін көрсете білді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button