ШАРУАСЫ МЫҒЫМ ШАРУАГЕР КҮРМЕУЛІ МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІН ТАБАРЫНА СЕНЕДІ

Ауыл шаруашылығының ел экономикасында алар орны ерекше. Соның ішінде атакәсіп - мал шаруашылығының маңызы зор. Кеңес өкіметінің кезіндегі тоқырау жылдары бұл сала дамымай кенже қалды. Нәтижесінде мал басы қырылып, республикада оның саны күрт кеміді. Дейтұрғанмен, бұл кәсіпті атадан балаға жалғастырып, тынымсыз еңбек етіп жүргендер баршылық. Олардың бірі – Атырау қаласындағы Еркінқала селолық округіне қарасты Сарыөзек елді мекенінің тұрғыны, «Жұмабай» шаруа қожалығының жетекшісі Ибрагим Аймұханов. Біз ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында шаруагерге барып, құттықтап қайтқан едік.

Қожалық жетекшісі Ибрагим Аймұханов ата-анасы өмір бойы колхоз малын бағып, зейнетке шыққан соң қолда бар малды көбейтіп, әрі қарай осы шаруаны қолға алады. Әкесінің есімімен «Жұмабай» шаруа қожалығын құрып, алғашқы жылдары 18 бас түйе, 12 жылқы, бірнеше қой-ешкі ұстай бастайды. Жыл өткен сайын тасы өрге домалап, бес жылдың ішінде бүгінгі күні 32 түйе, 24 жылқы мен жүзге тарта қой өсіріп отыр. Малдың тіршілік көзі екенін білген олар бұл шаруаға отбасымен бірге кіріседі. Шаруашылықтың жұмысына жұбайы Әлия мен балалары бір кісідей атсалысуда. Осындай жүйелі істің нәтижесінде малдың саны да артып, кәсіптері дамуда.
Мал да өсіп келе жатқан бүлдіршін секілді күтімді қажет етеді. Оны уақытында суарып, жем-шөбін беру керек. Осы орайда қожалық иесі Ибрагим аға Сарыөзекте судың басты мәселе болып отырғанын айтып, мұның шаруаға кедергі екенін жеткізді.
– Мал жайылымы үшін 500 гектар жерімізге шөп тұқымдарын ектік. Кейін оны суару үшін судың жетіспеушілігі қолды байлады. Сондықтан, осы жылы Алғабас елді мекенінен шөп сатып алып, қысқы мал азығын дайындап қойдым. Судан мәселе болмаса, жерге тұқым егіп, малдың жем-шөбін дайындау әлдеқайда арзанға шығар еді, – дейді ол. Қожалық иесінің айтуынша, «ПРП-250», «МТЗ-80» тракторы да бар. Бұл техникалар жұмыстың біразын жеңілдетеді. Дегенмен, қолдың күшін қажет етпейді деген сөз емес. Аймұхановтар жанұясында Бауыржан, Ержан есімді ұлдары мал шаруашылығына бет бұрып, отбасылық кәсіпте өз пікірлерін ұдайы білдіріп отырады. Олар ауыл шаруашылығы саласын таңдап, арнайы осы салаға маманданған. Бауыржан есімді ұлы фермер мамандығын тәмамдаса, кіші ұлы Ержан ветеринарлықты игеруде. Жұбайы Әлия 32 жылдан бері сауыншы қызметін атқарып келеді. Қазіргі уақытта түйені де өзі сауып, шаруасын бір өзі тындырып отыр. Әсіресе, түйе төлдейтін уақытта бұл жұмыс қиынға соғады. Дегенмен, отанасы бұл жұмыстарға әбден машықтанып алған. Түйені мінсе-көлік, жесе-тағам, ішсе емдік сусын ретінде пайдаланып отыр. Олар жылына түйеден үш тонна шұбат өндіреді екен. Сөйтіп, кәсібінің нәсібін көріп отырған бұл қожалықтың бағы жанып тұр. Алайда, мұнда шешілмеген әлі де проблемалар баршылық.
Қырыққа тарта отбасы тұратын Сарыөзекте ауыз су жайы – бүгінгі күннің басты мәселесі. Атырау қаласынан он төрт шақырым жерде орналасқан елді мекенге су таситын машина сегіз мың теңгеге жалданады. Тұрғындар болса айына осындай екі машина суды қажет етеді. Бұл қаражатты үнемі қалтасы көтермейтін отбасылар өзек суын да ішуге мәжбүр болатын кездері бар екен. Сондай-ақ, жарық мәселесі де тұрғындарды қинайды. Ауыл тұрғындары жарықтың жоқтығынан электр тогын өндіретін генераторды пайдаланып келеді.
Табиғи газ да жүргізілмегендіктен тұрғындар әлі көмірдің күйесінен, ағаштың күлінен құтылған жоқ. Қалаға қатынайтын жолдың жайы айтпаса да түсінікті. Міне, «осындай проблемалар туындап тұрғанда ойдағы жоспарды іске асыруға мүмкіндік болмай тұр» деп налиды шаруа иесі.
– Қазіргі уақытта табиғи шұбатты қалаға апарып тек арзан бағамен саудагерлерге өткізудеміз. Ет өнімдерін де көтерме бағамен сатылымға шығарамыз. Ал, арнайы құралмен бие сауып, оның қымызын кәдеге жаратқымыз-ақ келеді. Бұл құралды пайдаланатын электр энергиясының жоқтығынан оған да қолымыз жетпей отыр. Табиғи өнім шұбат, қымыз өндіретін кәсіпорын ашып, тұрғындарды отандық өніммен қамтуға болады. Алайда, бұл жоспарларды іске асыруға елді мекеннің инфрақұрылымы сын көтермейді. Қожалық иесінің ұлы Бауыржан Аймұханов болашақта бұл проблемалар шешімін тапса, ойындағы көптеген жоспарын іске асыруға күш салатынын жеткізді.
Аймұхановтар отбасында болғанымызда жанұя мүшелерінің шаруаға өте мығым екенін байқадық. Болашақ мал дәрігері 21 жасар Ержан есімді ұлы малдың саулығы да басты назардан тыс қалмау керектігін жеткізіп, осы мамандықты арнайы таңдағанын айтады. Сөйтіп, отбасымен шаруаға шыныққан олар әлі күнге дейін мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып көрмепті. Өз күштерімен адал еңбектің арқасында кәсібін дөңгелентіп келеді. Көргені мен түйгені мол Ибрагим аға «болашақта мемлекеттік бағдарламалар негізінде көмек алып, жастар жағы кәсіпті одан әрі өркендете түсер» деп мал шаруашылығына машықтанған ұлдары Бауыржан мен Ержанға асқан сенімділікпен қарайтынын жеткізді. Сондай-ақ, адал еңбектің наны қашан да тәтті екенін баса айтып, бүгінгі екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарға атакәсіпті өркендетіп, ерінбей, қиындығына қарамай мал шаруашылығына бет бұру керектігін айтты.

«Мал баққанға бітеді» деген де сөз бар қазақта. Мал өнімінің құнары жоғары, қай заманда да сұранысқа ие екенін ұмытпағанымыз жөн. Олай болса, қол қусырып, қарап қалмай, еткен еңбегінің жемісін көріп, кезіккен қиындыққа тайсалмай, шаруасын дөңгелентіп отырған Ибрагим ағаларымыз сияқты шаруаларға және кәсібін енді бастамақ болып жүргендерге қолдау қашан да қажет-ақ. Аталған мәселе Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметке айтқан сын-ескертпелерінде де айтылды. Енді Елбасының тапсырмасын орындауда бұл проблемалар да көпке ұзамай шешіледі деп сенеміз.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз