ШАҒЫН НЕСИЕГЕ АШҚАН ШАҒЫН ЦЕХ
Сынаптай сырғыған «уақыт –емші» дегенмен, тағдырдың қилы-қилы соқпақтары жұмырбасты пендені шынықтыратыны рас екен. Бір кездері Ташкенттегі «Красная заря» фабрикасында тәп-тәуір жұмыс жасап жүрген Қарлығаш Тайлақованың денсаулығы нашарлап, қызметінен қол үзіп қалады. Отыз жыл бойы табан аудармастан еңбек еткен орнын қимағанмен, батпандап кірген аурудан қапелімде айыға қоймады. Отбасындағы түрлі жағдайлар да содан басталды. «Ол шақта бір күнде тоқсанға тарта бала пальтосын, екі ауысымда 150, 130 шақты үлкендердің сырт киімін тігетінбіз»,-деп есіне алды.
Содан не керек, 1998 жылы Атырауға, Көкарна елді мекеніне қоныс аударды. Өзінің жанын түсінген азамат екеуі балаларын тәрбиелеп, осы жерден үй де көтерді. Қуаныш пен қиыншылықтың қатар жүретіні бар емес пе? Бірде Қарлығаш Тайлақованың отбасындағылардың бәрі де жұмыссыз қалды. 2005 жылы тігін цехын қолға алмақ болып, жеке кәсіпкерлігін ашқанымен, қаржыландырудың жоқтығынан бұл ісі де тоқтады.
Бастапқыда жылыжай ашуды ойластырғанмен, жоспары жүзеге аспады. Байырғы кәсібіне қайта оралып, тігіншілікпен айналыспақ ниетте шағын несие сұрап, қалалық жұмыспен қамту бөліміне жол тартады. «Орталық басшысының: «өзіңнің жасың зейнетке жақындап қалды, бере алмаймыз» дегеніне қарамастан баламның атына алғым келгенін айтқам, әлгі басшы «несиені өтей алмасаң, балаңның соры ғой» деп тағы қайтарды. Сөйтіп, екі жыл бойы сандалдым да жүрдім»,-деген Қарлығаш апаның несие алуға үміті үзілгенмен, кейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» туралы естиді.
Осы уақытта жанұясында немересі дүниеге келеді. 1 желтоқсан күні өмірге келгенін жақсылыққа балап, оның есіміне Елбасының анасының атын таңдап, Әлжан деп қояды. Соңғы сеніммен қордың басшысына кіріп, басындағы қиын жағдайды баяндаған ол өз ісін сүйіспеншілікпен атқаратынын байқатады. «Қайта сүйікті кәсібіме оралуыма Әлжаным себепші болды. Осы қорға келіп, өзімді қоғамның мүшесі екенімді сезіндім. Жылы жүзді басшысы кәсібімді бастауға мүмкіндік беретінін айтып қуантты. Сол кезде төбем көкке жеткендей болды. Әлгі Әлжаным маған екінші өмір сыйлады десем, артық айтқандығым болмас»,-деп жайдарлана түсті әңгімелесушіміз.
Қаражаты қолына тиген соң, саулығына қарамастан кейіпкеріміз кәсібіне білек сыбана кірісті. «Шик» ательесімен ақылдаса отырып, соңғы үлгідегі заманауи тігін машиналарын сатып алды. Әрқайсысы жүздеген мың теңге тұратын құралдар байқаусызда біреудің қолында кетпесін деп терезесі мен есігіне темір тор қақты. Бөлменің төріне осындай мүмкіндікке қол жеткізген Ел Президентінің портретін ілді. Бір жағына Қазақстан Республикасының Туын орнатты. «Мен таңмен осы бөлменің есігін ашқан соң Ұлт Көшбасшысына сәлем беріп, бас иемін. Түрлі ұлт өкілдерінің бір мемлекетте тыныш өмір сүруіне жағдай жасады. Біз секілді әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға өз алдына бөлек ісімізді бастауға жеңілдікпен қаражат беруді тапсырды. Біле-білгенге бұл – үлкен қамқорлық»,-дейді әңгіме барысында Қарлығаш апай.
Жайлы, әрі жарық бөлмеге ыңғайлы етіп құрал-саймандарын қойды. Бір қызығы, тігіндегі соңғы техникаларды білмек мақсатта арнайы курстарға қатысқанмен, үйретуге келген мамандардың өзі Қ.Тайлақованың біліктілігін байқап, сабақ беруден бас тартыпты. Қазірде қарамағында көмекшісі мен үйренушісі бар. Күні кеше ашылса да үшеуі бірнеше ұлттық костюм мен көйлектерді тігіп үлгеріпті. Бүлдіршіндерге арнап әртүрлі ертегі кейіпкерінің киімдерін тігіпті. Арнайы тігін машинасымен кестелеудің түрлі әдісін меңгерген.
Ал, Қарлығаш апаның ісіне сүйіспеншілікпен, әрі сағынышпен кіріскені соншалық, үш күн бойы ұйықтамастан 10 көйлек тігіп үлгеріпті. «Алдымда жұмыс тұрса, ұйқым келмейді»,-дей бергенде, «бірінші байлықты» да естен шығармауға кеңес берген едік. Әңгімелесушіміз басқасынан бұрын денсаулықтың қадірін бір кісідей білетінін, салауатты өмір салтын ұстанып, уақтылы, әрі сапалы тамақтанатынын айтты.
Бизнес-жоспары болмаса да, цехының бұрышына дейін ойластырып, орнықтырған кейіпкеріміз бірден жұмысын ұлттық костюмдерден бастау себебін оны тігу техникасының қиындығымен байланыстырды. «Бірден оңайдан бастаған тігіншінің өнімі әнебір сапалы болмайды. Ал, оюларды әдемілеу, жалпы тігумен айналысу үшін ең алдымен рухани дүниеге бай болуы керек. Содан кейін өз ісін сүйіп атқару қажет»,- деген мағыналы сөздерінен соң біз де ойланып қалдық. Бәлкім, шынайы еңбек жемісінің тәтті болатыны да содан шығар…
Айбөпе САБЫРОВА.