ШҰБАТ – ДЕРТКЕ ДАУА, ЖАНҒА ШИПА

Шұбат  қазір  шетелдіктердің де көңілінен шығып жүр. Шұбат өндірісін Атырауда жеке кәсіпкерлер Ақеділ Шалқаров пен Гүлшара Сабырова қолға алған болатын. Осыдан екі жыл бұрын құрылған «Алға» мал  шаруашылығы кешені Индер ауданының Көктоғай ауылына  жақын  орналасқан.

 Басы – қатты, аяғы – тәтті…

Қазір шаруашылықта жұмыс қайнап жатыр. Өйтпегенде ше? Бір литрлік шишаға құйылған шұбат, қымыз, айран және «Таң» сусындары Атырауда да, Астанада да үлкен сұранысқа ие. Шағын маркет пен жәрмеңке сөрелерін жаулаған бұл сусынды  жұрт таласып алуда. Көктоғай ауылына барсаңыз, құлындарын ерткен биелер мен боталарын өбектеген аруаналар жайғасқан жып-жинақы малжайларға көзіңіз түседі. Одан әрі сүт өнімдерін өңдейтін өндіріс цехтары орналасқан. Шын мәнінде, бұл – жасаған еңбек, төккен тердің өтеуі. Олай деуіміздің де жөні бар. Осынау үлкен шаруашылық әуелде қалай басталып еді? Бұл сауалға кәсіпкер Ақеділ Ихсанұлының өз жауабы бар.

– Әрине, о баста өте қиын болғаны рас. Ол кезде басымызды қатерге тіккендей күй кештік. Себебі, ірі кешен жұмысын ұршықша иіріп отыру кез келгеннің қолынан келмейтіні белгілі ғой. Ал, бүгін бәрі басқаша. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, бір кездері қиындығынан қашқан шаруаның енді қызығына кенеліп отырмыз, – дейді ол.

Отбасылық кәсіп иелерінің қалап алған мамандықтары қандай еді? Гүлшара Химеденқызы – инженер-геолог, ал Ақеділ – механик. Өздерінің айтуларынша, кәсіптерін ашпас бұрын екеуі де көп жыл өндірісте еңбек еткен. Бірақ, бір күні «өз ісімізді ашатын уақыт жетті» деген ойға келеді.

– Біз өзіміз де қала тұрғындарымыз ғой, алғашқы жылдары малды бағып-қағудың мән-жайын жете түсіне бермедік. Ойсылқара төлдеген шақта қатты қиналғаным әлі есімде, – дейді Гүлшара бізбен әңгімесінде. – Түйе малы төлін он екі ай бойы көтеріп, екі жылда бір туатынын білмеген едім. Аруананың ақырған дауысы ауыл-аймаққа естіліп жатты. Осының бәрін көзбен көргеніңде, жануарды аяп та кетеді екенсің. Сөйтіп, көптен күткен алғашқы ботақан да туылды. Енді оны күтіп, баптау керек. Олар табиғатынан өте нәзік және әлжуаз келеді. Қыстың қытымыр аязында қалтырап шыға келеді. Дереу жылы жабындылармен қымтап тастадық. Ал, дұрысында, анасы төлін өзі иіскеп, қызуымен жылытуы қажет екен. Сөйтіп, жабындыларға оранған ботаны емізуден енесі бас тартты. Себебін кейін түсіндім ғой. Жазда мал жайлауда жайылса, қыста қораларда қыстайды. Ондағы жем бәріне де жетеді. 

«Алғаның» арманы – алдан көріну

Ал, қазір ше? Олар еңбек демалысын айтпағанның өзінде, қай күні тынығатындарын да дөп басып айта алмайды. Оны қойшы, тіпті ауырса, емделуге де уақыт жоқ. Себебі, келісім-шарттар әлдеқашан жасақталып, несиелер ресімделіп қойылған. Оларды уақытында төлеу керек. Тұтынушылар да шипалы судың келуін тағатсыздана күтіп отыр емес пе? Тұтынушылар дегеннен шығады, шұбат пен қымыздың 500 литрі әр аптада  сұранысқа сәйкес жөнелтілуде. Атап айтар болсақ, облыстық туберкулезге қарсы аурухана, Индер мен Өрліктегі балабақшалар, супермаркеттер сүт өнімдеріне тапсырыс беріп тұрады. Индер ауданында кәсіпкерлер аз емес. Алайда, осындай көлемді жұмыстармен ешқайсысы мақтана алмайды. Шұбат өндірушілер мұндай табысқа мемлекеттік бағдарламалар арқылы қол жеткізіп отырғандарын айтады.

Өткенге сәл шегініс жасасақ, бұл жерде 2013 жылы картоп өсіру де қолға алынған екен. Алғашқыда он гектарлық егістік аумағы кейін 31 гектарға құлаш жайыпты. Ал, қазір 50 гектарды қамтып отыр. Бұл бастамаға «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы  ерекше қолдау  танытып, тұқым мен суға кететін шығынға субсидия бөліп келеді. Халық арасында «екінші нан» атанып кеткен көкөніс өткен жылы, келісім-шартта көрсетілгендей, сақтау қоймаларына жіберілді. Қалған бөлігі бір келісі 40 теңгеден жергілікті тұрғындарға сатылды.

 

Халық қолдайды, мемлекет қорғайды

Біле білсеңіз, қышқыл сүт өнімін өндіретін шаруа қожалықтары қазір саусақпен санарлық. Ақеділ Ихсанұлының айтуына қарағанда, «Алға» мал шаруашылығы кешені «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе құрылған. Оның 49 пайызы корпорацияға, ал 51 пайызы кешен иелеріне тиесілі.

– Аталмыш корпорация бізге 2014 жылы небәрі алты пайыз жылдық үстемемен он жылға несие берді. Оның үстіне, бірінші жылы мерзімді ұзартуға  келісім алдық. Содан кейін ай сайынғы төлем кестесі құрылды. Ал, естеріңізде болса, бұрын несие 24-25 пайызбен беріліп келген еді ғой, – дейді кәсіпкер.

Ал, мемлекеттік бағдарламалардың артықшылығы неде? Алдымен, Үкімет тарапынан қаржылай көмек кешіктірілмей көрсетіледі. Айталық, Маңғыстау облысындағы фермадан 33  түйе сатып алынды. Бұл нарлар  кәдімгі айыр өркештілермен салыстырғанда сүтті келеді және оның дәмі де ерекше.

Ақеділ биыл суға жұмсалған 40 мың теңге шығынның мемлекеттік қолдау аясында өтелгенін айтады. Сондай-ақ, орталық желіден қожалыққа дейінгі 13 шақырым жерге газ құбыры жүргізілген. Қоралардың іші енді көгілдір отынмен жылытылмақ.  

Жастар – жұмысқа құлықсыз

«Енді шаруашылыққа не жетіспейді?» деп сұрадық біз кәсіпкерлерден.

– Жас мамандар жетіспейді. Ал, жұмыс жасаймын дегендерге мұнда барлық жағдай бар. Фермада автокөлік жеткілікті. Жылқы мен түйені малшылар баяғыдай ат үстінде емес, мотоциклмен бағады. Жұмысшылардың көбісі – көрші Көктоғай селосынан келгендер. Оларды көлікпен жеткіземіз. Жақында қуатты трактор мен автокөлік сатып алынды. Түскі ас тегін беріледі. Қожалықта тұрақты қызметке барлығы 15 адам тартылды, қалғаны науқандық жұмыста жүр, – дейді қожалық иелері.

Бүгінде ауыл жастары жұмысқа құлықсыз. Жалақысы төмен қызметтен гөрі, мүлдем бос жүргенді құп көреді. Қазір ауыл-аймақта екі қолға бір күрек табылмайды. «Біз жұмыс берушілер есебінде жергілікті еңбек биржасына хабарласамыз. Бірақ, ондағылар егіншілікпен және алқапты арамшөптен тазарту жұмыстарымен айналысатын адамдарды ғана жібереді», – дейді ауыл кәсіпкерлері.

Сонымен қатар, бұл аймақ таза ауыз суға зәру. Ауыл тұрғындары мердігер мекемелердің су құбырын жүргізбек болғанын айтады. Алайда, бұл мәселе де жабулы қазан күйінде қалыпты. Мал үшін өзектің суы да жарап қалар. Ал, ас дайындауға ауыз су ауыл дүкендерінен сатып әкелінеді. Бүгінде кәсіпкерлер тағы бір жаңа өнім өндіруге бел буған. Бірақ, бұған  дәл осы ауыз су тапшылығы қолбайлау болуда.

   

  Түйін

  Әдетте, кез келген табыстың өзіндік бір құпиясы болады емес пе, біз соны қожалық тізгінін ұстаған Ақеділден сұрап көрдік. Ол былайша жауап берді:

– Мемлекет кәсіпкерлерге едәуір қолдау білдіріп отыр. Облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов Атырауға алғаш әкім болып келген кезінде ең алдымен кәсіпкерлердің басын қосып, мұң-мұқтаждарын тыңдап еді. Содан бері, міне, қолдан келген көмекті аямай келеді. Бұдан артық не керек? Есесіне, Атырауда төрт түлікпен қатар, егін шаруашылығы өнімдерінің де өсімі байқала бастады.

Әсіресе, Елордада өткен ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесіне «Алға» мал шаруашылығы кешені де абыроймен қатысып қайтты. Астаналықтар арасында біздің шұбатымыз да, етіміз де «Бірінші мамыр» және «Атырауагроөнімдері» секілді үздік тауар өндірушілермен тең дәрежеде саудаланды. Өзіміздің Атырауда көп өте бермейтін түйе еті Астанада бір-ақ күнде сатылып кетті дегенге сенесіз бе? Осылайша, біз барлық жәрмеңкелер мен көрмелерден қалмай, белсенді түрде қатысып отырамыз.

Міне, осындай жетістіктері үшін 2015 жылы дәстүрлі «Жыл кәсіпкері» байқауында «Ауыл шаруашылығы бизнесі» аталымы бойынша Индер ауданындағы «Алға-1» шаруа қожалығының жетекшісі Ақеділ Шалқаров үздік деп танылды. Ендеше, біз де өз ісінің үздігіне жаңа жылда толағай табыстар мен биік белестер тілейміз!

Амандық  САҒЫНТАЙҰЛЫ.

 

Мал бағу – жан бағу емес, бұл – атакәсіп

 

Гүлнар  ӨТЕУОВА, сауыншы:

– Қожалықта былтырдан бері жұмыс жасаймын. Көктоғай селосында тұрамын. Арнайы мамандығым жоқ, осыған дейін жергілікті дүкенде сатушы болып еңбек еттім. Жұбайым қайтыс болғалы төрт баланы өзім тәрбиелеп келемін. Мұнда бие сауамын, қосымша ас дайындау, тазалық жұмыстарымен де айналысамын.

 

Амангелді  БИСЕНБАЕВ, көлік  жүргізушісі:

– Жұмысшыларды көлікпен тасымалдаймын, әрі мал бағамын. Бір жеңілдігі, Қамбар ата тұқымы кісі көмегінсіз азығын өзі тауып жейді, сақылдаған сары аязда да өрісте төлдейді. Тек басқа аумаққа кетіп қалмауын ғана бақылау керек. Сол сияқты, түйелер де маусыммен жайылады. Оларды сауу үшін фермаға айдап әкелеміз. Әке-шешем де мал бағады. Қожалықта жүріп пластикалық бөтелке жасайтын құрылғымен жұмыс жасап та үйрендім.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз