Аймақ басшысы Серік Шәпкенов құрғақ құрылыс қоспаларын, гипсокартон және ойық плиталар шығаратын «ВОЛМА» ЖШҚ бас директоры Владимир Овчинцевпен кездесті.
Өз кезегінде компания өкілдері Атыраумен арадағы серіктестіктің оң нәтиже беріп келе жатқанын айтып, әріптестікті одан әрі нығайту мақсатында бірлескен жобалардың қатарын арттыруды ұсынды.
Бүгінде Атырау облысында осы компанияның гипс және құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыты «Индергипс» ЖШС жұмыс істейді. Ол жылына 120 мың тонна дайын өнім шығарады. Оның ішінде сылақ, шпаклевка және өзге де құрылысқа қажетті композиция бар. «ИндерГипс» ЖШС өндіретін гипс ұнтақтаудың жоғары дәрежесіне және қоспаның беріктігіне ие. Түсінің ақтығымен, икемділігімен ерекшеленеді. Іndermix маркалы өнімдер ішкі нарыққа да, экспортқа да жеткізіледі.
Өз кезегінде Серік Шәпкенов өңірде инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік көп екенін айта отырып, аймақтың өндірістік әлеуетін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған әр жобаны қолдауға дайын екенін айтты.
«ВОЛМА» – федералды өндірістік компания, құрғақ құрылыс қоспалары, гипсокартон және ойық плиталар шығаратын №1 ресейлік бренд. Құрылыс-әрлеу материалдары нарығында 1999 жылдан бастап дамып келеді. Негізгі қызметі: өз кен орындарында табиғи гипс тасын өндіру және гипс, сондай-ақ цемент негізінде құрылыс-әрлеу материалдарын өндіру.