САУСАҚ БІРІКПЕЙ, ИНЕ ІЛІКПЕЙДІ
Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» және «Ауыл шаруашылығы кооперативтері мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдар күшіне енбек. Бұл заңдармен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мәртебелері коммерциялық еместен коммерциялыққа өту және ауыл шаруашылығы кооперативінде табысты бөлу, жыл сайынғы ішкі аудитті өткізу үшін ревизиялық бірлестіктерге кіру мүмкіндігі, демократиялық принциптерін сақтау, өз мүшелеріне тауарды өзіндік құн есебімен сату принципі, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне арнайы салық режімін қолдану, кооперативтердің ішкі аудит құнын 50 пайызға дейін субсидиялау мүмкіндіктері қарастырылған.
Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков БАҚ өкілдеріне жоғарыда аталған заңдар туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Тауар өндірушіге тиімді тәсіл
«Өздеріңізге белгілі Елбасы «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» жаңа Заңға қол қойды. Бұған дейін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолбайлау болып отырған бірқатар мәселелер енді заң жүзінде шешілетін болады. Қазіргідей бәсекелестік ұлғайып отырған жағдайда осы саланың тауар өндірушілерінің бірігуі экономикалық жағынан өте маңызды. Өйткені, тек қана кооперация арқылы тауар өндірушілер өздерінің өндірістік, тұтынушылық қажеттілігін шешу арқылы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өндірген өнімінің өзіндік құнын төмендету мүмкіндігіне ие болады. Сондықтан, бұл бағытқа Үкімет тарапынан үлкен көңіл бөлінуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі жуық арада Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге осы Заң шеңберінде жұмыс жасау туралы өзара іс-шаралар жоспарына қол қойды. Осы жоспар бойынша біз әр өңірде осындай ақпараттық түсіндіру, тәжірибелік деңгейде ашылған кооперацияның пилоттық жобаларын іске асырамыз деп келістік.
«Кооперация – фермерлер үшін ең тиімді тәсіл,- деді еліміздің бас аграры. — Әсіресе, кішігірім жер үлестері бар фермерлерге бұл құрылым өте қолайлы. Өйткені, қазір ұсақ тауар өндірушілер қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын сатып та, оны өтей де алмайды. Себебі, жұмыс істеу мерзімі қысқа. Олар осы уақытқа дейін несие де, лизинг те алуға қауқарсыз болды. Ал, қазіргідей тауар өндірушілер өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі алғы кезекке шыққан уақытта маңызы жоғары. Енді шаруагерлер бірігіп кепілзат ұсынбай несие қаражаттарын алады. Қаражатты қайтару кепілдігі кооператив мүшелерінің бір-бірінің алдындағы жауапкершілігінде болады» — деді ол.
Ынталандыру – табысқа бастайды
Бұдан әрі сала министрі журналистерді толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді. Ол кеңес заманындағы колхоз бен бүгінгі нарық кезеңіндегі кооперативтердің айырмашылықтарын сөз ете келіп, ұсақ тауар өндірушілердің экономикалық бірігуінің тиімділігіне тоқталды. Кеңестік дәуірде әр ауданда болған дайындау конторлары халықтан мал өнімдерін қабылдап алып, өңдеп сатқандығын, бұл құрылымның әлі де өз маңызын жоймағандығын еске салды.
«Бүгінгі күні кооперативке кірген шаруашылықтарға бірқатар артықшылықтар беріледі. Оның ең бастысы – көктемгі егіс жұмыстарын кепілдіксіз қаржыландыруға қолжетімділік және тұқымды, тыңайтқыштарды, қосалқы бөлшектерді, жанармайды көтермелеп сатып алудың есебінен ең арзан бағамен алу мүмкіндігі. Бұдан басқа, бірлестіктің корпоративтік машина-трактор стансалары, астық қоймалары секілді қызметтерге қолжетімділігі де арта түседі» деді А.Мамытбеков.
Көкейдегі сұраққа – тұшымды жауап
Министр журналистердің биылғы астық жинау нәтижесі, нан бағасы және Ресей мен Түркия арасындағы өзара туындаған қиындықтарға байланысты қазақстандық фермерлердің тауарларын Ресей нарығына ұсыну мүмкіндіктеріне қатысты сұрақтарына да жауап берді.
— Биыл еліміз бойынша 19,9 млн. тонна астық жиналып, қамбаға құйылды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3 млн. тоннаға артық. Нан бағасының өсуі нарықтың талабына байланысты. Елдегі әлеуметтік әлсіз топтар санатына жататындар үшін атаулы көмек беру арқылы әлеуметтік нанмен қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Біріншіден, мемлекеттен субсидия беріп, фермерлердің бәрін қолдап отыруға қыруар қаражат керек екенін де ескергеніміз жөн. Екіншіден, ауыл шаруашылығы өндірісі, тауар өндірушілер субсидияға тәуелді болмауы керек. Тәуелді болса өндіріс жабылып, бір мезетте тоқтап қалады. Сондықтан, ешбір субсидиясыз бәсекеге қабілетті өнім өндіру – басты міндет. Ал, мемлекет тарапынан берілетін субсидия тек бәсекеге қабілетті өнім өндіру үшін қажетті технологияға, мал тұқымын асылдандыруға, мамандарды оқытуға, малдәрігерлік және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Біз осындай ұстаныммен фермерлерді субсидиялау саясатын ұстанып отырмыз, — деп сөзін қорытты А.Мамытбеков.
Брифингте аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау облыстық филиалының директоры Асылбек Жәкиев те журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.
Бақытжан ЖҰМАТ.
Суреттерді түсірген:
Ерлан Алтыбаев.