СҮТ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Десек те, аудан әкімдігінің қолдауымен құрылған «Ганюшкин егін өнімдері» ЖШС бір орыннан қозғалмай қалған түйткілді істерді қолға алып, қиын жұмысқа қозғау салды.
— Ресейдегі Рязань қаласынан шағын сүт зауытының қондырғыларын сатып әкеліп жайғастырдық. Алматыдан мамандар шақыртып, өткен желтоқсанда тексеріп қарау мақсатымен іске қостырдық. Мамандарымызды оқытып алдық. Ендігі мәселе сүтке (шикізатқа) қарап тұр. Сүт, қаймақ, сүзбе, айран шығарып, оларды арнаулы пакеттерге құйып дайындауға мамандарымыз әзір отыр. Қомақты өнім шығаруымыз үшін, қайталап айтайын, шикізат қана қажет. 1 литр сиыр сүтін 100 теңгемен қолма-қол ақшаға аламыз. Сүт тапсырған кісі уақытын кетіріп, анда-мында жүрмейді. Сүт қабылдаған кісі тапсырушыға сол бойда тиісті еңбекақысын ұсынады. Сүт, әрине, майлылығы жеткілікті, су қосылмаған болуы шарт, — дейді серіктестік төрағасы Сағынжан Рахимов.
Жаңадан ашылған шағын сүт зауыты санитарлық тазалығы, басқа да талаптары қатаң сақталған, заманауи технологияның жетістіктерімен жабдықталған, қымбат қондырғылары бар өндіріс орны көлемі кең ғимаратта жайғасқан. Ақ жейде киген мамандар-технигі, қабылдаушысы, технологі, зертханашысы, құтылаушысы бар – баршасы –өз қызметінің шеберлері. Дайын өнімдерді сақтайтын қуатты салқындатқышы бар бөлме де жасақталып, жарақтандырылған. Құтылағыш қондырғыдан 250,300 грамдық сүт, айран пакеттерге толтырылып, әп-сәтте-ақ әзірленеді. Сүзбе мен қаймақ құйылатын арнаулы қауырсын ыдыстар да тапсырыспен әзірленіп қойылған. Болашақта йогурт пен балмұздақ дайындап шығару да ойластырылған. Ауысымына (8 сағат) 1000 литрге дейін сүт қабылданып, тиісті өнім алынады. Дайындалған өнімдер аудандағы көтерме сауда орындарындағы бағадан төмен бәске өз кәсіпкерлерімізге өткізілмек. Сауда нүктелерімен қатар аурухана, балабақша, жатақхана сұраныстарын да өтеу жоспарланып отыр. Осындай табыстың бәрі Кеден Одағының, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық интеграцияның жемісі.
Мадат ХАМЗАҰЛЫ,
Құрманғазы ауданы.