«РАХАТТЫҢ» ТАБЫСТАН ТАПҚАН РАХАТЫ
«Халықтық ІРО» бағдарламасының арнайы сайтында хабарланғандай, өткен жылдың қаңтарында кондитерлік фабриканың құнды қағаздары шамамен 2 000 теңгеге бағаланған. Алайда, наурызда «Рахатты» шетелдік инвестор сатып алады» деген қауесет тарап, котировкалар бірден 5 000 теңгеден асып түскен. Жалпы жиынтығында акциялардың 76%-на иелік ететін «Рахаттың» ірі акционерлері қарашаның соңында акциялар пакетін оңтүстіккореялық «LOTTE Confectioner» компаниясына сату туралы мәміленің аяқталғанын жариялады. Жыл соңында оның бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасында (KASE) 6 000 теңге шегінде сатылды. Қысқа мерзімде әрбір акциядан жоқ дегенде 690 теңге табыс табу мүмкіншілігін бірқатар жеке инвесторлар, соның ішінде «Фридом Финанс» инвестициялық компаниясының клиенттері де пайдаланып қалды. Өткен жылдың 23 желтоқсанынан бастап «Рахаттың» акциялары бір деңгейде – 6 690 теңге мөлшерінде тұр. «Рахат» АҚ акциялары осыған дейін KASE листингінің ең төменгі, үшінші санатында болды.