Жарнама
ЭкономикаСарапTime

Құрыш қолдың ТАҢБАСЫ

МЕМЛЕКЕТТІҢ ІЛГЕРІЛЕП, ӨСІП-ӨРКЕНДЕУІНІҢ, ХАЛҚЫНЫҢ ТҰРМЫС ДЕҢГЕЙІНІҢ КӨТЕРІЛУІНІҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШТЕРІНІҢ БІРІ – ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ. МҰНЫ ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ӨЗІ ДЕ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ ДӘСТҮРЛІ ЖОЛДАУЫНДА АЙТЫП ЖҮР. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ОБЛЫСТА ЭКОНОМИКАНЫҢ БАСҚА САЛАЛАРЫМЕН ҚАТАР ҚҰРЫЛЫС ТА ҚАРҚЫН АЛЫП, ҚАРЫШТАП ДАМЫП КЕЛЕДІ. ТЕК БИЫЛҒЫ АЛТЫ АЙДА ОБЛЫСТА АТҚАРЫЛҒАН ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ АУҚЫМЫ 460 МЛРД. ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚТАП, АЙТАРЛЫҚТАЙ АРТТЫ. НЕГІЗГІ КАПИТАЛҒА САЛЫНҒАН ҚАРАЖАТ КӨЛЕМІ, ӘСІРЕСЕ ЖЕКЕ ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ ҮЛЕС САЛМАҒЫ ЕДӘУІР ӨСТІ.

Тамыз айының екінші жексенбісінде ат ап өтілетін кəсіби мереке – Құрылысшылар күні қарсаңында осы салада атқарылып жатқан жұмыстарды сараптап көрген болатынбыз. Мұнда тұрғын үй құрылысының алар орны айрықша. Өйткені, ол халықтың əл-ауқатының жақсарып, əлеуетінің артқандығын айғақтайтын көрсеткіш. Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, жыл басынан бері облыста жалпы ауданы 377 мың шаршы метрге жуық тұрғын алаң пайдалануға берілді. Мұнда жеке тұрғын үй құрылысының үлесі басым.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА БАСЫМДЫҚ

Биыл білім беру саласында 2284 орындық төрт мектептің құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, Мұқыр ауылында (Қызылқоға ауданы) 424, Құлсары қаласында (Жылыой ауданы) 580, «Береке» шағынауданында 1200 орындық білім ұялары жаңадан салынып, Индербор кентіндегі «Көктем» орта мектебінің 80 орындық жапсаржайы пайдалануға берілді. Одан бөлек, қазір Жылыой, Индер, Махамбет, Исатай аудандарында жəне қалада 3070 оқушыны қамтитын 7 мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Мұның сыртында республикалық бюджет есебінен Атырау қаласында 600 орынға есептелген 4 мектеп пен Индер ауданында 300 орындық мектеп-интернат ғимараттарының құрылысы басталды. Денсаулық сақтау саласында жыл басынан бері үш нысанның құрылысы аяқталды. Бұлардың қатарында Құрманғазы ауданының Асан ауылынан бой көтерген, 25 келушіге арналған медициналық пункт, облыстық перинаталды орталықтың жанынан ашылған кір жуу орны жəне Құлсарыдағы 200 төсектік инфекциялық аурухананы айтуға болады. Сондай-ақ, облыс орталығындағы «Береке» шағынауданында дəрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып кетті. Спорт саласы бойынша былтыр облыста үш нысан (Махамбет, Жанбай ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру жəне Мақат кентінде көпбейінді спорт кешендері) пайдалануға берілген еді. Осы үрдіс биыл да жалғасып, бүгіндері облыс бойынша барлығы 10 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жыл өткен сайын облыста рухани саланың əлеуетін арттырып, материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударылуда. Тек биылдың өзінде Құрманғазы мен Махамбет аудандарының үш ауылында типтік жобадағы мəдениет үйлері салынып жатыр. Сарайшық ауылындағы «Сапар орталығының» құрылысы да қарқынды жүруде.

ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУДЫҢ ҚАЙТАРЫМЫ

Ерекше атап өтер жайт, соңғы кезде облыста мұнай-газ компанияларының демеушілігімен салынатын нысандардың саны көбейді. Былтыр «Каспий құбыр консорциумы-Қ» акционерлік қоғамының қаражатына Атырау қаласында салынған 25 орындық жасөспірімдер үйі мен отбасылық үлгідегі балалар ауылының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгені белгілі. Ал, биыл NCOC компаниясының «Əлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар» бағдарламасы аясында Құлсары қаласында үш қабатты 60 пəтерлік үй құрылысы басталса, Аққыстау, Миялы, Махамбет, Құрманғазы ауданының Кадырка ауылдарында жəне Доссор кентінде де осындай нысандар салу жоспарланған.

– Кейінгі кезде облыста тұрғын үй, əлеуметтік нысандар салумен шектелмей, өндірістік, өзге де сəулетті ғимараттар құрылысымен айналысатын, бұл салада тəжірибесі мол, айрықша қолтаңбасы бар компаниялардың да қатары өсіп келеді. Əсіресе, «БатысАльянсСтрой», Атырауремстроймонтаж» секілді кəсіби шеберлігі жоғары ұжымдарды атап өткен жөн. Қазына қаржысына салынатын əлеуметтік жəне инфрақұрылымдық нысандардың дені – осы компаниялардың еншісінде. Уақыт талабына сай заманауи үлгідегі технологиямен жұмыс жасайтын, техникалық жағынан толық жарақтандырылған, білікті мамандармен қамтылған мұндай компаниялар жұмысының қашан да сапалы, жұмсалған қаражаттың қайтарымы боларына сенім мол, — деді Нұрберген Мəлікұлы.

ҚИЫНДЫҚТЫ ЖЕҢІП, ЕҢСЕСІН ТІКТЕДІ

Қашан да құрылыстың қарқынды дамуы ең алдымен негізгі құрылыс материалдары өндірісімен жəне оның тасымалымен тікелей байланысты. Өткен екі жылда елімізде белең алған пандемия бұл салаға да салқынын тигізді. Қажетті материалдар уақытында жеткізілмей, оның үстіне импорттық тауарлардың бағасы қымбаттап, сəтті басталған құрылыс жұмыстарының орта жолда тұрып қалған кездері аз болмады. Бұл құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын əжептəуір кідіртті. Маңызды жобалардың межеленген мерзімінде тапсырылмай қалу қаупі туындады. Ахуалды оңалтып, қордаланған проблеманы шұғыл шешу мақсатында 2021 жылғы мамыр айында вице-премьер Роман Склярдың төрағалығымен өткен Үкімет мəжілісінде елдің құрылыс материалдары нарығындағы қиын жағдайға байланысты, басталған жобалардың сметалық құжаттамасын қайта түзетіп, ішінара өзгерістер енгізу ұйғарылды. Материалдардың басым бөлігінің өзге өңірлерден тасымалданатындығы ескеріліп, бірінші кезекте керекті инертті материалдар – темірбетонды жəне металды құрылғылар мен бұйымдар өндірісін жолға қою міндеттелді. Бұл жобаның құнын төмендетіп, бағаны түсіруге, бюджет қаржысын үнемдеуге септігін тигізген нақты қадам болды. Жайық пен Қиғаш өзендеріндегі түп тереңдету, Каспий теңізінің тамағын тазалау жұмыстарының тиянақталып, республикалық маңыздылықтағы «Атырау-Астрахан» тасжолын реконструкциялаудың да мəресіне жетіп, жүргіншілердің тақтайдай тегіс жолда жүретін күні де алыс емес. Өзге қалалардағыдай, еліміздің мұнайлы орталығы атанған Атырау қаласының келбеті мен көркі күн санап ажарланып келеді. Облыстың шалғай аудан орталықтары мен ірі елді мекендері де заман талабы мен уақыт үрдісінен қалыс қалған жоқ. Заманауи жобалық үлгідегі сəулетті ғимараттар мен кең де жарық тұрғын үй кешендері, жасыл желекпен көмкерілген демалыс парктері мен көп жолақты даңғыл жолдар – осының бəрі де сəулетшілер мен құрылысшылардың ерен еңбегінің нəтижесі, олардың құрыш қолының таңбасы.

Дəулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button