
Құрманғазыдағы Шортанбай балық өңдеу зауыты жаңғыртылып жатыр
Құрманғазы ауданында республика бойынша баламасы жоқ балық өңдеу кешені салынып жатыр. Шортанбай ауылында орналасқан бұл зауыт бүгінде толық модернизация кезеңінен өтуде, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қазір ескі ғимараттар толығымен сүріліп, жаңа 11 нысанның іргетасы қаланып, олардың үшеуіне металл конструкциялар орнатылды. Зауыт аумағында балықты қабылдау, мұздату, тұздау, қақтау, консервілеу, уылдырық пен филе дайындау, сондай-ақ механикалық жөндеу цехтары орналасқан.
Бұдан бөлек жобада қоймалар, көлік қоятын орындар, мұздатылған балықты сақтау және тұздалған өнімдерді кептіру аймақтары да қарастырылған.

–Кәсіпорында бұрын-соңды қолданылмаған заманауи технологиялар енгізіледі. Жоба толық іске қосылғаннан кейін зауыт бірнеше тонна балық өнімін өндіретін қуатқа ие болады. Бүгінде цехтар қажетті құрал-жабдықтармен 60% қамтылған. Жоспар бойынша зауыт 2026 жылдың екінші жартыжылдығында іске қосылады, — деді Құрманғазы ауданының баспасөз хатшысы Гүлхат Хамза.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба аймақтың экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындарды жұмыспен қамтуға жол ашпақ.