Жарнама
Экономика

Қосымша құн салығы: Мал шаруашылығына әділ жүйе қажет   

Еліміздегі қосымша құн салығы реформасы бүгінде бизнес қауымдастығы арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Әсіресе, бұл өзгерістер ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ҚҚС мөлшерлемесін қайта қарауды тапсырды. Осыған байланысты, шағын кәсіпкерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтар (ЛПХ) үшін салық жүктемесінің теңгерімді болуы өзекті мәселе екені даусыз.

Жеке қосалқы шаруашылықтар (ЛПХ) ауыл тұрғындары үшін маңызды табыс көзі болып табылады. Олар мал өсіріп, өз өнімдерін нарыққа шығара алады. Бұл ретте, ЛПХ кәсіпкерлік субъектісі болып саналмайды, сондықтан салық төлеу міндеттемелері жоқ. Ал шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтар – заңды түрде тіркелген кәсіпкерлік субъектілері, олар салық төлеп, есептілік тапсыруы тиіс. Осыған байланысты, бұл екі санаттағы өндірушілердің нарықтағы жағдайы әртүрлі. Егер ҚҚС мөлшерлемесі өзгерсе және шағын шаруашылықтар қосымша құн салығын төлеуге міндеттелсе, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қосымша қаржылық ауыртпалық түсуі мүмкін.

Егер ҚҚС мөлшерлемесі ауыл шаруашылығы өнімдеріне қолданылса, ет және басқа да өнімдердің бағасы өседі. Бұл тұтынушылар үшін де, бизнес үшін де қиындық туғызуы мүмкін. Кәсіпкерлер салық жүктемесінің артуына байланысты қосымша шығындарға ұшырайды, бұл олардың өнімдерінің өзіндік құнын арттырады. ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі нарықтағы тепе-теңдікке әсер етуі мүмкін, яғни шаруа қожалығы ЛПХ-мен бәсекелестікте ұтылып, сала дағдарысқа ұшырауы ғажап емес.

Мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін салық төлеу және есеп тапсыру жүйесін жеңілдету маңызды. Көптеген шаруашылықтың есепші жалдау мүмкіндігі шектеулі екендігін ескеруіміз керек. ҚҚС қайтару механизмдері тиімді және қолжетімді болуы тиіс, бұл бизнестің қаржылық тұрақтылығын сақтауға көмектеседі.

Демек, бұл мәселені шешу үшін барлық тараптың мүддесін ескеру қажет. Ол үшін бірнеше іс-шара тетігін ұсынып отырмыз. Айталық,  ауыл шаруашылығы үшін ҚҚС мөлшерлемесін төмендету немесе жеңілдетілген салықтық режим қарастыру (мысалы, 0-5%) керек. Шағын кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына салықтық жүктемені азайтатын арнайы шаралар енгізу қажет. Салықтық әкімшілендіруді оңтайландыру, есептілікті жүргізуді жеңілдеткен жөн. Мемлекеттік қолдау мен субсидиялар арқылы салық жүктемесін теңестірген абзал.

Қосымша құн салығы реформасы шағын кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы саласының барлық қатысушысы үшін әділетті болуы тиіс. Негізгі мақсат – ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін сақтай отырып, фермерлердің, кәсіпкерлердің және ауыл тұрғындарының мүдделерін ескеру. Бұл бағытта Үкімет пен бизнес өкілдері арасында ашық диалог қажет, себебі ауыл шаруашылығы – ел экономикасының стратегиялық маңызды саласы.

Марат ЖАЛДЕКЕНОВ,

кәсіпкер, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы агроөнеркәсіп салалық кеңесінің мүшесі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button