Кәсіптен нәсіп тапқандар
Атырау өңірі – өндірісті аймақ болғанымен, бүгінде мұнда шағын кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Әлемге «қара алтынымен» танылған мұнайлы өлке өңдеу саласына ден қойып, отандық өнім шығаруды басым бағытқа айналдырған. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, кәсібін өркендеткен бизнес иелерінің көбейіп келе жатқандығы қуантады.
Төсемелер өзімізден шығады
Қаладағы балабақша мен мектеп, спорт, ойын залдары мен алаңдардағы төсемелер енді өзімізден шығады. Атырауда көліктердің тозған дөңгелектерін қайта өңдеу арқылы резеңке үгінділерден жабын өндіріле бастады. Өңірде бұрын-соңды болмаған жоба мемлекеттік бағдарлама бойынша ашылып отыр. Қазір цехта күніне 1,5-2 тонна шина түйіршіктері, 3,5-4 тонна ескі дөңгелек өңделеді. Жаңа өндіріс орнының сағатына 700 келі түйіршік шығара алатын мүмкіндігі бар.
«New Eco City» ЖШС өз қызметін өңірде осыдан төрт жыл бұрын бастаған. Бұл жоба «Бизнес жол картасы – 2025» шағын несиелеу шеңберінде Атырау қаласының «Қазақстан халық банкі» АҚ жылдық 14 пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қолдау білдірді. Онда сыйақы мөлшерлемесінің 6 пайызын компания төлейді, ал 8 пайыз айырмасын мемлекет субсидиялайды. Сондай-ақ, компания «Даму» қоры несие сомасының 37 пайыз мөлшеріндегі кепілдігін пайдаланды.
Резеңке үгінділерден жасалған жабындар үй ішінде де, балабақшалардағы, мектептердегі, спорт, ойын залдарындағы, саяжайлардағы алаңдарда да қолданылады. Бүгінде аталған құрылым Атырау қаласында шиналарды өңдеу сияқты маңызды саламен айналысатын бірден-бір кәсіпорын. Шикізаттың негізгі жеткізушілері «Nasar Solutions», «КазТрансГаз өнімдері», «Эко Ойл Сервис», «Silk Way Petroleum», «ҚазТехмұнайСервис» ЖШС-лері болып табылады. Ал, өнімге Маңғыстау, Ақтөбе облыстары тапсырыс береді екен. Көршілес Орал қаласында мұндай цех бар көрінеді.
Серіктестік директоры Сапар Әбдірахметов бұдан басқа да бірнеше кәсіп түрімен айналысатынын айтты. Ауыр жүк тасымалын жолға қойған, оқу орталығын ашқан бизнес иесі шина өңдейтін цех жобасын қолға алған кезде тәуекелге барған екен. Өйткені, өңірде бұрын-соңды мұндай жоба болмаған.
– Цехта 6 адам жұмыс істейді. Түскі асын ішіп, тынығып алу үшін өндірістік базада үй де бар. Оларға белгіленген жүктеме – сегіз сағат уақыт беріледі. Ал, қыс мезгілінде ойын алаңдары салынбайтындықтан жұмысшылар негізінен плиткаларға шикізат, яғни, шина түйіршіктерін әзірлейді. Жазда жаңа өнім дайындау үшін соның барлығын пайдаланамыз, — дейді Сапар Әбдірахметов.
Еңбек етсең – емерсің
«Қыздың көзі – қызылда» демекші, әдемілік пен сұлулықты жаны сүйетін нәзікжандыларға арналған «Elza&ART» студиясының негізін қалаушы Эльза Қалиева – алты баланың анасы, бұрынғы қаржыгер. Белгілі компанияның бас менеджері болып жұмыс істеген оны шығармашылыққа деген сүйіспеншілігі бизнеске алып келді.
2016 жылы Алматы, Астана қалаларында киім дизайнерлерінің курстарын оқыған Эльза өз командасын жинап, ателье ашу туралы шешім қабылдайды. Осылайша, «Атырау аруы–2016» байқауында оның алғашқы сән көрсетілімі сәтті өтеді. Содан соң ательеге тапсырыстар да көбейіп, шығармашыл жанның шабытын үстей түседі. Үнемі ізденісте жүрген Эльзаға жетекші компаниялардан тапсырыстар көптеп келе бастайды. Ол да шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтаудан тайынбайды. «Еңбек етсең – емерсің» деген мәтел осындайда айтылса керек.
Бір кездері білдей компанияның білікті менеджері болған Эльза сән индустриясы серкелерінің арасынан табылды. Қазір ол «Elza&ART» патенттелген брендімен өзінің киім желісін шығару бойынша танымал дизайнер.
Осыдан үш жыл бұрын «Бизнес Леди Қазақстан» жобасы бойынша Францияда өткен «Қазақстан күзі» шоуына қатысып, «VOGUE» журналы мен «DIOR», «PRADA» әлемдік сән үйлерінің өкілдерін киімдегі этникалық стилімен таң қалдырды. Былтыр Астанада «Bissness Lady Kazakhstan» ұлттық киімдерінің үздік дизайнері, Түркістан қаласында өткен «Nomad Fashon Day» байқауының Гран-при иегері және үздік дизайнері болып танылды. Мамыр айында Астана қаласында ұйымдастырылған «ULTTYQ ÓNIM» көрмесіне де қатысқан. Ал, бүгінде өзі де шәкірттер тәрбиелей бастады.
Қазір дизайнердің киім тігу цехында жиырмаға тарта адам жұмыс істейді. Түскен тапсырыстармен қатар қыз-келіншектерге күнделікті киюге арналған костюм, көйлек, жейде, күртеше тігіп, саттыққа шығарады. Қуантарлығы, Эльзаның ательесінде тігілген киім-кешектің сапасы шетелдік маркалардан кем түспейді. Бағасы да сапасына сай. Сондықтан да болар, ательенің өнімдері шоурум сөрелерінде ұзақ уақыт тұрмайды. Яғни, сұранысқа ие.
– Бұрын ғимаратты жалға алатынбыз. Ол бізге тарлық ете бастады. Сол себепті, «өзіміздің жеке ғимаратымыз болса екен» деп армандайтынбыз. Бірақ, қазіргі банктегі несиелердің пайызы бұл арманымыздың ақиқатқа айналуына күмән келтіретін. Өйткені, мұның барлығын өз табысымызға сатып алуға ұзақ уақыт керек болатын. Бір күні «Даму» қорына барып, кеңес алдым да, банкке қарай жол тарттым. Қаржы ұйымы менің несиемді мақұлдады, бірден «Даму» қарызымның пайызын субсидиялады. Бұл – кәсіпкерлерге үлкен көмек, — дейді Эльза Қалиева.
Имплантқа жеңілдік бар
Тәжірибе көрсеткеніндей, ақылы медициналық қызметтердің ішінде тіс емдеу ісі алдыңғы кезекте тұр. Заманауи материалдар, жаңа технологиялар тіс ауруларын емдеудегі табыс факторларының бірі болып табылады.
Жас кәсіпкер Мағжан Ысқақов өмірлік жары Ақбота Нұржанқызымен бірге Астана медицина университетін бітіргеннен кейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша Целиноград ауданындағы Ақмол ауылына жіберіледі. Осы салада бірнеше жыл тәжірибе жинақтаған ерлі-зайыптылар әріптестерінің шақыруымен Атырауға көшіп, қаладағы тіс емханаларының бірінде жұмыс істеуге бел буады. Осылайша, өзінің жеке клиникасын ашады. Бүгінде «Munar» тіс емханасында стоматологиялық қызметтердің барлық түрі бар: тіс емдеу, жұлу, протездеу және имплантациялау, рентгенография, тағы басқалары. Алдағы уақытта «Munar» жеке кәсіпкерлігі стоматологиялық зертхана ашып, оның клиенттік базасын арттыруды жоспарлап отыр.
– Өз кәсібімді ғимаратты жалға алудан бастадым. Екі жылдан кейін «Дамудың» көмегімен қазіргі кеңсемізді сатып алдық. Бұрын жалға алынған нысанның ақысы өзгеріп тұратын. Содан кейін «өзіміздің ғимаратымыз болса екен» деп армандадық. Бүгінде оған қол жеткізіп отырмыз. Негізгі мамандығым – тіс хирургы, қазір имплантацияға ден қойдым. Бір имплант 70 мың теңге тұрады, — дейді Мағжан Ысқақов.
Ол ғимаратқа жөндеу жұмыстарын өз қаражатына жүргізіп, дизайнын да өздері ойластырған. Жастардың идеясы заманауи шағын клиникадан бірден байқалады. Болашақта бизнес иесі кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.
«SOVA» оқуға шақырады
Еліміздің маңызды басымдықтарының бірі – бала білімі болып табылады. Инновациялық цифрлық технологиялардың даму ғасыры өскелең ұрпақтан сапалы білім алуды талап етеді. Мемлекеттік мектептермен қатар жеке білім беру орталықтары қарқынды дамып келеді. Өйткені, әр ата-ананың арманы – баласына өз мүмкіндігін іске асыруға және өмір бойы тәуелсіз болуға мүмкіндік беретін жақсы білім алуына жағдай жасау.
Осылайша, 2020 жылы «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкер Назымгүл Сағналиева Атырау қаласында «SAPSAN» интеллектті дамытудың кешенді бағдарламасын қолдана отырып, «SOVA» зияткерлік мектебін ашты. Бұл – Ломоносов атындағы университет түлектері мен Назарбаев зияткерлік мектебі әдіскерлерінің бірлесуімен жасалған ресейлік-қазақстандық бренд.
Назымгүл Сағналиева өз бизнесін кеңейтіп, Атырау қаласында математика және ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын 1-4 сынып оқушыларына арналған жеке мектеп ашу туралы шешім қабылдады. Оқу орнында жалпы білім беретін сыныптар, кітапхана, спортзал, балалар психологы кабинеті, медбике кабинеті, асхана қарастырылған. Жаңа мектеп шәкірттеріне есігін айқара ашып, мұнда бастауыш сынып оқушылары білім алды.
Жалпы, қалада ата-аналар арасында «SOVA» оқу орталығы ерекше құрметпен аталады. Әсіресе, пандемия кезінде аталған оқу орталығынан онлайн білім алған оқушылардың оқу үлгерімі айтарлықтай жоғарылай түскен. Жеке кәсіпкер осы тұста бизнесі жақсы дамығанын атап айтады.
– Бүгінде «SOVA» оқу орталығында алпысқа тарта шәкірт білім алып жатыр. Оқу ақысы бір балаға 170 мың теңгені құрайды. Таңертеңгі 8-ден кешкі 18.00-ге дейін балалар осында болады. Түске дейін білім алса, түсқайта тынығады. Қосымша үйірмелерге де қатысады. Үй тапсырмасын орындайды, төрт мезгіл тамақтанады. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Жеке мектепке ғимаратты «Дамудың» көмегімен сатып алдым. Жылдық мөлшерлеменің небәрі 6 пайызын төледім, қалғанын мемлекет субсидиялады, — дейді кәсіпкер.
Р.S: Иә, кейбіреулер үшін бұл жетістік теңізге тамған тамшыдай көрінер. Тіпті, жеке мектеп пен тіс емдеу кабинетін екінің бірі ашып жатыр дейтіндер де табылар. Бірақ, оның тасасында үлкен еңбек жатыр. Сайып келгенде, ел экономикасының қозғаушы күші – шағын бизнес. Кәсіпкерлік кең өріс алған мемлекеттің тасы өрге домалайды. «Айлығым шайлығыма жетпейді, тұтынушылық мақсатта алған несиеден шаршадым» деп еңсені түсіре бергеннен өз кәсібімізді ашқан әлдеқайда тиімді емес пе? Ал, Сіз қалай ойлайсыз?
Айбөпе САБЫРОВА