ҚАЗАҚ МҰНАЙЫ: ІРГЕЛІ ЖОБАЛАРДАН – ІРІ ҚАЙТАРЫМ

Әлемдегі барлық жетекші эксперттік ұйымдардың болжамынша, энергия тасымалдаушылар құрылымында мұнай мен газдың ұзақ мерзімді жетекші рөлі әлі де болса сақталмақ. Бұл ретте Халықаралық энергетикалық агенттік пен БиПи сарапшыларының мәліметтерінше, 2035 жылға қарай әлемдегі мұнайға деген сұраныс қазіргі  жыл сайынғы 4 млрд. тоннадан 5 млрд. тоннаға дейін артатын болады. Осыған орай алдағы отыз жылдың ішінде Бренд маркалы мұнайдың баррелі 130-160 долларға дейін қымбаттайды.

Мұнай өндірісін «Үдемелі», «Үнемді» және «Прагматикалық» атты үш базалық сценарийге бөле қарасақ, осының ішінде барынша оңтайлысы қарқынды, дегенмен өндіру біртіндеп, яғни 2020 жылға дейін 100 млн., 2030 жылға қарай 110-120 млн., ал 2040-2050 жылдары 110 млн. тонна деңгейінде болжанатын үшінші базалық сценарий екендігі анық. Бұған қоса алдағы ұзақ мерзімде сұйытылған газға деген әлемдік сұраныстың да арта түсетіндігі белгілі. Сондықтан да еліміздің Мұнай және газ министрлігі «ҚазМұнайГаз» және «ҚазТрансГаз» компанияларымен бірлесіп, Қазақстандағы газ бағытын дамытудың тұжырымдамалық әрі стратегиялық жоспарын дайындау бойынша жұмыстарды жеделдетуге кіріспек. Бұл жайында  ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен аталған министрліктің алқалы мәжілісінде ведомство басшысы Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

Өз баяндамасында өткен жылғы жетістіктерге тоқталған Ұ.Қарабалиннің атап өтуінше, жедел мәліметтерге сәйкес, 2013 жылы мұнай және газ конденсатын өндіру 81,8 млн. тоннаны құрады. Бұл Қазақстандағы мұнай мен газ конденсатын өндірудегі жаңа меже болып саналады. Сондай-ақ, есепті кезеңде газ өндіру 42,3 млрд. текше метрге жетті. Бұл жоспардан 4,4 пайызға, ал өткен жылғы межеден 5,4 пайызға артық. Еліміздің үш мұнай зауыты өткен жылы 14,3 млн. тонна мұнай өңдеді. Яғни, отандық зауыттар 2,7 млн. тонна бензин, 409 мың тонна авиакеросин және 4,1 млн. тонна дизель отынын нарыққа жөнелтті. 72 млн. тонна мұнай экспортталып, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 5 пайызға асып түсті.

Бұл ретте Каспий құбыр консорциумы арқылы 28,7, млн., Атырау-Самара арқылы 15,4 млн.,  Атасу-Алашаңқай арқылы 11,8 млн. тонна мұнай тасымалданды. Ақтау порты арқылы 6,3 млн. тонна мұнай жөнелтілді. Теміржол арқылы да 9 млн. тонна мұнай тасымалдауға мүмкіндік болды. Өткен жылы тауарлық газды өндіру көлемі 22,6 млрд. текше метрді немесе 2012 жылдың деңгейімен салыстырғанда 104 пайызды құрады. Қазақстан өңірлерінің газды тұтыну көлемі 11 млрд. текше метрге жетті, жылдық өсімі – 4 пайыз. Газ экспортының көлемі 8,6 млрд. текше метрге жетті. Бұл өткен жылғы деңгеймен бірдей. Республика аумағы арқылы 99 млрд. текше метр газ транзиті жүзеге асырылды. Бұл 2012 жылғы көлемнен 2 пайызға артық. «Бұл ретте транзиттелген газдың 55 пайызы Ресейдікі, 36 пайызы түркімендікі, шамамен 9 пайызы өзбектікі»,-  деді ол.

Сонымен қатар министрдің атап өтуінше, Павлодар МӨЗ-ін жаңғырту жобасы бойынша жүзеге асыруды жеделдету мақсатында жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезеңін, EPC-мердігерді тартуды және ұзақ дайындалатын құралдарға тапсырыс беруді қосу туралы шешім қабылданған. Жобаның бірінші кезеңінде Rominserv компаниясымен келісім-шарт жасалды, жобаны қаржыландыруды ұйымдастыру жүргізілуде. 

Ал, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту бойынша да жобаны жүзеге асыруды жеделдету стратегиясы мен инвестициялық кезеңге өтуі мақұлданған. Бас мердігерді және қаржыландыру сызбасын іріктеу бойынша шешім қабылданды. Риформинг колонналарын орнатуды қоса алғанда сәйкесінше құрылыс жұмыстары басталды. Бұдан бөлек 2013 жылы Атыраудағы хош иісті көмірсутектер өндіру кешеніне негізгі технологиялық құрал-жабдықтар 100 пайыз қойылды және құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жоба ағымдағы жылдың 3-ші тоқсанында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Ал 2016 жылы жүзеге асырылуы тиісті терең қайта өңдеу кешені бойынша қазіргі уақытта консорциум «Синопек Инжиниринг» (ҚХР), «Марубени» (Жапония) және «ҚазСтройСервис» құрамында EPС – келісім-шартына қатысты жұмыстарды бастады.

Ұ.Қарабалин министрлік алдында тұрған міндеттерге де кеңінен тоқталып өтті. «Көпшілік білетіндей, бірнеше жыл бойы Шелл компаниясы Қазақ мұнай және газ институтымен және басқа ұйымдармен бірлесіп, Қазақстанның өндіруші секторы мұнай-газ саласын ғылыми-техникалық дамытудың жол картасын дайындады. Аталған картада ортамерзімді перспективада Қазақстанда әзірлеу үшін басты технологиялық басымдықтар біріздендірілді. Алдын ала бағалау көрсетілген технологиялық міндеттердің әрқайсысын шешу 2 млрд. доллардан астам, ал жалпы пайда ондаған млрд. доллар көлемде экономикалық тиімділік әкелетіндігін көрсетіп отыр. Министрлік «Қазэнерджи» қауымдастығымен және оған мүше компаниялармен бірлесіп, «Жол картасын» жүзеге асыру бойынша барынша белсенді жұмыстарды ұйымдастыруға ниетті», – деді ол.

Министр өз сөзінде Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында атап өткен төртінші мұнай өңдеу зауытына қатысты жайттармен де бөлісті. Оның атап өтуінше, еліміздің көлік паркі белсенді түрде өсіп келеді. Ал, еліміздегі 2016 жылға дейін жаңғыртылуы тиісті 3 мұнай өңдеу зауыты бірқатар мәселелерді шешкенмен, ішкі сұранысты қажетті өніммен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Сондықтан да, министрлік «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, ағымдағы жылдың 1 тоқсанының соңына дейін 4-ші мұнай өңдеу зауытының қуатына, ресурстық базасына, инвестиция көлеміне, құрылыс мерзіміне қатысты мәселелерді шешпек.

«Министрлік сондай-ақ ірі өндіруші кәсіпорындардың төңірегіне сервистік кластерлер жүйесін барынша белсенді қалыптастыру мүмкіншілігін де қарастыруда. Қазіргі уақытта саладағы сервистік қызметтерді қиындықтың үш санатқа бөлуге болады», – деді Ұ.Қарабалин. Оның айтуынша, ішкі шеңбер деп аталатын бірінші санатқа бүгінде еліміздің кәсіпорындары еркін игеріп үлгерген технологиялық қиындығы төмен қызметтер кірсе, орта шеңберде де қазақстандық қамту көлемі жыл сайын артып келеді.   

Ал, әзірше отандық компаниялардың тісі батпай отырған соңғы санат сыртқы шеңбер аталады. Бұл ерекше жоғары технологиялық қызметтерді қамтиды.

Алқа мәжілісін қорытындылаған Үкімет басшысы С.Ахметов еліміздің мұнай-газ секторының барлық негізгі көрсеткіштері тұрақты болып отырғандығын баса айтып, мұнай және газ бойынша стратегия әзірлеуді ерекше қаперге ұстауды баса айтты. Сондай-ақ, еңбек жанжалының алдын алу мәселесіне компания басшылары айрықша назар аудару керектігін ескертіп өтті. «Бұл тұста ұсақ-түйек деген болмауы тиіс. Жұмысшыларға лайықты еңбек жағдайын жасау, олардың тұрмыстық қажеттілігін және сапалы тамағын ұйымдастыру мәселелеріне барынша назар аударған жөн. Бұл мәселелер компания басшылары үшін басымдықты жай болуы тиіс. Үкімет тарапынан да қатаң мониторинг болады», – деді С.Ахметов.

Премьер-министр өз сөзінде еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының қуаттарын арттыру мен қайта құру жұмыстары сөзсіз 2016 жылы аяқталуы тиістігін атап өтті. «Яғни, біздің мұнай өңдеу зауыттары сапалы өнім шығарумен қатар, мұнай өнімдерінің көлемін арттыруы керек»,- деді ол.

 

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз