
Қолымыз аузымызға жете бастады
Жуырда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртпен кездесті. Тараптар Теңіз және Қарашығанақ кен орындарын игеру, геологиялық барлау саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, Теңіз кен орнындағы «Болашақ» кеңейту жобасының сәтті аяқталуына тоқталды. Бұл жоба елдегі энергетикалық қауіпсіздікті және тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі маңызды қадам болды.
ҚМГ басшысы өнеркәсіп қауіпсіздігінің жоғары деңгейін ұстап тұру үшін өндіріс нысандарына техникалық қызмет көрсету мен оларды уақытылы жаңғырту қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ жүздесу барысында «Теңізшевройл» ЖШС басшылық құрамы арасында қазақстандық кадрлар үлесін арттыру туралы атап өтілді. Бүгінде ТШО-да жұмыс істейтін отандық мамандар шетелдік тағылымдамадан өткен. Компанияда басшылық және басқарушылық лауазымдарға орналасу үшін тәжірибе алмасып, біліктілігін шыңдаған.
Қарашығанақ кен орны бойынша тараптар қуаты жылына 4,5 млрд. текше метр шикі газды құрайтын жаңа газ өңдеу зауытын салу бастамасын іске асыру барысын талқылады. А.Хасенов Chevron компаниясына елімізде мұнай-газ химиясы саласын дамытуға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
– «ҚазМұнайГаз» Chevron компаниясымен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды және біз ортақ перспективті жобаларды іске асыру үшін өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз,-деді ҚМГ басшысы.
Асхат Хасенов «ЭксонМобил» компаниясының дәстүрлі мұнай өндіру мен ауыр мұнай өндіру жөніндегі вице-президенті Питер Ларденмен және «ЭксонМобил Қазақстан Инк» басқарушы директоры Сесиль Ролинмен жүздесті.Кездесуде Теңіз және Қашаған кен орындарын одан әрі игеру мәселелері талқыланды. Теңіз кен орнының тұрақты дамуы мен перспективаларын айқындайтын «Болашақ кеңейту» жобасының сәтті аяқталуы сөз болды. Жоба аясында жергілікті кадрларды жұмысқа алу бойынша ауқымды іс-шаралар жүргізілді. Бүгінгі таңда Теңіздегі отандық мамандардың үлесі 95%-ды құрайды. Кездесуде қазақстандық қамту үлесін ұлғайту мүмкіндіктері қаралды.
«Қазақстанда тауарларды локализациялауға жағдай жасау үшін жергілікті өндірушілерді қолдау – бұл басты міндет» деп атап өтті басқарма төрағасы.
Теңіз – шамамен 870 млн. тонна мұнай қоры бар ірі кен орындардың бірі. ҚМГ басшысы Қашағанды толық көлемде игеру жоспарына тоқтала отырып, тиісті бастамаларды кен орынды игеру жобасына енгізу арқылы оларды іске асырудың бұрын белгіленген мерзімін сақтау қажет екенін айтты. Қашағанда өндіру жұмыстары басталған сәттен бастап алынған мұнайдың жиынтық көлемі 120 млн. тоннадан асқан.
– «Біз ЭксонМобил» компаниясымен көпжылдық табысты ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және серіктестікті барлық бағыт бойынша одан әрі дамытуға ниеттіміз, — дейді А.Хасенов.
Айбөпе САБЫРОВА