Биылғы жылдың 12 қазанында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ), «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС (АМӨЗ) және «Эр Ликид Мұнай Тех Газы» ЖШС (Air Liquide бөлімшесі) көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндеттері аясында Қазақстан Республикасында сутегі бастамаларын дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжат тараптардың сутегі қозғалтқышы бар автомобильдерге арналған сутегі құю бекетін (СҚБ) ұйымдастыру бойынша өзара іс-қимылын, сондай-ақ СҚБ-ны АМӨЗ-дегі қолданыстағы «Эр Ликид Мунай Тех Газы» ЖШС қондырғыларының сапасына сәйкес келетін сутегімен қамтамасыз етуді көздейді. Бұл технология Қазақстанда алғаш рет ұсынылып отыр.
Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 2022 жылдың наурыз айының соңына дейін Атырау қаласында мобильді сутегі құю бекетін орнату, сондай-ақ АМӨЗ қызметкерлерін тасымалдайтын сутегі қозғалтқышы бар автобустар мен жеңіл көліктер сатып алу қарастырылған.
Екінші кезең аясында 2022 жылдың соңына қарай «Эр Ликид Мунай Тех Газы» ЖШС-мен бірлесіп СҚБ-ны тиісті сападағы сутегімен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар кешенін аяқтау және Атырау қаласында стационарлық сутегі құю бекетін іске қосу жоспарлануда.
«ҚазМұнайГаз» Мемлекет басшысының 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес және жалпы әлемдік трендтерді басшылыққа ала отырып, сутегі энергетикасын ұзақ мерзімді перспективада Компания қызметін декарбонизациялау бағдарламасының басым бағыттарының бірі ретінде қарастырып отыр. Көміртегі көлемін азайту активтер құнының өсуіне ғана септігін тигізіп қоймай, біздің инвестициялық тартымдылығымызды да арттырады», — деп атап өтті ҚМГ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев.
Қазіргі уақытта ҚМГ-да 2022-2031 жылдарға арналған Даму стратегиясы өзектендірілуде және төмен көміртекті даму бағдарламасы мақұлданды. ҚМГ СО2 шығарындыларын 2019 жылғы деңгейден 2031 жылға қарай 15%-ға төмендету мақсатын қойды, бұл шамамен 1,6 млн тонна СО2 құрайды.
Аталған мақсатқа қол жеткізу энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу саласындағы іс-шараларды іске асыру, жаңартылатын және сутегі энергетикасын дамыту, көміртегіні өндіру және сақтау жөніндегі технологияларды қолдану, орман-климаттық жобаларды іске асыру нәтижесінде қол жеткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде ҚМГ осы бағытта компанияның әлеуетін арттыру және өндірілген сутегіні өз активтерінде пайдалану үшін сутектік мобильділік саласындағы пилоттік жобаны іске асыра бастады.
Сутегі отыны — бензин мен дизельге экологиялық балама болып табылады, өйткені ол жанғанда бу шығады. Сонымен қатар, сутегінің бензинге қарағанда шығыны әлдеқайда аз — 100 шақырым үшін бар-жоғы 0,6 келі сутегі жұмсалады. Сутегі құю бекеті сутегіні сақтау, салқындату, сығымдау және тарату жүйелерінен тұрады.
Жобаның серіктесі — Францияның Air Liquide компаниясы. Компания соңғы 50 жылда сутегі жеткізудің барлық тізбегін, яғни оны өндіруден бастап сақтауға, соңғы тұтынушыларға арналған қосымшаларды әзірлеу және таратуға дейінгі аралықты қамтиды. Бүгінгі таңда компания бүкіл әлем бойынша 120-дан астам сутегі құю бекетін жобалап, іске қосты.