Қашан өзіміз өндіріп, өзіміз өңдейміз?
Енді жер астындағы қазба байлықты өзіміз өндіріп, өзіміз өңдейтін кез келді. Әйтпесе, шетелге жалтақтап, жетім баланың күйін кеше беретініміз анық. Экономист мамандар да дүкен сөрелеріндегі шетелдің тауарларын отандық өнімдермен алмастырғанда ғана инфляцияны төмендетуге болатынын айтуда. Сондықтан, индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларының орындалысына айрықша назар аудару керек. Бір кездері гүрілдеп тұрған фабрикалар мен зауыттарды қайта жаңғыртуға бүгінде не кедергі?
Импорт инфляция өлшемі ме?
Бәрінен бұрын «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарадының» кебін киіп отырғанымыз өкінішті. Әлемнің алпауыт компаниялары көз тіккен бай мемлекеттің тауарларының басым бөлігін көрші елден таситынымыз көпшілікті қынжылтады. Зерттеуші-ғалымдар шикізат қорын экспорттаумен ғана емес, одан сапалы өнім шығаратын республиканың экономикалық өсімі жоғары болатынын айтады. Яғни, отандық өндіріс пен өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамыған ел аумалы-төкпелі шақтарға төтеп бере алады. Соқтықпалы, соқпақсыз жолдардан сүрінбей өтеді.
Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше тоқталып, оның маңыздылығын атап өткен еді: «Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Дегенмен, ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді. Біз әлі күнге дейін бірқатар өнім түрінен импортқа тәуелдіміз».
Шыныменен, біз әлі шетел нарқына «көз сатып» отырамыз. Машина құрастыратын зауыттардың өзіне құрал-жабдықтар мен құрылғыларды өзге елден әкелеміз. Енді қайтпек керек? Экономика ғылымдарының кандидаты Рысты Сабырованың айтуынша, инфляция деңгейін тұрақты деңгейде ұстау үшін қайта өңдеу саласын жедел дамыту қажет. Азық-түлік нарығын молайту – елдің тауар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басым бағыты болып табылады. Оларды шешу үшін технологиялық тізбек бойынша құрылымдық қайта құруларға кешенді тәсіл қажет: өнімдерді өндіру – дайындау – сақтау – өңдеу – сату.
– Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша етті делдалдар сатып алады, олар оны бөлшек сауда желісі, тамақтану және өңдеу кәсіпорындары арқылы сатады. Делдалдар желісі сатып алу жүйесін іс жүзінде ығыстырды, ал, шикізатты өндірушілер мен өңдеушілер арасындағы байланыс толығымен жойылды. Дайын ет өнімдерінің құны мен сату бағасында айтарлықтай өсім байқалады.
Сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу салаларында инфрақұрылым дамымаған. Өңдеу саласында жабдықтардың жеткіліксіздігі, мысалы, салқындатқыш, орау жабдықтарының болмауынан өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейін тиімді жетуі тежелуде. Ет, сүт, көкөніс өңдеу кәсіпорындары оларды қазіргі заманғы жабдықтармен және озық технологиялармен жарақтандыруда артта қалып отыр. Осындай проблемалар бар. Сол себепті отандық өндірушілер көршілес елдің өндірушілерімен бәсекеге түсе алмайды, — дей келе, Рысты Қуандыққызы соңғы жылдары ішкі нарықта ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу өнімдерінің барлық дерлік түрлерінің импорты ұлғая бастағанын атап өтті. Ал, импорттық тауарлармен сөрелерді толтыру мәселені шешпейді. Отандық ауыл шаруашылығы өңдеу саласын дамытуға баса назар аудару керек.
Өңдеуге ғылымды да енгізу қажет
Сарапшы-маман «еліміздегі ұн, күріш, макарон өнімдерін шығаратын өндіріс орындарында, көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу кәсіпорындарында өздерінің ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық бөлімшелерінің жоқтығы да іске кедергі келтіреді» дейді.
Өңдеу саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу де маңызды. Жабдықтарды сатып алуға инвестициялық субсидия мен жеңілдікпен несие беру түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу өнеркәсібінің дамуын жеделдетеді.
Бұл сала шағын және орта кәсіпорындарды дамыту арқылы жұмыс орындарын құруда жоғары әлеуетке ие. Әлемнің көптеген дамыған елдерінде шағын бизнес экономикада үлкен роль атқарады. Мысалы, Үндістан елінде 3 миллионға жуық шағын кәсіпорын жұмыс жасайды және онда 24 миллион адам еңбек етеді. Ұлыбританияда, Германияда халықтың 65 пайызы, Жапонияда 80 пайызы шағын және орта бизнесте, дәлірек айтсақ, өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейді, — дейді Рысты Сабырова.
Ілеспе газ – ел игілігіне
Еліміздің өңдеу өнеркәсібі 1920 жылдардан бастап қалыптаса бастады. Десек те, технологиялық жағынан ескірген, заманауи технологиямен жабдықталмаған, ішкі өткізу нарығы төмен, кадр мәселелерінің шешілмеуі саланың адымын алшаң бастырмады. Оның үстіне бүгінде өңдеу өнеркәсібі экспортының басым бөлігі дайын тауар емес, жартылай өңделген фабрикат күйінде сатылып жатыр. Сондықтан, америкалық ғалым Цезарь Идальго айтқандай, мемлекет ең алдымен осы уақытқа дейін маманданған, базасы қалыптасқан салаларды қолға алуы қажет. Ал, Атырау облысы десе, бірден мұнай-газ секторы ойға оралатыны белгілі.
Олай болса, қолдағы дүниенің игілігін неге көрмеске? Ел экономикасының күретамыры саналатын аймақта мұнай мен газ құрамындағы ілеспе газды өңдеу жұмыстарын жандандыратын, тіпті, шыр айналдыратын кез келді. «Қара алтынның» дәлелденген қоры бойынша Қазақстан дүние жүзіндегі жетекші 15 елдің қатарына кірсе, көмірсутекті шикізаттың әлемдік қорының 3,3 пайызына ие. Демек, өндірісті өңірде өңдеу өнеркәсібін өркендетуге мүмкіндік мол.
Біздің аймақта елді елең еткізетін тағы бір ірі жоба бар: Ол Мақат ауданындағы «GPC Investment» ЖШС-нің «Қашаған кен орнындағы газ өңдеу зауытының құрылысы». Оны іске асыру мерзімі 2021-2024 жылдарға жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жер учаскесі және құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорын қуаты жылына 1 миллиард текше метр ілеспе газ өндіреді деп күтілуде. 860 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынатын зауыттан өңделіп шығатын өнім ішкі нарықпен қатар экспортты да қамтымақ.
Тобықтай түйін
Үйдегі тоңазытқыштың да, шаңсорғыштың да, желдеткіштің де құрал-жабдықтары полипропиленнен жасалады. Машина құрастыру саласында мұны көліктің шанағы, серіппелі темір, амортизаторға пайдаланады. Байқағанымыздай, өңделген өнімнің қолдану аясы да кең әрі экспортқа сұраныс бар. Сапалы тауар қай кезде де өтімді болады емес пе?..
Айбөпе САБЫРОВА
* Сіз не дейсіз?
Ерлік ҚАРАЖАН,
тұрақты даму мәселелері бойынша сарапшы,
экономика ғылымдарының кандидаты,
«Ken sky» білім беру платформасының негізін қалаушы:
– Біздің елден Батыс Еуропаға жеткізілетін мұнайдың 70 пайызы Ресей арқылы «КТК» компаниясының құбырларымен өтеді. Жалпы, әлемнің «Шелл», «Эксон мобил» секілді алпауыт компаниялары мұнай-газ саласы бойынша Қазақстанмен байланысын үзбейді. Көрші елдегі санкция саяси амал болғанымен, оның экономикалық дамуға үлкен әсері бар. Сондықтан, өзіміздің отандық өндіріске, өңдеу өнеркәсібіне бет бұратын кез әлдеқашан жетті.
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА