Қаржы пирамидаларының белгілері қандай?

piramida Экономика

Қаржы пирамидасы, құйрығы бір-ақ тұтам оңай олжа туралы жиі айтылып, жазылса да алаяқтың құрбаны болғандар азаяр емес. Бүгінде жұртшылықтың адал еңбекпен тапқан ақшасын түрлі амалмен қалтасына салатындар аз емес. Сарапшы-мамандар мұндайдың жолын тек қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы кесуге болатынын айтып жүр. Мәселен, жуырда Ұлттық банк инвестиция саласына қатысы бар алаяқтық схемалар пайда болғанын ескертті. Ал, мұны біреу білсе, біреу білмейді.

Ұлттық банк Атырау филиалының экономикалық талдау және статистика бөлімінің жетекші маман-экономисі Нұрбиға Ибраеваның айтуынша, қазір қаскөйлер түрлі сайттар мен мобильді қосымшаларды қолдан жасап, бас банкінің ресми интернет-ресурсының интерфейсін көшіріп жүрген көрінеді. Сондай-ақ, лауазымды тұлғалардың суретін пайдаланып, салынған ақшаның қайтарылатынын немесе инвестиция арқылы жоғары табысқа кенелуге болатынын айтып уәде береді екен. Ал, адамдарды көптеп тарту үшін алаяқтар өздерінің жалған сайттары мен мобильді қосымшаларын әлеуметтік желілер мен YouTube арқылы жарнамалайды. Сол себепті, Ұлттық банк қазақстандықтарды барынша сақ болуға шақырады.

– Әртүрлі әлеуметтік платформалардағы жарнамалық хабарламаларға өтер кезде, өзін Ұлттық банктің өкілі немесе құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырған адамдардан телефон арқылы күмәнді қоңырау немесе электрондық хаттар алған кезде абай болған жөн. Бұдан бөлек, Ұлттық банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейтінін және телефон, электрондық пошта немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы жеке мәліметтерді сұратпайтынын еске саламыз, – дейді Нұрбиға Ибраева.

Сарапшы-маманның айтуынша, бас банкі жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, ақшалай есеп айырысулар мен мәмілелер жүргізбейді. Осыған байланысты, Ұлттық банк мобильді қосымшаларды орнатпауға, дербес деректерді жария етпеуге және телефонмен әңгіме барысында бейтаныс адамның нұсқауымен қандай да бір қаражатты өзге бір үшінші тұлғаның шотына аудармауға шақырады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары алаяқтар күн сайын азаматтардың ақшасына қол жеткізу үшін алаяқтықтың жаңа тәсілдерін ойлап тауып жатқанын айтады. Олардың алдау схемалары да әртүрлі болуы мүмкін: банк клиентінің бейтаныс сілтемені басуы, құпиясөзді бұзу, желіде алдамшы ұсыныстар беру және тағы басқалары. Алайда, жұртшылық өздерінің желідегі қауіпсіздігі қаржылық және ақпараттық сауаттылығының деңгейіне тікелей байланысты екенін есте ұстауы қажет. Мәселен, алаяқтар өз тауарларын немесе қызметтерін интернетте түрлі сайттарда арзан бағамен ұсынады да, оны жылдам жеткізуге уәде береді.

Клиент бұл ұсынысты қалт жібермейтінін жақсы білетін олар алдын ала төлемді онлайн режимде ішінара немесе толық көлемде әдетте үшінші тұлғаға ресімделген шотқа аударуды сұрайды. Алдын ала төлемді алғаннан кейін тапсырыстар орындалмайды. «Мұндай алаяқтарды табу өте қиын. Себебі олар шын мәнінде шифрланған деректерді пайдаланып, басқа елде болуы мүмкін» дейді мамандар.

Енді бір топ түрлі банктердің клиенттеріне жеке телефон нөмірлеріне қоңырау шалады. Мысалы, онлайн-банкинг пайдаланушысына банктің жалған менеджері мен қауіпсіздік қызметінің бастығы телефон соғуы мүмкін. Олар клиенттің картасын пайдаланып, күдікті қаржылық операциялар жүргізіліп жатқандығы туралы ойдан шығарылған оқиғаны хабарлайды.

«Бұғаттау үшін төлем картасының артындағы үш таңбалы нөмірді, SMS-кодты сұрайды. Барлық қажетті деректерді алғаннан кейін, алаяқтар интернет-банкингке қосылып, бірнеше минуттың ішінде клиенттің онлайн-шоттарындағы барлық ақшаны ұрлап алады. Картасын өз мақсатында пайдалану үшін алаяқтар оның нөмірін, иесінің атын, жарамдылық мерзімін, картаның артындағы нөмірді білуі керек» дейді агенттік мамандары.

Ал, кейбір жағдайларда алаяқтар сатып алушыға айналып шыға келуі мүмкін. Олар сатушының телефонына тауарға ақша төлеуге қажет деген сылтаумен деректерді толтыру үшін сілтемелер жібереді. Сатушы осы сілтеме бойынша өткен кезде оның шотынан автоматты түрде ақша алынады, төлем карточкасының иесі оны білмей де қалады. Бұл арнайы зиянды бағдарламаның «арқасында» жүзеге асырылады екен.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін мамандар жеке деректеріңізді, оның ішінде пластикалық карталардың деректемелерін ешкімге айтпауға, аударымдар туралы түбіртектерді, әсіресе кодтар мен кодтық сөздерді ешкімге жібермеуге кеңес береді. Тексерілмеген және күмәнді ақпарат көздеріне, мысалы, белгісіз адамдарға, әсіресе интернетте сенуге болмайды. Әрқашан ақша мәселелеріне қатысты кез келген ақпаратты тексеріңіз және ересектермен, отбасыңызбен және жақындарыңызбен кеңескен жөн.

Атап өтер жайт, тексеріп алмай тұрып тауар үшін алдын ала төлем жасауға болмайды. Егер сіз сатып алушының немесе сатушының шынайы екеніне күмәндансаңыз, онда мәмілені бірден тоқтату қажет.  «Қызмет үшін бірден ақы төлеуге асықпаңыз. Сізде ақша бар кезде талапты сіз қоясыз және басқа тауарды не қызметті сатып алу керек пе, жоқ па, оны сіз шешесіз» дейді Ұлттық банк Атырау филиалының жетекші маман-экономисі Нұрбиға Ибраева.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз