«БІЗДЕ ӘЛІ БАТЫЛДЫҚ ЖЕТІСПЕЙДІ» ДЕЙДІ ШАҒЫН БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІ

«Қазіргі таңда өз кәсібін ашып, жеке шаруамды жүргіземін» деген жандарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек түрлері көп-ақ. Осы орайдағы арнайы жасақталған «Жұмыспен қамту-2020» секілді бағдарламалардың берері мол екендігін уақыт дәлелдеп отыр. Бизнеске келіп, шағын және орта кәсіпті дөңгелентіп отырғандардың арасында да нәзік жандылардың саны аз емес.

 

Алайда, алға мақсат қою бөлек те, істі бастап, оны сауатты жүргізу – өз алдына басқа әңгіме. Себебі, шағын істің артында да бірнеше маңызды құжаттар, бухгалтерлік есеп, салық төлеу сынды мәселелер тұрады. Бұл ретте осы жылы бастау алған облыс көлеміндегі жұмыссыз әйелдерге кәсіпкерлік бойынша арнайы тренингтер өткізу ісінің маңызы зор екені айқын. Облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы «Қазақстан Республикасы іскер әйелдер қауымдастығы» облыстық филиалымен бірлесе «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және Атырау қаласында бизнес тренинг орталығын құру» жобасы бойынша өткізілген «дөңгелек үстелге» Қазақстан Республикасы Іскер әйелдер қауымдастығының президенті, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Раушан Сәрсембаева қатынасып, жобаның қол жеткізген жетістіктерін саралап, толықтырар тұстарын талқыға салды. Айта кетелік, ауқымды жобаға өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі «Теңізшевройл» компаниясы демеушілік көрсетуде.
Өз кезегінде Атырау облысындағы шағын және орта бизнес саласындағы әйелдер санының артып отырғандығын жеткізген Раушан Бергебайқызы бұл бастаманың бүгінгі күнге қол жеткізген нәтижесіне сай, арнайы тренингтен өткен 142 әйелдің жиырмасы өз кәсібін бастаса, 50 әйел тұрақты жұмыстарға тартылғандығын айтып өтті. «Бұл – бүгінгі күннің нәтижесі. Сондықтан, алдағы уақытта осынау көрсеткіштердің әлі де арта түсетіндігіне сенімдіміз. Айта кетелік, жоба жалпы облыс көлемінде жүргізілгенімен, арнайы курстарға қатынасуға ниет білдіргендердің басым бөлігі – қала тұрғындары мен Жылыой ауданының қыз-келіншектері. Осы себептен, алға қарай жобаны жандандыру мақсатында әлеуметтік желілер арқылы жастарды тарту, шалғай елді мекендерге де шығу жоспары бар» дей келе, бұл бастамаға қолдау танытып отырған жергілікті билік басшыларына да алғысын жеткізді.
«Дөңгелек үстелге» қатынасқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева астаналық мейманға «қош келдіңіз» айтып, аймақтың кәсіпкерлік саласындағы әйелдер үлесі жайында айтып өтті. «Қазақстан Республикасының гендерлік стратегиясын іске асыру мақсатында біздің облыста да бірнеше жұмыстар қолға алынуда. Соның бір бағыты шағын және орта бизнесті дамытуда әйелдер кәсіпкерлігіне баса назар аударылып отыр. Өздеріңізге белгілі, шағын кәсіпкерлікпен айналысатындардың дені – әйел адамдар. Іскер әйелдер қауымдастығының Атырау филиалы, облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» және «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорымен бірлескен шаралар ұдайы ұйымдастырылып келеді» деді Айгүл Теміртасқызы.
Айта кетелік, биылғы жылы жергілікті үш кәсіпкер әйел Назарбаев университеті базасында құқықтық менеджмент бойынша бизнесті жүргізу курстарынан өтсе, іскерлік байланыстар жобасының бірінші кезеңінің іріктеуінен өткен бес әйел кәсіпкер еліміздегі бизнес-тренингтерге қатынасқан, екінші кезеңі бойынша бір әйел АҚШ-та оқып келді. Осындай оқыту шараларының әйел кәсіпкерлердің бизнесті дамыту бағытындағы бағдарламаларға кеңінен қатысуына жол ашатыны сөзсіз.
2010 жылы бастау алған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнес иелеріне арналған пайыздық мөлшерлемесі төмен, кепілдендірілген несие алуда 24 әйел кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болса, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен екінші деңгейлі банктер арқылы әйелдер кәсіпкерлігін шағын несиелеу ісі бойынша биылғы жылы 17 әйел 90 миллион теңге несие алған. Сол секілді ауылдық жерде тұратын 89 әйел «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорының Атырау филиалы арқылы 214 миллион 800 мың теңге несие алып отыр.
Осынау «дөңгелек үстелге» негіз болған жоба үйлестірушісі Әлия Нұрғалиевадан білгеніміздей, әйел адамдар мемлекет тарапынан қолдауды тиімді пайдалану мақсатында бұл тегін курстарға қатынасуға үлкен ықылас білдіруде. «Айтып өткеніміздей, жоба жалпы облыс көлемінде ұйымдастырылғанымен, негізгі қатысушылар облыс орталығынан, яғни Атырау қаласынан болды. Сол секілді Жылыой ауданы мен қала іргесіндегі «Ақжар» селолық округінің әйелдері де курсқа қатынасып, сертификаттарға ие болды. Алдағы уақытта жобаның мүмкіндігін молайту жоспарда бар» деді Әлия Жолдыбайқызы.
Ал, шара барысында арнайы сертификаттарға ие болған тренинг тыңдаушыларынан білгеніміздей, оларға дәріс жүргізген, әрі тәжірибесін үйреткен адамдар қатарында біраз уақыттан бері бизнесте жүрген кәсіпкер әйелдер де болған. «Олардың тәжірибесімен бөлісіп, кәсіпкерлік саласының қыр-сырын меңгерткені біз үшін үлкен көмек болды. Сол секілді есепші-аудитор, психолог, заңгерлер де тренингтер өткізіп, бізге дәріс берді» деген пікірлерін білдіре келе, жоба жалғасын таба берсе деген ізгі тілектерін де жеткізді.
Шара барысында жоба серіктестері болған банк филиалдары мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілдеріне де сертификаттар тапсырылды.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз