Жарнама
Шаһар шырайы

Қалада қайнаған жұмыс

Соңғы жылдары қала келбеті өзгеріп, сәулеті келіскен жаңа құрылыс нысандары бой көтере бастады. Көпқабатты тұрғын үйлер, жайлы әлеуметтік инфрақұрылым, балалар ойын алаңқайларымен қамтылған аулалар – Атыраудың даму жолындағы жаңа тынысы іспетті. Бүгінде өңірде қандай нысандардың құрылысы жүріп жатыр? Біз бұл туралы қала әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегеннен сұрап білген едік.

Жастарға – жаңа орталық

Атырау қаласында дарынды жастарды қолдауға бағытталған 192 орындық Жастар өнер орталығы биыл қолданысқа берілмек. Өткен жылдың қараша айында басталған төрт қабатты ғимараттың жалпы ауданы 1598 шаршы метрді құрайды. Нысан қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынып, жұмыстарын «Батыс Строй Сервис Атырау» ЖШС атқарып жатыр екен.

– Құрылыс алаңында 50-ден астам жұмысшы бар. Қазір тас қалау, ішкі және сыртқы әрлендіру, сылау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар жарықтандыру бойынша трансформатор орнатылуда. Ғимарат жыл соңына дейін қолданысқа беріледі,-дейді мердігер мекеме өкілі Айболат Құспанов.

Орталықтың мақсаты – мұнайлы өлкедегі талантты және ерекше қабілетті жастарды анықтап, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға жағдай жасау. Мұнда оқушылар мен жастарға арналған түрлі үйірмелер ашылып, ғылыми жоба байқауларына дайындық, шығармашылық шеберханалар мен түрлі зияткерлік іс-шаралар өткізілмек.

Төрт ауылдық округке – мәдениет үйлері

Өңірде мәдениет саласын дамыту мақсатында 4 ауылдық округте жаңа мәдениет үйлерінің құрылысы басталды. Әлеуметтік нысандар Дамбы, Алмалы, Атырау және Тасқала ауылдарында бой көтереді.

Атырау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Дамбы, Алмалы және Атырау ауылдарында 200 орындық мәдениет үйлері, ал Тасқала ауылында 300 орындық заманауи мәдениет үйі салынбақ. Осы жылдың екінші тоқсанында құрылыс жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр. Мәдениет үйлерінің аумағы толықтай абаттандырылып, ғимарат ішінде акт залы, кітапхана және әртүрлі өнер үйірмелеріне арналған жеке кабинеттер қарастырылмақ.

Канал арнасы кеңейтіліп, бөгет салынады

Биыл Жайық өзенінен Каспий теңізіне дейінгі аралықта ұзындығы 33 шақырымды құрайтын Соколок каналының бойынан бөгет салынды. Оның биіктігі – 3 метр, ені – 6 метр. Сондай-ақ канал арнасы 15-50 метрге дейін кеңейтіліп, түбі 2 метрге тереңдетілген.

Каналдың негізгі қызметі – су тасқыны кезінде Жайық өзенінен келетін артық суды Атырау қаласына жібермей, тікелей Каспий теңізіне бағыттау.

– Бұған дейін канал болғанымен, оны бекітетін бөгет салынбаған еді. Жұмыстар наурыз айында басталып, жыл соңында аяқталмақ. Бүгінде 25 техника мен 57 маман тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс істеуде. Бұл жерге жақын қоныстанған шаруалар алғыс айтуда. Себебі, бөгет бекітілгендіктен су келген жағдайда олардың шаруашылығына, төрт-түліктеріне қауіп жоқ. Құрылыс жұмыстарын «Строй Статус КЗ» ЖШС атқаруда, — дейді жоба жетекшісі Нұрлан Нұрбаев.

Соколок каналының жалпы ұзындығы 43,6 шақырымды құрайды.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button