POS-ТЕРМИНАЛ ОРНАТУ – ӨМІР ТАЛАБЫ
Нарықтың қоғамға енгені соншалық, қазірде тұтынушылар да, қызмет көрсетуші де заман көшінен тысқары қалмас үшін соңғы технологияларды пайдаланып жатыр. Егер сатып алушы қолма-қол ақшамен емес, төлем карточкасы арқылы төлегісі келсе, сатушы оған POS-терминал (сол құралмен тұтынушының сомасы алынады-авт.) ұсынуы тиіс. Экономикасы дамыған елдерде оны қолдану әлдеқашан енгізілген. Көршілес Ресей қалаларының барлық қызмет көрсету салаларында терминалдар бар. Ал, АҚШ-та мұндай құрал таксиде орнатылған. Маркеттерде тұтынушылар кассирлердің көмегінсіз тауарын сатып ала береді екен.
ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалы қолма-қол ақшамен жұмыс және кассалық операциялар бөлімінің жетекші маман экономисі Ғазиза Тарихова мұндай терминалдар қондыру, ең алдымен, көлеңкелі экономиканы болдырмауға бастайтын қадам екендігін айтады. Оның үстіне, қаражат қолда жүрмегеннен кейін жалған ақша жасаудың жолы кесіледі. Банкоматқа қаржы салатын инкассаторлар азаяды. Сала маманының түсіндіруінше, облыста қаңтар айының басында 1528, ел бойынша 33 315 POS-терминал тоқтаусыз жұмыс істеп тұрғандығы анықталған.
— Біз өз тарапымыздан өткен айда екінші деңгейлі банктерден терминал орнатуға қатысты әзірліктерін сұрадық. Сонда банктерге жеке кәсіпкерлерден 189 өтініш берілгендігі белгілі болды. Бүгінгі таңда банк осы тапсырыстың 50 пайызын қондырып үлгеріпті. Қалған өтініштерді бірінші тоқсанның аяғына дейін тегін қамтимыз деп сендірді. Жалпы, байқағанымыздай, бизнес иелері тарапынан терминалға сұраныс аз. Бұл қондырғыны пайдаланғаны үшін тұтынушыдан ешқандай қосымша ақы ұсталмайды, ал, қызмет көрсетуді сатушы өтейді. Демек, кәсіпкерлер оған шығындалғысы келмейді. Турасын айтқанда, терминалдарды орнату, кассирлерді оқыту, сынып қалғанда оңдап беру — бәрі тегін жүзеге асырылатынын естен шығармауы қажет. Банктер барынша мұндай құрал сатып алуға жұмыстанып жатыр. Олар ірі терминал сатушылармен келісім жасады, — дейді Ғазиза Тарихова.
Облыстық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер Одағының атқарушы директоры Нина Те-мірбаева мұнайлы өңірде бірнеше ірі дүкендер мен сауда орындарының бутиктері, жанар-жағармай құю бекеттері, қонақ үйлерде банктердің терминалдарымен қамтылып отырғандығын жеткізді. Алайда, кәсіпкерлердің дені бизнесті қолма-қол ақшамен жүргізу тиімді деп санайтын көрінеді. Өйткені, терминал арқылы төлем жасау бизнес иесінің шотына санаулы күндерден кейін ғана түседі екен.
— Әрине, бұл кәсіпкердің бизнесін ашық түрде жалғастыруына септігін тигізеді. Салықтардың түсімін бақылауда ұстау – қабылданған Қаулының басты межесі, — деген Нина Шыңдыбайқызы терминалдың тұтынушыға тиімді тұстары көп деп есептейді. Мысалы, қопыраған ақша қалтада жүрмейді, оны қалтақаққыштар суырып әкете алмайды, кері қайтарылған тиын-тебендерді санап отыруға уақыт кетпейді. «Меніңше, біз алдағы уақытта қолма-қол қаржысыз есеп айырысудың пайдалы тұстарын үйренеміз. Себебі, қазірде жұртшылық ғаламтор арқылы әуе, темір жол билеттерін сатып алуды меңгеріп алды. Өзім барлық коммуналдық қызметті үйде отырып-ақ интернетпен төлеймін. Рас, заң қабылданды, енді оны орындау керек. Тек оған банк пен кәсіпкер тас-түйін дайын болмай отыр. Ал, тұтынушы тауары үшін көңілі қалаған жолмен есеп айырысу ауадай қажет», — деген пікірі бізді де ойлантып тастады.
Тағы бір айта кетер жайт, күні бүгінде жұрттың бәрі бірдей жалақысын карточкамен алмайды. Сондай-ақ, облыстағы барлық сауда нысандарында құралды қондыруға техникалық мүмкіндік жоқ. Егер банк өзінің комиссиясын белгілесе, терминалмен есеп айырысу аз болса, сөз жоқ, кәсіпкер шығынға ұшырайды.
Шынтуайтқа келгенде, енді артқа шегініс жоқ. Қаласын, қаламасын, бизнес иелері терминал қондырғаны жөн. Алдымен, бизнес иесі банкті таңдап, құралды қондыруға өтініш жазады. Сосын банк терминалды тегін қондырады, арнайы маман қызметкерді онымен жұмыс істеуге үйретуі керек. Бірақ, айлар бойы онымен бірде-бір рет қызмет көрсетілмесе, банк өкілдері түсіріп алады. Әйтпесе, құралдың орнатылмағаны үшін жеке кәсіпкерге 20 АЕК, ірі бизнеске 50 АЕК көлемінде (кемшілік қайта орын алса, ол 40-тан 100 АЕК-ке дейін жетеді-авт.) айыппұл салынады. Дегенмен, күнделікті тәжірибе көрсеткендей, ел бойынша терминалдар жетіспейді. Біз тілдесіп үлгерген кәсіпкерлердің басым көпшілігі банкке өтініш бергенмен, әлі күнге дейін қондырылмай жатқанын айтады. Соның салдарынан бизнес иелері түгелдей терминалмен қамтылмай отыр. Ал, кейбір банктер құралды қазір-ақ орнатып беруге әзір. Тек шамамен 62 мың теңге көлемінде ақшасын төлесеңіз болғаны. Бірақ, мамандардың пікірінше, оған асығудың жөні жоқ. Себебі, заңға сәйкес банктер тегін қондыруы керек, сонымен қатар салық органы өкілдері биыл терминал бойынша қатаң тексеріс жасамауды ұйғарыпты.
Жеке кәсіпкер Ғалымжан Ризуанов банктердің терминал үшін төлейтін пайызы жоғары екендігін жеткізді.
— Пайыз бір мен төрттің арасында. Еуропада комиссия 0,5 пайыздан аспайды. Қарапайым ғана мысал, егер кәсіпкер айына 1 млн. теңге кіріс әкелсе, сонда 300-400 мың теңгесін тек қана банкке беруі керек пе? Мәселенің осы тұсы шешілсе, біз терминалмен қызмет көрсетуге қазір-ақ кірісіп кетер едік, — деп пікірін білдірді ол.
Иә, кәсіпкерлер құралдың жетіспеушілігін алға тартса, банк өкілдері проблеманы шешеміз деп уәде беріп отыр. Ал, сынаптай сырғыған уақытта тоқталыс жоқ. Әзірге, яғни, келер жылдың 1 қаңтарына дейін арнайы салық режимімен, қысқартылған декларация, патентпен жұмыс жасайтын жеке кәсіпкерлер терминалды орнатудан босатылады. Сондай-ақ, өзінің ауыл шаруашылығы өнімін саттыққа шығарып отырған саудагерлер, базардағы орындар, дүңгіршектер тек қолма-қол ақшаны қабылдауды жалғастырады. Соңғы мәлімет бойынша Атырауда 421 800 адам төлем карточкасын ұстайды десек, мұнайлы мекен тұрғындарының да қалауымен төлем төлеуге мүмкіндігі артпақ. Сіз бұған не дейсіз, қадірлі оқырман?
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.