Польша сапарының тағылымы

polshallПольша Республикасы Гданьск қаласында өткен «ЭКСПО-2013» Қазақстан-Поляк ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің форумына Қазақстаннан «ҚазАгроФинанс» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асылхан Жуашев бастаған топ барып, қатысып келді. Топ құрамында атыраулық кәсіпкерлерден Мақат ауданы «Батиха» шаруа қожалығының басшысы Балтагүл Едігеева мен Мақат аудандық мәслихатының депутаты, жеке кәсіпкер Қанат Алдияров, Қызылқоға ауданынан кәсіпкер Мұрат Нақпаев, Құлсарыдан Әлімжан Балжігітов болды. Форум аясында өткен көрмеде кәсіпкерлер еуростандартқа сай сапалы тауар өндіру жолымен танысып, қазіргі заманғы инновациялық технология жетістіктерін көрді. Бұдан басқа, іскер жандар сүт, макарон, шұжық өндіру цехтарында болып, Польшадағы ауыл шаруашылығы өнеркәсібінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

 

 

– Біздің әрқайсысымыздың белгілі бір сала бойынша қызығушылығымыз болды. Мен болашақта сүт фермасын ашуды ойлап жүргендіктен, осы жұмыстың қыр-сырына баса назар аудардым. Ә.Балжігітов пен М.Нақпаев құс шаруашылығы жөнінде сұрастырды, Алматы облысында тұратын екі кәсіпкер майонез өндірмек екен, – дейді Мақат ауданынан барған Балтагүл Едігеева.
«Білмейтін жердің ой-шұқыры көп» деген. Балтагүлдің күліп отырып әңгімелегеніндей, сүт фермасына сапар олардың әлдебір көбіктеніп жатқан кілемшені басып өтуінен басталады. Сөйтсе, бұл адамның аяғына дезинфекция жасап, залалсыздандырудың амалы екен. Өндіріс ошағында бәрі тап-таза, тап-тұйнақтай болуы тиіс. Сол үшін делегация мүшелері де ферманы аралағанда арнайы киім киеді.
Польша кәсіпкерлері түсіндіргендей, бір сүт өндіру цехын төрт жүзге тарта шаруа қожалығы біріге отырып ашады. Олардың әрбірінде 150 га жер болады. Шамамен үш жүздей сиыр бар десек, бір сиыр орта есеппен күніне 30 литр сүт береді. Сауып алынған сүт дереу термостарға құйылып, сақталады. Әдетте сүт көлеміне емес, майлылығына қарап бағаланады. Бұл жерде ешқандай бұра тартудың болмайтыны сөзсіз: себебі, оның құрамы, салмағы компьютер арқылы анықталады екен. «Ақылды машина» сүт құрамына қосылған суды да дереу анықтайды.
Қысы-жазы әбден сығымдалып, целлофанға оралған шөппен қоректенетін сиырлар сеператор көмегімен сауылады. Әрине, техникаға жүгінгесін кісі еңбегі көп қажет етілмейді. Осы арада Балтагүлдің бір өзінде екі мың гектардай жері барын естігенде поляктардың таң-тамаша қалғаны қызық. Оларда біздегідей игерілмей жатқан ұлан-байтақ жер жоқ. Ұлтарақтай жердің қадіріне жетіп, барынша жемісін көруге тырысады.
Форум барысында Польша тарапынан үш пайызбен несие, лизингке техникалық құрал-жабдықтар беру жөнінде тиімді ұсыныстар келіп түсті. Сондай-ақ, алынған аппараттармен жұмыс істеуді үйрету және біліктілігін арттыру үшін екі маманды оқытып алу жөнінде де әңгіме қозғалды.
Гданьск қаласындағы көрме қазақстандық кәсіпкерлерге көп мағлұмат беріп қана қоймай, тың идеялар беріп, жаңа істерге жігерлендірді. Озық тәжірибені кәдеге жаратып, жоғары сапалы өнім шығару еліміздің дамуы жолындағы үлкен қадам болары сөзсіз.

Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз