Полипропиленнен жаңа тауар шығарып, экспорттауға мүмкіндігіміз жетеді
Пайдалы қазбаға бай Атырау өңірі ел экономикасының драйвері саналады. Қазақстанда шығарылатын «қара алтынның» 73 пайызы – мұнайлы өлкенің үлесінде. Өткен жылдың өзінде 52,7 млн. тонна мұнай өндірілген. Соңғы жылдары қазыналы аймақта мұнай-химия өндірісі өркен жайып келеді.
Десек те, сол байлықтың құрамындағы ілеспе газдан өндірілетін полимер өнімдерін сырттан әкеліп отырмыз. Яғни, әлі күнге дейін импортқа тәуелдіміз. Шындығында, полипропиленнен өзіміз жаңа тауар шығарып, экспорттауға да мүмкіндігіміз жетеді. Осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын облысқа жұмыс сапарымен келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге айрықша тоқталып, нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
Осыған дейін «қара алтынды» өзге мемлекеттерге сатумен ғана шектеліп келгеніміз рас. Ал ілеспе газ факельдерде жағылып, қоршаған ортаға қыруар зиян келтіретін. Алайда соңғы жылдары сең қозғалып, көп жылдан бері айтылып жүрген алып жоба қолға алынды. Осылайша, өңірде полипропилен өндіретін іргелі кешен іске қосылып, отандық өнім экспорттала бастады.
– КРІ полипропиленнің сапалы әрі нарықта сұранысқа ие 7 түрін өндіріске енгізді. Соның нәтижесінде елдегі импорт бір жыл ішінде 45 пайызға қысқарды. PP H030 GP маркасының нарықтағы сұранысы – 80 пайыз. Полимер нарығындағы өндірушілер, өңдеушілер, мемлекеттік органдармен ашық диалог жүргізіп, бірлескен жұмыс жүрсе, импортқа тәуелділікті бұдан да азайтуға болады, – дейді КРІ-дың сату және маркетинг басшысы Данила Могилевцев.
Ал Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. газ-химия кешенінің бас директоры-басқарма төрағасы Данияр Тиесов биыл марка түрін 12-ге дейін ұлғайтуды жоспарлап отырғандарын айтады.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі клиентіміздің саны 58-ге жетті. Импорт болса, бір жыл ішінде 45 пайызға қысқарды. Біздің зауыттың іске қосылуы өнеркәсіп пен халық үшін полимер шикізатының қолжетімділігін арттырды деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл көрсеткішті одан әрі де азайтып, еліміз бен шетелдің біздің полипропиленді тұтынуын көбейту үшін жоспарланған жаңа маркаларды уақытылы игеруіміз қажет. Оған қоса, қайта өңдеушілермен бірлесіп даму бағдарламаларын енгізуіміз керек, – деп нақтылады Данияр Тиесов.