ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ – ӨНІМДІ ЕҢБЕК КЕПІЛІ

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 наурыздағы қаулысы негізінде «Өнімділік – 2020» бағдарламасы бекітілген болатын. Екі кезеңді қамтитын аталмыш бағдарлама экономиканың басым секторларында еңбек өнімділігін ұлғайту арқылы өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, жұмыс істеп тұрған өндіріс нысандарын жаңғыртуды, яғни, техникалық қайта жарақтандыруды және кәсіпкерлік субъектілерін сервистік қолдауды және кластерлік бастамалардың дамуын қолдауды көздейді.

Осы орайда еңбек өнімділігіне бизнестің инновациялық белсенділігі, күшті бренд, персоналдың біліктілігі, өткізу нарығының тартымдылығына қол жеткізу де айрықша әсер етеді. Бұл, әсіресе, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқанындай, ел экономикасының күрделі ре-жімде жұмыс істеп жатқан қазіргі жағдайында аса маңызға ие.

Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы «Қазақстандық индустрия дамыту институтымен» АҚ бірлесіп, «Өнімділік – 2020» бағдарламасының шеңберінде ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларын жариялау жөнінде семинар-кеңес өткізді.

 Ондағы мақсат бизнес-бастамаларды кәсіпорында еңбек өнімділігін көтеруге ынталандыратын мемлекеттік шараларды қолдау көмегімен облыстың инвестициялық жобаларын іске асыру бағдарламасына қатысуға тарту болып табылады. Семинарда «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ өкілдері – Қолдау құралдарының орталығы директорының орынбасары Диас Серіков және осы орталықтың бас сарапшысы Әдиет Жұматаев аймақтағы мұнай, газ, құрылыс, агрокешен мен сауда салалары және бизнестік құрылымдар өкілдеріне бағдарламаның жаңа құралдары бойынша түсініктеме берді.

«Өнімділік – 2020» бағдарламасы бойынша лизингтік қаржыландыруды пайдалануларына болады. Оған экономиканың басымдықты секторларында кем дегенде бір жыл қызметін жүзеге асыратын, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қатыса алады.

Бүгінгі күні АҚШ, Франция, Германия және Жапония сияқты мемлекеттердің әлем экономикасында көшбасшы атануына ықпал етіп отырған ең басты факторлардың бірі – бұл жоғары еңбек өнімділігі. Өкінішке қарай, Қазақстанда еңбек өнімділігі әзірге төмен деңгейде. Мәселен, елімізде еңбек өнімділігі адам басына шаққанда орташа есеппен жылына 30-40 мың долларды құрайды. Ал, дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш 200 мың долларға тең келеді. Ең төмен еңбек өнімділігі ауыл шаруашылығында – 3 мың доллар шамасында ғана.

Отандық өндіріс орындарындағы бұл проблемалардың себебі – негізгі қорлардың тозуы мен менеджменттің қазіргі заманғы басқару технологияларын пайдалану мен енгізуге қабілетсіздігі болып отыр. Мамандардың пайымдауынша, еңбек өнімділігін арттыру үшін отандық кәсіпорындардың өндірістік қондырғыларын жаңғыртып, оның нәтижесін көру үшін қазіргі заманғы технологияларды ендіру қажет. Ендігі уақытта бұл кемшіліктерді «Өнімділік – 2020» бағдарламасы арқылы жою көзделіп отыр. 2011 жылы қабылданған аталмыш бағдарлама отандық кәсіпорындарды кең көлемде модернизациялау арқылы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа өндірістерді дамытуға бағытталған. Бағдарламада мемлекеттік қолдаудың бірнеше тетігі қарастырылған.

Жалпы бұл бағдарлама не үшін қажет? Оның артқан жүгі мен міндеті қандай? «Өнімділік-2020» бағдарламасына қатысу арқылы кәсіпкерлер не ұтады? Бағдарламаға қатысушыға қойылатын талап – кәсіпорынның қаржылық жағдайы тұрақты және өнеркәсібін жаңғыртуға арналған кешенді жоспары болуы шарт. Бағдарламаның қатысушысы болған кәсіпкерлік субъектісінің инвестициялық жобаны әзірлеп, сараптама жасауға кеткен шығынының 50 пайызын мемлекет өтейді. Аталмыш бағдарламаға сай технологиялық процесс пен қондырғыны пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін жоғары білікті шетел мамандарын тартуға болады. Бір компания бір жоба бойынша үш маманға дейін тарта алады. Және еңбекақының 50 пайызын мемлекет төлейді. Бірақ, ол жылына бір маман үшін 9 млн. теңгеден аспауы тиіс.

Семинарды ұйымдастырушылардың ойынша, мемлекет ұсынып отырған қолдау құралдары ішінде лизингтік қаржыландыру кәсіпкерлердің ерекше қызығушылығына ие екен. Өйткені, бұл өндірісті технологиялық жаңғыртуға мүмкіндік береді. Осының есебінен еңбек өнімділігін арттыруға болады. Сондай-ақ, қаржыландыру шарттары да кәсіпкерлер үшін қолайлы.

«Өнімділік – 2020» бағдарламасының негізгі мақсаты – еңбек өнімділігін арттыру арқылы отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Бұл – Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет іске асырып жатқан мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасының құрамдас бөлігі.

Семинар-кеңеске қатысушыларды толғандырып жүрген сауалдарға Қолдау құралдарының орталығы директорының орынбасары Диас Серіков нақты жауап берді.

 

Бақытжан ХАМИТҰЛЫ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз