Жарнама
Экономика

ӨЗ ӨНІМІМІЗДІ ТҰТЫНА БАСТАДЫҚ

 

Атырау қаласының шеткері аумағынан 10 гектар жер алып,  6700 түп алма ағашын еккен ерлі-зайыптылар алғашқы өнімдерін 2017 жылы алуды жоспарлап отыр. Атырау қалалық әкімдігінің қолдау-көмегіне сүйенген шаруагерлер алма ағашы жеміс бергенше екі гектар жерге қарбыз, бір гектарға қияр егіп, нәпақасын көре бастады.

Өткен жылы жермен жұмыс жасаудағы тәжірибенің аздығынан, табыстан гөрі шығынға көбірек батқан «Балмұханов» шаруа қожалығы ұжымы биыл Үкіметтің «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие қаржы алып, 8 гектар жерді өңдеп, егін екті. Агротехникалық талаптарды сақтау нәтижесінде тамшылатып суару әдісімен өсірілген егіс өнімдерін қала базарларына шығарып сатуды ұйымдастыруда. Қазір күн сайын егіс танабынан тұтынушыларға үш тоннадай көкөніс жөнелтіледі.

Атыраулық шаруа қожалықтары биыл 357 гектар жерге картоп, 350 гектарға бақша және 1100 гектарға көкөніс дақылдарын екті. Ерте көктемде егілген  дақылдардың алды пісіп, халық дастарқанына жетіп жатыр. Жергілікті өнімнің бағасы да қалтаға қонымды, ал, сапасы сырттан тасымалданатын өнімдерге қарағанда әлдеқайда жоғары.

Атырау қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Надежда Мырзағалиеваның айтуынша, биыл тамшылатып суару әдісін қолдану үшін өңделген жер көлемі 360 гектарға жеткен. Демек, бұл әдіске көшу арқылы дихандар су мен оған жұмсалатын қыруар қаржыны үнемдеуге мүмкіндік алады. Сол сияқты, мемлекеттен бөлінетін субсидия алуға өтініш білдірушілер қатары да артып келеді.

Облыс орталығының аумағында 3,7 гектарды құрайтын екі өндірістік  және жалпы көлемі 2,4 гектар болатын он бір шағын фермерлік жылыжай  бар. Күні бүгін олардан 400 тоннаға жуық өнім алынып, қолжетімді бағамен қалалықтарға сатылуда. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы негізінде биыл жылыжай салуға ниет білдірген 20  адамға 44 млн. теңге несие берілді. Сөйтіп, жыл аяғына таман тағы да 20 жылыжай іске қосылады деп күтілуде.

Бақытжан ХАМИТҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button