Жарнама
Экономика

ӨЗ КӘСІБІН БАСТАУШЫЛАРҒА ЖОЛ АШЫҚ

 ӨТЕМАҚЫЛАРЫ ӨНДІРІЛДІ

— Әлия Байжанқызы , өткен жылы Байшонас елді мекенінен Атырауға көшіп келген кәсіпкерлер ескі жұртта бизнес нысандары қалғандығын айтып шағымданып жүрген-ді. Соның соңы не болды?

— Бірден қуанышты хабар жеткізейін, олардың заңды құқы қорғалды. Жалпы, соңғы жылдары келешегі жоқ ауылдар ретінде Мақат ауданының Байшонас, Ескене, Комсомол және Бекбике елді мекендері облыс орталығына қоныс аударды. Мұндай шешім 2011 жылғы қазанда қабылданған-ды. Әрине, бұл дұрыс. Бірақ, ескі мекенде біраз бизнес иесінің кәсіпкерлік нысандары қалды. Олар өз істерін бастау үшін кезінде банкілерден несие алды. Енді Атырауға көшуіне байланысты бизнесі тоқтап қалса, сол қарызын қалай өтейді?

Мәселен, 2011 жылдың қарашасынан бастап Байшонас елді мекенінің тұрғындары облыс орталығына қоныс аударғанда бес кәсіпкердің кафе, мейрамхана мен сауда кешендері тәрізді нысандары сонда қалған. Міне, Г.Құлғазиева мен Г.Жолмағамбетова есімді азаматшалар үш жыл бойына тиісті өтемақыларын ала алмай әбден әуреге түсіпті. Содан бері ашпаған есігі, аттамаған табалдырығы қалмаған. Тіпті түңіліп те кеткен.

Осы мәселеге облыстық Кәсіпкерлер палатасы араласқан соң ғана іс ілгері жылжыды. Шешілместей көрінген проблеманың түйіні тарқатылды. Олардың шағымдары Облыстық кәсіпкерлер палатасы аумақтық кеңесінің  бірінші отырысында кеңінен талқыланды. Кеңес мүшелері ауыл кәсіпкерлерінің талабы заңды екендігіне көз жеткізді. Сөйтіп, сот арқылы екеуіне 1 669 419 теңге өтемақы алуына көмектесті. Енді ауылдан келген кәсіпкерлердің қалада да бизнесін жемісті жалғастыруына жағдай жасалды. Олар өздерінің заңды құқықтарын сенімді қорғайтын орын бар екендігін біледі.

Жалпы, өткен жылы аймақ кәсіпкерлерінен түскен 100 өтініш қаралды. Солардың 60 пайызы бойынша оң шешім алынды. Тағы 30 пайызына кеңес берілді. Ақырында, өтініштердің он пайызы қазір зерттелу үстінде. Демек, ешқандай шағым аяқасты қалмайды. Бәрі де тексеріледі, барлығы да ескеріледі. 

 — Жалпы, кәсіпкерлер көбіне қандай мәселе бойынша шағымданады?

— Келіп түскен өтініштерді саралап көргенде, көбіне жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, салықтық төлем, коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындармен қарым-қатынас, жылжымайтын мүлікті тіркеу, кедендік рәсімдеу тәрізді мәселелер жиі көтеріледі. Әрине, қолданыстағы ережелер сақталуы тиіс. Кәсіпкерлікті қолдау болғанымен, заң бұзуға ешкімге құқық берілмеген. Сондықтан, бизнес иелерінің өздері де белгіленген тәртіпті бұзбауы керек.

Әйтсе де, әлі де шенеуніктер тарапынан кәсіпкерлердің өтінішін жүре тыңдап, олардың талаптарын орындауға асықпаушылық кездеседі. Мемлекеттік органдарға шағым білдіріп, қызметтеріне қанағаттанбаушылық таныту осындайдан туындайды.

 

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚЫСҚАРТЫЛДЫ

— Өткен жылдың тағы бір елеулі оқиғасы «Биғалиев Ж.Б» жеке кәсіпкерлік нысанын қорғауға қатысты болды ғой.

— Облыстық Кәсіпкерлік палатасы бұл бағытта да біраз тер төкті. Расында да, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпкерге қатысты экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тарапынан 2014 жылғы 9 сәуірде қылмыстық іс көтерілді. Ал, оқиға қалай болған?

Кәсіпкердің айтуынша, ол өткен жылғы сәуірде «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен 555 тонна картоп жеткізуге келісім жасаған. Шарт құны 21 млн. 978 мың теңге еді. Корпорация кәсіпкердің есепшотына 15 млн. 384 мың 600 теңгені аударады. Бұл – 70 пайыздық алдын ала төлемге тең қаржы. Оған қажетті техника мен себілетін дән сатып алынуы қажет еді. Алайда, егіннің шығымы нашар болғандықтан, кәсіпкерге өз міндеттемесін мерзімді уақытында орындау мүмкін болмады. Турасын айтқанда, қыруар қаржы қайтарым бермеді. Әйтсе де, бизнес иесі қасақана қылмыс жасаған жоқ.

Дегенмен, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қаржыны қайтару жөнінде сотқа шағымдануға мәжбүр болды. Өйткені, қаражат мемлекеттікі болғандықтан, одан қайтарым қажет. Мақсатты жұмсалу талабы тағы бар. Қысқасы, кәсіпкер үстеме ақысын қосқанда 17 млн. 815 мың 587 теңге төлеуі керек. Сот осындай шешім шығарды. Кәсіпкер бұл шешіммен келісті және қаржыны қайтаратындығын айтты.

Әйтсе де, көтерілген қылмыстық істі қайтеді? Міне, осы орайда Кәсіпкерлер палатасына біраз тер төгуге тура келді. Өзара ынтымақтастық туралы жасалған меморандум аясында облыстық экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мен прокуратура органдары басшылығымен кездестік. «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан қаржы полициясына кәсіпкерге ешқандай талабы жоқтығы, барлық мәселе азаматтық-құқықтық деңгейде шешілетіндігі жөнінде хат жолданды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде былтырғы 29 тамызда қылмыстық іс қысқартылды. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Ал, шындығында, қаншама күш-жігер жұмсалды.

Сөз реті келді ғой, мен тағы бір күрмеулі мәселенің түйіні қалай тарқатылғанын айтайын. Кәсіпкерлер палатасына «Nursaya Clinic» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен шағым түсті. «Нұрсая» ықшам ауданында ашылған бұл емдеу орталығының өзгелерден айырмашылығы – оның тұрғын мекеніне қарамастан барлық адамға медициналық көмек көрсетуі. Ол Астрахандағы «Газпром» ауруханасымен байланыста болғандықтан, атыраулықтар ресейлік дәрігерлердің кеңестерін осы жерде-ақ алу мүмкіндігіне ие. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ашылған емдеу орталығы былтырдан бері жұмыс жасауда.

Ендеше, нендей мәселе туындады? Сөйтсек, клиника жұмысын бастаған сәтте қажетті жабдықтар мен қызмет орнын алу үшін жергілікті екінші деңгейдегі банкілердің бірінен несие алған екен. Ал, қарашада емдеу орталығы банкіге қарызын толық өтеу жөнінде өтініш білдірген. Банк оған 13 млн. теңге көлемінде айыппұл салған.

Кәсіпкерлер палатасы бизнес нысанының шағымы бойынша банк басшылығымен біраз жұмыс жасады. Соның нәтижесінде айыппұл мөлшері 13 млн. теңгеден 500 мыңға дейін кемітілді. Айта берсе, мұндай мысалдар көп-ақ.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ – ОРТАҚ ТАБЫС КЕПІЛІ

— Жергілікті атқарушы билікпен, монополия мекемелермен байланыс қалай?

— Жоғарыда айттым ғой, біраз мәселе коммуналдық қызметке, жер телімдерін беруге, салықтық төлемдерге қатысты туындап жатады. Сондықтан, осы орындармен бірлескен жұмысты жолға қойдық. Өткен жылғы 26 қарашада облыс әкімімен өзара ынтымақтастық және жергілікті мемлекеттік органдардың кеңесу комиссияларында кем дегенде 50 пайыз бизнес өкілдері болуы туралы келісім жасадық. Қазір осындай 23 құрылымда өкілдеріміз бар. Тағы екеуіне енуді жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі, сайып келгенде, ортақ күшпен шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға серпін береді.

«Атырау-Энергосату» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен шағын кәсіпкерлік нысандарынан алдын ала төлем алу талабын жоюға келісілді. Бүгінде «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау филиалымен де осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Оның да оң шешілуіне сенім мол.   

Жалпы, қорыта айтқанда, Атырау облыстық Кәсіпкерлік палатасы Елбасының шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған тапсырмаларын орындай отырып, кәсіпкер құқын қорғау жолында жұмыстана береді.

       Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button