Жарнама
Экономика

Отандық өндірістің өрісі

Қуатты Қазақстанның қуатты өңірден басталатыны белгілі. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жыл сайынғы халыққа Жолдауларында айтып, басымдық беріп отыратынын жақсы білеміз. Бұл бағытта Атырау облысында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. Жыл басынан бері өңірдегі өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 221,2 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 126,4 млн. АҚШ долларына тұрақтады. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Бекбаеваның айтуынша, биыл облыста 20-ға жуық инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Инвестициялық жоба – игіліктің бастауы

– Мәселен, бір ғана геосинтетика өндірісіне қатысты бірнеше жоба қолға алынған. Атап айтқанда, экструзиялық, тоқыма және тоқыма емес геосинтетика өндіру жобалары бар. Бұларды жүзеге асырушы «РГК-Каспий», «УльтраСтабҚазақстан», «Интаго» ЖШС-тері. Сол сияқты, «ATYRAU CHICKEN» ЖШС «Құс етінен жартылай фабрикаттарын дайындайтын құс фабрикасы», «А-Дана» ШҚ «Тауарлы балық өнімі шаруашылығын құру»,  «Карат» ЖШС «Қағаз өндіретін цех» жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, «TenizEcoService» ЖШС-нің «Сұйытылған азот өндірісі»,  «КазТурбоРемонт» ССО-ның «Локомотивтердің тірек арқалықтарын және басқа да металл бұйымдарын өндіру, дәнекерлеу цехының құрылысы», «IClinic Atyrau» ЖШС-нің «Көпсалалы медициналық орталығы» тәрізді жобаларды да айрықшалап атап өткен жөн, — деді ол.

Салалық басқарма өкілі атап өткендей, осындай отандық өндірістің өрісін кеңейтуге жаңа жол ашып, тың мүмкіндіктер беретін инвестициялық жобалардың қатарында «Тексол-Транс» ЖШС-нің «Сұйытылған газды сақтауға арналған қойма құрылысы», «ИндерГипс» ЖШС-нің «Құрғақ құрылыс қоспарларының өндіру желісін жаңғырту», тағы басқалары бар.

Осыған дейін «InfinityPlaza» экопаркінің «InfinityMALL» сауда ойын-сауық орталығының» техникалық тұрғыда таныстыру рәсімі өткізіліп, оның халықаралық стандарттар мен талаптарға сай келетіні хабарланған. Осының өзі көп кешікпей жобаның іске қосылатынын аңғартса керек. Тоқтала кетсек, сметалық құны 10 млрд. теңгені құрайтын жоба толығымен жүзеге асып, пайдалануға берілген мезгілде мұнда жаңадан 100 жұмыс орны ашылады.

– Жергілікті қамтудың үлес салмағын арттыру мақсатында осы жылдың  мамыр айында ТШО компаниясы Теңіз  кен орнында өзіне қажетті жергілікті өнімдер мен қызметтердің кең спектрін қамтитын 13 жергілікті өндірушімен және қызмет көрсетушімен келісім шартқа қол қойды. Оның ішінде жергілікті «Emerson Kazakhstan» компаниясы өндірген қысым бергіш, «Novus Sealing» компаниясы шығарған  тығыздағыш құрылғыларын, оған қоса «Honeywell Kazakhstan» компаниясының қазандыққа арналған бақылау жабдықтарын, «Атырау НефтеМаш»-тың күкіртті балқытуға арналған резервуары мен құбырларын, фланецтер мен фитингтерге арналған материалдарын, «IPSS Caspian» ЖШС-нің  бұрылмалы бітеуіштерін, «Newtech Systems Group» серіктестігінің дәнекерлеу жабындыларын, өзге де отандық өндіріс өнімдеріне кіретін көптеген бұйымдар мен құрылғы-қондырғыларды өзімізден қолжетімді бағамен сатып алуға тапсырыс берілді, — деді Қарлығаш Қырықбайқызы. 

Өнеркәсіпті дамытудың жолы

Саладағы жағымды жаңалықтың бірі елімізде «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ-ның құрылуы болып табылады. Оның басты стратегиялық бағыты – Қазақстанның өнеркәсібі мен сабақтас салаларын дамыту.

Бұл құрылымды жаңа идеялардың тоғысатын «ақыл-ой орталығы» деп бағалауға болады. Өйткені, дәл осы жерде индустриялық-инновациялық жобалар сараптамадан өтіп, жан-жақты талданады. Осы орталық арқылы өңдеуші өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың жүйесі ойластырылып, атқарылуы тиісті шаралар жөнінде ұсыныстар әзірленеді. Сайып келгенде, осы орталық елімізде, қалаберді өңірімізде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың даму үрдісін үйлестіруші буын, маңызды құрылым саналады

Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді

Облыста жылдан жылға шағын және орта субъектілерінің саны арта түскен. Басқарманың мәліметінше, жыл басынан бергі төрт айда кәсіпкерлік субъектілерінің қатары 68 мың бірлікке жуықтапты.

Өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 100,5%-ға артып, 150 мың адамды құраса, өндірілген өнім көлемі 3 738,4 млрд. теңгеге жеткен. Сөйтіп, облыс бойынша жиынтық ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлес салмағы 25,1%-ға тұрақтапты.

Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі жобаларды қаржыландыруға 11,4 млрд. теңге бағытталған. Нақтысында қазынадан бөлінген  11,8 млрд. теңгеге барлығы 204 жоба қаржылай қолдау тауыпты. Соның ішінде, 162 жобаға қаралған несие сомасын өтеуге субсидия беріліп, 42 жоба кепілдендірілген.

«Бизнес аймақтың» берері мол

«Бизнес аймақ» өңірлік бағдарламасы аясында ауыл кәсіпкерлерін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, тиісінше, кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде. Осылайша, соңғы 11 жылда (2013-2023) жергілікті бюджеттен 4,3 млрд. теңге бөлініп, ауылда 830 жаңа жұмыс орны құрылса, 660-қа тарта бизнес субъектісіне қаржылай қолдау көрсетілді. Жалпы алғанда, биыл ауыл кәсіпкерлерін несиелендіруге жергілікті бюджеттен 480 млн. теңге бөлініпті. Өңірлік қаржыландыру бағдарламасымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін 2,5%-бен несиелендіруге  жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бағытталған.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button