ОТАН ҚОРҒАУ – ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ
Салтанатты ант қабылдау рәсімінде сөз сөйлеген ҚР ҰҚК жағалау күзеті өңірлік басқармасы бастығының орынбасары Серік Қалдыбаев, Батыс аймақтық қолбасшылығының қолбасшысы Мұрат Нұғманов, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова, Ұлы Отан соғысы ардагерлері Бағыт Қуанышев пен Николай Панов Отан қорғаушылардың қастерлі борышы жөнінде айта келіп, олардың адал да абыройлы қызмет атқаруына тілектестік білдірсе, әскерлер атынан сөз алған Әділбек Серікжан өздеріне артылған сенімді ақтайтынын жеткізді.
Гүлмира Тілепбаева Атырау қаласына бірінші рет келіпті. Жанында басқа да отбасы мүшелері бар. Тұңғышы Сұлтанның азаматтық міндетін өтеу үшін ант бергенін анасы сүйсіне тамашалайды.
— Ұлым жоғары оқу орнында оқып жатыр. Әскерге өз еркімен аттанды. Мен оның қалауына қарсы тұрмаймын. Болашақта әскери қызмет жолын таңдауы да әбден мүмкін,-дейді Алматыдан арнайы келген Г.Тілепбаева.
Сондай-ақ, шара барысында «Қазақтелеком» мекемесі де «Мама, мен ант қабылдадым!» акциясын өткізді. Ол бойынша әскери бөлімше сарбаздарына үй-іштерімен телефон арқылы тегін сөйлесуге мүмкіндік берілді.
Құралай ОРАЗ.