Жарнама
Экономика

ӨНІМДІ ӨҢДЕУ ДЕ, ӨТКІЗУ ДЕ ҚИЫН «ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ» ЖАНЫНДА БАС ҚОСҚАН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ОЙЫ ОСЫҒАН ТОҒЫСТЫ

 

«Дөңгелек үстел» кездесуін «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Төлеген Берішбай  бүгінгі  таңдағы өзекті мәселелердің жәйін қозғап, сөз тізгінін ашып берді.

– Бүгінде шағын және орта бизнес өндірген өнімінің ішкі жалпы өнімдегі үлесі  елімізде небәрі 17 пайызды  ғана құрайды. Ал, Кеден одағы аясындағы әріптестеріміз Ресейде – бұл көрсеткіш – 20, Беларусьте – 24, дамыған елдерде 40-50 пайызды құрайды, — деді Төлеген Берішбай.

– Еліміздегі осынау маңызды саланың әлі де кенжелеу дамуының негізгі себептері: кәсіпкерлер, әсіресе, ауылдағы шағын және орта кәсіп иелері мемлекеттің өздеріне жасап жатқан жеңілдіктерін, қамқорлықтарын жете білмейді. Түсіндіру жұмыстары төмен, несиенің пайыздық ставкасы жоғары, кепілдіктері жоқ, сауатты бизнес-жоспар жасай алмайды, төрешілдік факторы орын алады. Әлі де әртүрлі кедергілер мен қағазбастылықтар басымырақ.

Құрманғазы ауданы Ресейдің Астрахан облысымен шектеседі. Өңірдегі негізгі кәсіп – ауыл шаруашылығы, сонымен қатар балық шаруашылығы саласын дамытуда да атқарылып жатқан істер жоқ емес. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті өрге бастырудың мол мүмкіндіктері баршылық. Құрманғазылық кәсіпкерлер өздерінің бағып жатқан төрт түлік малының, өсіріп шығарған егінінің өнімдерін өңдеп, ұқсатып халыққа ұсынуда қандай тірлік жасауда? Өндірген өнімдерінің сапасы қалай, тұтынушы сұранысын қанағаттандыра ма? Күні кеше Қазақ елі ресми түрде жаһандық еркін сауда кеңістігінің 162-ші мүшесі атанды. Ендеше, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуі нарық талабына сай өнімдерді бәсекеге қабілетті сапамен сыртқа шығарып сату үшін қандай мүмкіндіктер береді? Мал, егін және балық өнімдерін заманауи технологиямен өңдеу, халық тұтынатын экологиялық таза өнімдерді өңдеп, ұқсатып шығару үшін шетелдік инвесторларды  тартудың тиімді жолдары қандай? Жалпы аудан кәсіпкерлерін нендей мәселелер толғандырады? — деді Т.Берішбай.

«Атырау» газетінің шолушысы Бақытжан Жұмат «дөңгелек үстелді» жүргізіп отырды.

Аудандағы кәсіпкерліктің бүгінгі жайы және оны дамытуда қолға алынып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров баяндады.

— Биылғы жылдың мамыр айынан бастап ауданда кәсіпкерлік бөлім ашылды. Енді осы бөлім тікелей шағын және орта бизнеспен айналысушылардың мүддесін қорғап, кеңес беріп, барынша жәрдемдесетін болады. Сол сияқты, жақында Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы құрылып, бұл құрылым да кәсіпкерлердің сапалы, нәтижелі жұмыс жасауына ықпал етуі тиіс.

2013 жылдың қыркүйегінде жеті  несие серіктестігі құрылды. Олар 7 пайызбен несие берді. «Атырау әлеуметтік қолдау қоры» арқылы Көптоғай ауылдық округінде биыл екінші жыл картоп, бақша, көкөніс егіліп, біршама нәтижеге қол жеткізді. Өнімдер Атырауда және аудан орталығында арзан бағамен өткізілуде. Қазір сол шаруа қожалығында 70 гектар жерге кеш пісетін картоп егіліп, өсірілуде. Егістікте дақылдарды тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Мұнда Ресейдің көршілес Краснояр ауданынан егіншілер келіп жұмыс жасайды, әрі олар жергілікті тұрғындарды озық тәсілді тезірек меңгеруге үйретуде.

Жалпы аудан бойынша биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысымен кәсіпкерлік нысандар саны 2196-ға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 150 бірлікке өсіп отыр. Жыл басынан бері үш дүкен, үш тойхана, бір мешіт ғимараты, бір сауда кешені пайдалануға берілді.

ТЫҢ  ЖОБАЛАР – ИГІЛІККЕ

 Түрлі қаржы көздері арқылы 1063 адамға 1054,8 млн. теңгенің несиелері берілді. Ауданда «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасына сәйкес бірінші бесжылдықта «Құралай» корпорациясына қарасты «Досжан и К» және «Каспиан Фиш Атырау» ЖШС-нің құны 530 млн. теңгені құрайтын инвестициялық жобалары республикалық индустрияландыру картасына енгізілді. «Досжан и К» серіктестігінде заман талабына сай қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа ламинатталған қамысты-жаңқалы тақтайшалар шығарыла бастады.

«Ганюшкин егін өнімдері» ЖШС-гі тұрғындар сұранысын өтеу мақсатында 20 млн. теңге несие алып, шағын сүт зауытын іске қосты. Қазіргі уақытта тұрғындардан сүт қабылдап, алты  түрлі сүт өнімдерін тұтынушыларға ұсынып отыр. Сол сияқты,  бұрын түрлі кірпіш шығаратын «Талап» зауыты енді жергілікті құрылыс материалдарынан керамзит шығарып сатуда. Ал, «Е.Құбашев» шаруа қожалығы құны 15 млн. теңге тұратын ет өнімдерін дайындайтын цехты, «Е.Сәрсенбаев» шаруа қожалығы әуесқой балық аулау және туристік базаны пайдалануға берді. «Құралай» корпорациясына қарасты Шортанбай балық цехы мен «Каспиан Фиш Атырау» балық зауыты сертификат алып, сапалы өнім шығаруда.  Өнімдері  еліміздің  аймақтары мен Ресейге жөнелтілуде.

Сұрақ: Еліміздің «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасына сай екінші бесжылдықта аудандағы бизнес өкілдері қандай жобалар ұсынып отыр, қазір қай деңгейде шешілуде? Қаржыландыру, жобалау, технологиялық жабдықтар жеткізу, мамандарды оқыту жайы қалай?

Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров:

ЗИЯНКЕСТЕРДЕН ЖЫЛАН ҚҰТҚАРАДЫ

— Қиғашта бір кәсіпкер сұйық сабын шығарады. Өнімі сапалы, құрамы таза. Адам ағзасына кері әсері жоқ. Алайда, өнім өткізу қиындық туғызуда. Енді ол өнімді насихаттап, тұрғындарға тиімділігін жеткізу, яғни, жарнамалау жағын мықтап қолға алу қажет. Құрманғазылық бір кәсіпкер бүгінде ойды-қырды жаулап алып бара жатқан кәдімгі ошағанды мал азығы ретінде пайдалануды көздеп отырған көрінеді. Нәтижесін болашақ көрсетер.

 Болат Абдолов деген азамат тоған шаруашылығымен айналысуға ниетті. Жоспарда бекіре тұқымдас балық өсіру де жоқ емес. Қарағандылық егін саласының маманы ауданнан 600 гектар жерге алма өсіру жөнінде жұмыстанып жүр. Зерделеу, саралау, жердің құнарлылығы, суару, өңдеу мәселелері күн тәртібінде. Жобалық-сметалық құжаттары жасақталу үстінде. Бір қызығы, дала зиянкестері – тышқан, атжалман, тағы басқаларынан егістікті қорғау үшін жыланды пайдалану керек екен. «Желден қорғану үшін бақ айналасына жыңғыл егілсе өте жақсы болады» дейді келген мамандар. 

ӨНІМДІ  ӨҢДЕСЕК ҰТЫЛМАЙМЫЗ

Сұрақ: Аудан бойынша жылқы, түйе шаруашылығын дамыту жайы, аналық мал басын көбейту арқылы шипалы сусын – қымыз бен шұбат өндіру, шағын цехтар ашып, жаңа технологиямен өңдеп, құтыға құйып халыққа сату мәселелерін көздейтін бизнес жобалар бар ма?

— Аудан тұрғындарын сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтып, түрлі ақылы қызмет көрсету мақсатында алдағы 1-2 жылға дайындалған жобалар жөнінде айтар болсақ, биыл, болмаса келер жылы ондай 15 жоба жүзеге асуы тиіс.

Атап айтсақ, үстіміздегі жылдың аяғына дейін «Сәтжан» шаруа қожалығы 30 жылқы мен 20 түйе сатып алып, қымыз және шұбат өндіруді, ал, келесі жылы құс шаруашылығымен айналысып, сапалы құс еті мен жұмыртқа өндіру мақсатында 1000 қаз және 1000 үйрек сатып алуды көздеп отыр. Жеке кәсіпкер А.Ділмағанбетов қамыстан «Арбалит» деген кірпіш, С.Лұқпанов вакуумды орамдағы тұшпара, қазы, жал-жая шығармақшы. Келер жылы «Әмина» ШҚ-ғы 20 гектар жерге тамшылатып суару тәсілімен алма және бақша дақылын егіп өсірмекші. «Бақыт» ШҚ-ғы түйіршіктелген шөп тағамы мен түйіршік отын ағаш – полимерлік композит өндіреді деп күтілуде» — деді аудан әкімінің орынбасары.

 

Сүт өнімдерін шығару жөніндегі  өз  ойын  ортаға  салған «Ганюшкин сүт өнімдері» ЖШС директоры Сағынжан Рахимов:

БАР ӨНІМДІ САТУ ҚИЫН

— Жоғарыда айтылғандай, сүт өнімдерін шығарумен айналысып, алты-жеті түрлі сүт, қаймақ, айран, сүзбе, тағы басқа тауарларымызды халыққа ұсынудамыз. Сапасы жақсы, өйткені, барлық өнім табиғи, еш қоспасы жоқ. Өзге жақтан шығатын бес-алты айға дейін сақталатын сүттің құрамы табиғилығынан айырылатындығын тұтынушылар білгенімен,  сапалы табиғи өнімнің қадірін әлі де жете түсінбей жүрген сыңайлы. Ал, табиғи дәруменге толы біздің өнімдер бір аптаға шыдайды. Құнарлылығы мол болғандықтан, ол кім-кімге де пайдалы, әсіресе, жас балаларға өте қонымды, жұғымды. Құмда малымен отырған шаруагерлер қымыз, шұбат өндіруге әнебір құлықты емес. Себебі, өнімді өндіргенмен, өткізуін қиынсынады. Технологиясы да қымбат.

 Тағы бір айтарым, өнімдерді сақтай білуіміз керек. Ауданда егінді өңдейтін үлкен цех, зауыт салу керек. Ауыл шаруашылығын дамытамыз десек өңдеуге, қайта өңдеуге ерекше көңіл бөлінгені жөн. Жарнамаға да назар аударған дұрыс. Өнімді халыққа өткізу үшін, әрине, жаңа технология, тиімді тәсілдер қолданып, сапасын жақсартып, түрлерін көбейтіп, тұтынушыны тарта білуіміз қажет.

Шаруа қожалығының жетекшісі Есболат Құбашев:

КӘСІПКЕРГЕ КЕДЕРГІ  КӨП

— Қожалық жылына 20 тоннаға дейін жас сиыр малының сапалы етін өндіреді. Жас малдың еті дәмді, пайдалы. Алайда, соңғы кездері тендерге жан-жақтан келіп түсушілер ебін тауып, ұтып кетіп жатады. Сосын өздерінің сапасыз еттерін тоғытады. Олай дейтінім, халықаралық тәжірибеде сиыр малының еті төрт-бес жастан асқан соң құнарлылығын жояды. Ал, қазір шет жерден келген ет өнімдерінің сапасын қарау, зерделеу жеткіліксіз.

Ауданға келген сүт пен еттің сапасын неге тексермеске дегенде, мораторий бар деген жауап аламыз. Осы дұрыс па? Биологиялық қоспасы көп сүт, ет, шұжық өнімдерін  адам ағзасына пайдалы деуге бола ма? Сондықтан, өзіміздің сапалы өнімдерімізді өзіміз пайдаланатын дәрежеге жеткізуіміз керек. Ет, сүт өнімдерін молайтамыз десек, сүт сауатын фермалар ашқан жөн. Тағы бір айтарым, бізде жұмыс жасаймын дегендерге кедергі көп. Мысалы, бір цех ашу үшін оған бірнеше цех ашатын қаржы жұмсаймыз. Газ, жарық мәселелерін шешерге  келгенде монополистер діңкені құртады. Сол сияқты, кейбір шаруагерлер мал өсірумен шұғылданбайды, есесіне осы мақсатқа алған жерлерінен тек пішен шауып, оны сатып қана жеңіл жолмен пайда көруге ұмтылады. Онымен кәсіпкерлік дами ма?

«Құрманғазы» несие серіктестігінің төрағасы Бержан Кенжебаев:

— Серіктестік ауыл шаруашылығы құрылымдарына несие берумен айналысады. Жоғарыдан несиелер жіберілгенімен, оның басым бөлігі негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жетпей қалады. Ауылдағы құрылымдардың  бөлінген несиенің тек 10-15 пайызына ғана қол жеткізуі шаруагерлерді қанағаттандырып отырған жоқ. Сол сияқты, мемлекеттік сатып алуға тапсырыс берілгенде бағалау ұсынысымен емес, конкурстық негізде болса, ауылдағыларға тиімді болар еді.

Сұрақ: Ауданда балық шаруашылығын дамыту, аулап, өңдеу, экспорттауда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де хабарлы болып отырайық. Биылғы тартым маусымы қалай өтті? Бекітілген балық аулау лимитін игеруге жағдай болды ма?

«Каспий таңы» өндірістік кооперативінің төрағасы Бақытжан Теміров:

БАЛЫҚТАН  ДА БЕРЕКЕ  КЕТТІ

— Қиғаш өзенінің бойында балық шаруашылығымен айналысып, күн көріп отырған 15 мыңдай халық бар. Олар балық аулайды, өңдейді, жалпы нәпақасын содан табуда. Алайда, соңғы жылдары балық шаруашылығымен айналысу өте қиындап кетті. Себебі, балық қорының азаюы бір бөлек, балық аулау мерзімі де өте қысқа. Жоғары жаққа бірнеше рет мәселе етіп қойсақ та, шешімі табылмай келеді. Көктем шыға лимит деп жүгіреміз, билет аламыз деп тағы салпақтаймыз. Қыс созылып, балық аулауға кеш шығамыз. Балықшыларымыз енді дұрыстап аулайын дегенде, «су маржандарының» нағыз мол жүретін кезінде аулауға тыйым салынады. Биыл тартым уақыты белгіленген 25 мамырда емес, 6 мамырда бітіп қалды. Бір ерекшелігі, біздің балықшылар ау, құрал-жарақтарын судан шығарып, ауылға қайтқанда бір өзеннің арғы бетіндегі ресейліктер бірінші маусымға дейін емін-еркін ауларын қайырып, Қиғаштың қара балығына қарық болды.

Бұл мәселе жыл сайын айтылады. Бірақ, шығып жатқан нәтиже жоқ.  Осылай бола берсе қаншама адам жұмыссыз қалып, қиналатыны айтпаса да түсінікті. Ауыл шаруашылығы салаларына несие, субсидия беріледі. Сол министрлік құрамындағы балық шаруашылығы комитеті балық аулаушы өндірістік кооперативтеріне неге субсидия бермейді. Осы мәселелердің алдағы уақытта дұрыс шешілгенін қалаймыз. Әйтпесе, балық өнеркәсібі тұралап қалады.

Сұрақ: Кәсіпкерлік қызметті бастауға ниетті адамдарға жер телімін беруде аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің, жылжымайтын мүліктің техникалық құжаттарын дайындауға қатысты мекемелердің қызмет көрсету жайы қалай?

Аудандық кәсіпкерлік палатасының төрағасы Ұлыбек Өтегенов:

 -Жұмысқа жаңадан кірістік. Шешуін күтіп тұрған мәселелер де баршылық. Барынша жағдаймен танысып, аудан әкімдігімен, кәсіпкерлік бөліммен бірлесіп, негізгі бірінші кезекте шешілуі қажет деген аса күрделі мәселелерге көңіл аударып келеміз. Ауданда 2744 кәсіпкерлік нысаны бар болса, солардың 1800-дейі жұмыс жасап тұр. Яғни, кәсіпкерлік субъектілерінің 65 пайызы өнім өндіріп, түрлі қызмет көрсетіп, тұтынушылармен тығыз байланыста екенін зерделеп білдік. 550 шаруа қожалығының 99 пайызы жұмыс жасайды. Жаңадан кәсіп ашып, кәсіпкерлік қызметті бастауға ниетті адамдарға жер телімін беруде, тиісті құжаттарын дайындауда аудандағы құзырлы органдардың тарапынан кедергі жоқ.

Біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы берген нұсқауларды басшылыққа алып, жүктелген міндеттерді атқара беретін боламыз.

Сұрақ:  Малдың жүнін, терісін өңдеуді ұйымдастыру үшін қандай шаралар алынуда? Кәсіпкерлердің бұған ынта-қызығушылығы бар ма?

«ҚОЙДЫҢ ЖҮНІН ӨРТЕП, ТЕРІСІН КӨМІП  ЖАТЫРМЫЗ»

Бұл – шаруа қожалығының жетекшісі Өтежан Дайыновтың жанайқайы.

— Елбасының тапсырмасына сай ауыл шаруашылығын, соның ішінде, мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыстанудамыз. Алайда, сол малды бағып, өсіруде көп қиындықтарға кездесеміз. Біріншіден, қыр өңірінде ауыз су тапшылығы айқын сезіледі. Тереңдегі су көзінен су алу үшін қыруар қаржы кетеді. Мысалы, 22-23 метр тереңдіктегі жерден ұңғыма қазып, су алу шамамен 400 мың теңгеден астам қаржы шығындайтынына көзім жетті. Бұған екінің бірінің жағдайы тартпайды ғой.

Екінші мәселе – мал азығы. Қуаңшылық жағдайда шөп жоқ. Ал, азықсыз мал өспейді. Теңіз өресінен пішен шауып, Азғыр өңіріне тасу өте тиімсіз. Сондықтан, басқа көздерін қарастыру қажет. Үшіншіден, малды бағып өсіреміз. Бірақ, соларды өткізу де оңай шаруа емес. Қой малын қайда өткіземіз? Бізге бағыт-бағдар берілсе. Біздің қожалықта үш мыңдай қой бар. Әр қойды 200 теңге төлеп біреуге қырқытамыз. Алынған қанар-қанар жүнді өткізетін жер жоқ. Амалсыздан жыңғыл арасына апарып, әлгі жүнді өртейміз. Қой терісі де солай.

Малдың жүні мен терісін бағалы шикізат ретінде неге өңдеуді бизнес өкілдері қолға алмайды? Баяғы шикізат дайындау конторы деген мекеменің қызметін атқаратын құрылым керек сияқты. Малдың жүн-терісін жинауға жағдай жасаса, құм астында көміліп қалмай, пайдаға асар еді. Мал бордақылау жөнінде әңгіме қозғалғанына да біраз болды. Әзірге өлі нүктеден алға жылжыр емес.  Тек бірлесіп, ойластырып, шешкен жөн.

 Мал сырғасын алуда да кейде қиындықтарға кездесіп қаламыз. Мал шаруашылығымен айналысуға болады, жақсы өнім де алынады. Тек сол үшін қолайлы жағдай жасалуы керек. Мысалы, күннен немесе желден қуат алатын энергия күші, яғни, шағын станса, қондырғылар болса, әрі жарық, әрі теледидар, әрі тоңазытқыш жұмыс жасап, малшылар да өнікті еңбек етер еді. Айта берсе,  мәселе көп. Қарабайлы арқылы Азғыр өңіріне бару үшін қатты жүйке керек. Өйткені, шекарадан өткізбейді. Екі ел арасында кедендік, басқа да бірнеше келісім бар бола тұрса да, шекарадан өту шешіліп тұрған жоқ. Жүк көліктерін мүлдем өткізбейді.

Сұрақ:  Халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, егін өсіру, жылыжай шаруашылығын жолға қою, көкөніс өнімдерін сақтау мен консервілеу, екінші нанымыз – картоп өсіру жайы қалай шешілуде? Мал тұқымын асылдандыру бағытында жүзеге асырылып жатқан қандай жұмыстар бар? Әсіресе, Президенттің тапсырмасына сәйкес ет бағытындағы мал басын көбейту, сыртқы нарыққа ДСҰ талабына сәйкес ет өндірудің қадамдары қандай?

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Салауат Ниғыметов:

-Күні бүгін ауданда төрт ауыл шаруашылығы  құрылымы – Құрманғазы, Мақаш, Сүйіндік, «Ақжонас» ЖШС-тері асыл тұқымды еділбай қойын, Құрманғазы өндірістік кооперативі асыл тұқымды қазақтың айыр өркешті түйесін және «Рсай» шаруа қожалығы асыл тұқымды қазақтың жабы  жылқысын өсірумен айналысып келеді.

Жүргізілген мониторинг бойынша жыл аяғында ауданда 14200 бас жылқы және 4900 бастай түйе қалуы тиіс. Олардың ішінде 6,3 мыңдайы бие, 2,5 мыңы інген. Құрылымдар мен шаруа қожалықтарында биенің – 45, інгеннің 46 пайызы шоғырланған. Осы малдан аудан тұрғындарын сапалы қымыз және  шұбат өнімдерімен қамтуға мүмкіндік бар.

Алайда, шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары түрлі себептермен шұбат, қымыз өндірумен жеткілікті шұғылданбайды. Жеке қожалықтар негізінен қымыз бен шұбатты өз қажеттіліктеріне пайдалануда. Шаруашылықтардан тек Құрманғазы өндірістік кооперативі ғана шұбатты базар арқылы тұтынушыға ұсынып отыр. Бұл орайда айтарымыз: шұбат пен қымыз өндірсе, ол өнім толығымен өтеді. Сондықтан, шаруашылық басшылары, округ әкімдері өз ұжымдарында түсінік жұмыстарын жүргізіп, адамға аса пайдалы қымыз бен шұбатты өндіруге түбегейлі бетбұрыс жасаса екен дейміз.

Кезінде Ганюшкин сүт зауыты нарыққа көшпей тұрғанда да құтыдағы қымыз, шұбат, айранды шығарып, сатты емес пе? Дүкенде «сиырдың сүтінен жасалған қымыз», «Тан», «Тандем» деген аты да, заты да онша оңып тұрмаған тағам, сусындарды ішкенше, табиғи өз өнімімізді неге ішпейміз деген ой туындайды.

Шаруа қожалығының жетекшісі Өтежан Дайыновтың жүн-тері өткізудегі қиындықтарды мәселе етіп көтеруі өте орынды. Болашақта бұл да ілгері жылжыр деген үміттеміз. Өйткені, биылдан бастап облыста жүн өнімдерін алғашқы өңдеумен шұғылданатын «Атырау-ПОШ» ЖШС-гі жұмыс жасай бастады.

«Дөңгелек үстел» барысында «Құралай» корпорациясының өкілі Батырбек Әміров несиені ауданда беруге қол жеткізу керектігін айтса, жеке кәсіпкер Мирғали Ғабдушев зоотехникалық және малдәрігерлік жұмыстарды жетілдіру жөнінде пікірімен бөлісті. Басқа да қатысушылар өнім сапасын жақсарту, қызмет түрлерін көбейту мәселелері бойынша ойларын ортаға салды.

Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров облыстан келген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сүбелі сөз қозғап, келелі мәселелер көтергені үшін алғыс айтып, шығармашылық шабыт тіледі.

«Дөңгелек үстел» жанындағы кездесу соңында «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Төлеген Берішбай «Серпер» газетінің 85 жылдық торқалы тойына демеушілік жасаған бір топ кәсіпкерлерге, шаруашылық басшылары мен шаруа қожалықтарының жетекшілеріне Алғыс хаттар тапсырды.

Елімізде шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін көтеру үшін кәсіпкерлікті барлық өңірлерде және ең бірінші кезекте шикізаттық емес секторды дамытуға бағыттау қажет болып отыр ғой. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру республикамыз үшін өте маңызды қадам екені даусыз. Біздіңше, ұсынылатын өнімдер мен қызметтер сапасы мәселелеріне тауар өндірушілер мен қызмет ұсынушылардың өздері барлық уақытта көңіл бөлуі тиіс. Қытай тәжірибесі, қытай тауар өндірушілері ДСҰ-на мүшелікке өтуі мен кіргеннен кейінгі бәсекелестікті күшейтіп, өздерінің өндірістік әрекеттерін алдын ала жетілдіргендігін көрсетті. Қазақстанда ДСҰ тауарларының кедергісіз қозғалысы үшін экономикалық және сауда шекаралары ашылмақ. Қалай болғанда да, отандық өнім өндірушілер бизнестің тиімділігін арттыруға  қол жеткізулері қажет.

Бақытжан ЖҰМАТ.
Суреттерді түсірген Асанәлі АСҚАРҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button