Жарнама
Экономика

ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

— Қарағым, Ерімжан, «заманына қарай амалы» деген, біз кезінде оқи алмадық, айтпағым, біздің шаңырақтан да бір оқыған адам шықсын, оқы, білім ал, — деп әкесі бірде оған ақ батасын бергені бар-ды.
Міне, осы сөз оның жігерін жаныды, намысын оятты. Содан ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, оны тәмамдаған соң қаладағы кәсіптік училищеде шебер болып жасады. Осы салада жүріп 1966 жылы Гурьев педагогикалық институтын сырттай оқып бітіріп, алғашқы ұстаздық жолын Балықшы ауданындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы орта мектепте бастады. Жас маман ұстаздық қызметінде жаңашыл да ұйымдастырушылық қырынан танылып, төрт жылдан кейін кешкі жастар мектебінің директорлығына тағайындалды.
Ал, 1978 жылы аудандық оқу бөлімі оған зор сенім артып, Жамбыл атындағы орта мектептің директоры етіп тағайындайды. Ерім қай оқу орнында басшылық қызметте болмасын, білім беру сапасын арттырып, әрі өзінің де педагогикалық шеберлігі мен тәжірибесін шыңдай білді.
Сол жылдары мектептің оқу мен тәрбие жұмысында үздік көрінген жаңашыл директорға аудандық партия комитеті «Қызыл балық» колхозының партия ұйымы хатшылығы қызметін жүктейді. Осы қызметте істеген екі жыл ішінде Ерім Харипов колхоздың шаруашылығын дамыту ісіне біраз тер төкті.
1984 жылдан өмірінің ақырына дейін «Жасталап» оқу-өндірістік комбинатының директоры болып істеді. Ол өзіне жүктелген қандай жұмыста болмасын сезімтал, өзіне де, өзгеге де талапшыл, тапсырылған іске асқан жауапкершілікпен қарады. Оның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қарымы осы оқу-өндірістік комбинатты басқарған жылдарда ерекше байқалды.
Кеңес үкіметі ыдыраған жылдары жер-жердегі оқу комбинаттары жабылып, ғимараттары жекешелендіріліп, дүние-мүліктері талан-таражға түскенде «Жасталап» оқу- өндірістік комбинатының директоры, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Ерім Харипов жаңалық атаулыға жаны құмар, қайта құру талаптары тұсында білікті басшыға тән қырынан көріне білді. Ауыл балалары мамандық алып шықсын деп, өз қолымен құрған оқу-өндірістік комбинатын жаптырмау жолында талай басшы орындардың есіктерін тоздырды.
Аудандағы бір совхоз, төрт колхозбен келісіп, егістіктен 5-10 гектарға дейін жер алып, сыпырғыш, пияз, картоп дақылдарын егіп, комбинат ұжымы мен оқушыларға жазғы еңбек лагерін ұйымдастырып, өзін-өзі қаржыландырып, табыс табуға ықпал етті. Ол қаражатқа оқу комбинатының материалдық базасын жақсарту бағытында керекті құралдар мен техникаларға жанар-жағармай, бөлшектер алынды. Оқушыларға еңбекақы төледі.
1987 жылы Атырауға жазда іссапармен Білім министрлігінен келген комиссия облыстағы оқу комбинаттарының жазғы еңбек лагерьлерін аралау кезінде осы оқу-өндірістік комбинатында болып, егіс даласында ескі техникалармен еңбек етіп жүрген оқушыларды көріп қайран қалады. Оқушылардың еңбекке деген жігерлі істеріне тәнті болған министрліктің өкілі Алматыға барғаннан кейін аталмыш оқу-өндірістік комбинатына арнайы екі техника бөлгізіп, су жаңа шынжыр табанды ДТ-75 пен дөңгелекті МТЗ-80 тракторын бергізеді. Оқу комбинатына Аджип ҚКО компаниясы жаңа ВАЗ-2106 автокөлігі мен бір компьютер береді.
Осылайша оқу-өндірістік орнының шәкірттерді оқумен қатар, пайдалы еңбекке баулудағы жинақтаған іс-тәжірибесі республика көлемінде кеңінен таратылды. Бұл орталыққа Ерім Қаріпұлы басшылық еткен жылдарда бірнеше жүздеген маман оның қабырғасынан білім алып, осы күндері халық шаруашылығының түрлі салаларында жемісті еңбек етіп жүр.
Заман талабына сай 2008 жылы қыркүйекте қала әкімі мен білім бөлімінің бұйрықтарымен бұрынғы ескі атауларды жаңарту арқылы оқу-өндірістік комбинаты мен қаладағы техникалық мектеп қосылып, «Жалпы білім беретін орта бейіндік мектеп» деген атаумен қайта құрылды. Бұл жаңа жүйе бойынша оқушылар бұрынғыдай он бірінші сыныпты бітірген кезде автокөлік жүргізушісі, трактор жүргізушісі, тігінші, шаштараз мамандықтарын қоса алып шығады. Егер жоғары немесе арнаулы оқу орындарына түсе алмаған жағдайда осы алған мамандықтары бойынша жұмыс жасай алады. Бұндай мектептердің ауылдық жерлер үшін өте қажеттігі байқалады.
— Ерекең ағамыздың өз ғұмырында тындырған ісі, сіңірген еңбегі аз емес, — дейді бір кездегі шәкірті Нәрік Дүйсенұлы. — Сөйте тұра қашанда ақжарқын, кішіпейіл, қарапайымдылығынан еш танған жоқ. Мінез бен істің үйлесімі жарастық тауып, қадірін арттырып тұрғаны сезілетін. Жүріс-тұрысында, сөз саптауында тектілік байқалатын. Қашанда ілтипатты, елгезек көрінуі, біреуге жанашыр болып көмектесуге бейім тұруы да сондықтан шығар. Кімнен өнеге алдық, кімді өнеге тұтамыз? Осы сұрақтарға жауап іздегендей жан-жағымыздағы адамдарға үңілетініміз бар. Осындайда Ерекең ағамыз ойға оралады. Мүмкін болса, аяулы ағаны есте қалдыру үшін өзі құрған оқу орнына немесе ауылдың бір көшесіне есімін беріп жатса, қандай ғанибет.
«Тектіден текті туады, атаның жолын қуады» дегендей, Ерім Қаріпұлының биік парасаттылығы, алыстан шолатын ой-өріс кеңдігі, біліктілігі мен еңбекқорлығы ұл-қыздарына дарыған. Ерекең денсаулық саласында ұзақ жыл еңбек еткен қосағы Дәмеш жеңгей екеуі өнегелі отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Ұрпақтары әке жолын қуып, педагогтік мамандықты таңдады. Махамбеті мектепте автоісі мамандығынан дәріс берсе, жолдасы Зарухан – Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Раушаны аталмыш мектепте орыс тілі маманы болса, күйеу баласы Жасталап та қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Ал, бүгінде мектеп басшылығын Ерекеңнің кіші ұлы Бейімбет жалғастырса, келіні Талшын да – білікті ұстаз. Кенже қызы Рашида облыстық өлкетану мұражайында директордың орынбасары болып істесе, жолдасы Мадияр – мұнай өндірісінің маманы. Осы ұл-қыздарынан өрбіген немере- жиендері – Ерекең шаңырағының көз-қуаныштары.
Жаны жайсаң, нар тұлғалы азаматтың 68 жасында көз жұмғанына да, міне, жеті жылдың жүзі болып қалыпты.Уақыт не деген жүйрік десеңізші. Әрине, Ерім Қаріпұлын көзін көрген, сыйлас, сырлас болған әріптестері, достары, ағайындарымен бірге шәкірттері де сағына еске алады. Ең бастысы, ол – адал еңбек қана мұратқа жеткізетінін кейінгі буынға үлгі етіп кеткен жан.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button