Олжас Бектенов Президенттің Атырау облысындағы мұнай, газ химиясын және өнеркәсіпті дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді
Атырау облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов өңір өнеркәсібінің дамуымен танысты. Индустриалды компанияларға, мұнай-газ химиясы секторының кәсіпорындарына барды. Президенттің терең өңдеуге көшу және өнімнің ішкі құнын арттыру арқылы экспорттың шикізаттық бағытынан бас тарту және экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмасының орындалуы тексерілді.
Атырау облысы еліміздің мұнай-газ химиясы саласындағы жетекші өңірі. Мұнда мұнай қорының 80%-на дейін шоғырланған, Теңіз бен Қашаған ірі кен орындары орналасқан. Қашағанда қазіргі уақытта жобалық қуаты жылына шамамен 1 млрд текше метр болатын «GPC INVESTMENT» ЖШС газ өңдеу зауытын салу бойынша ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Үкімет басшысына шикі газды қайта өңдеудің ұлттық бағдарламасы аясында жұмыс жүргізіліп жатқаны баяндалды. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары 11%-ға аяқталды, бұл ретте нысанның жалпы дайындығы 23%-ға жетеді.
Олжас Бектенов QazaqGaz компаниясы қатарлық инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобаның маңызын атап өтті. Зауытты пайдалануға беру еліміздің өңірлеріне қосымша газ көлемін жіберуге мүмкіндік береді. Үкімет басшысы Энергетика министрлігі мен QazaqGaz-ға кәсіпорын құрылысының қарқынын жеделдетіп, 2026 жылға дейін аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ Премьер-Министрге мұнай-газ саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының Қашаған кен орнынан зауытқа шикізатты тасымалдауды қамтамасыз ететін құбыр салу жобасын іске асыру жөніндегі жоспары туралы мәлемет берілді. Мәселен, бүгінгі таңда NCOC QazaqGaz-бен бірлесіп жылына 700 мың тоннаға дейін сұйытылған көмірсутекті газды нарыққа жеткізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге жылына 1 млрд. текше метр газ тасымалдауды қамтамасыз ететін құбыр инфрақұрылымының құрылысын аяқтауда. Өз кезегінде, Фаза 2А жобасы жылына 2,5 млрд текше метр, ал Фаза 2B – 6 млрд текше метр газ тасымалдауды көздейді. Іске асырылып жатқан жобалар Қазақстанда ішкі газ жеткізілімдерін ұлғайтуға бағытталған.