Өз өніміміз өгейсімесін десек…
Бізде көп дүниені «шетелдің мамандары жасай алады» деген түсінік қалыптасқан. Шынында қолынан іс келетін, сол тауарды өндіріске енгізіп жүрген жергілікті компаниялар да аз емес. Бұл туралы Атырауда мұнай-газ секторындағы отандық тауарлардың үлесін арттыруға арналған «KazService» және «Теңізшевройл» ЖШС ұйымдастырған семинарда сөз болды.
Семинар жергілікті қамтуды дамытуға, отандық мұнай-газ жабдықтарын өндірушілерді, сондай-ақ «Теңізшевройл» сатып алатын тауарлар мен өнімдердің сапасына қойылатын талаптарды көрсету арқылы жұмыстарды (қызметтерді) жеткізушілерді қолдауға бағытталған. Өңірде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар пайдаланатын құрал-жабдықтың тең жартысын жергілікті мекемелер шығарады екен. Осы жайтты атап көрсеткен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов көрсеткішті арттыруға байланысты бірлескен жұмыстың қажеттігіне тоқталды.
– Облыстың индустриалды тұрғыда дамуы үшін бір орында тоқтап қалмай, өзімізді өзіміз өсіруіміз керек. Жергілікті қамтуды одан әрі дамыту және мұнай-газ компаниялары үшін отандық тауарларды жеткізу мен қызмет көрсетуді арттыру мақсатында облыс әкімдігі ірі операторлармен алдағы бес жылға тауарлар, жұмыстар, қызметтер және қазақстандық мамандар үлесінің нысаналы индикаторларын белгілеп, арнайы Меморандумға қол қойды. Мұндай қолдаулар келешекте де жалғаса береді. Жергілікті тауар өндірушілерге сенім артсақ, олардың қолынан келмейтін іс жоқ. Біз қолымызда бар нәрсенің қадірін біле бермейміз. Көпшілігі шеттен тауар ала салғанды құп көреді. Егер біз өз-өзімізге сенбейтін болсақ ілгері дамымаймыз. Сондықтан, жергілікті компанияларға сенімім мол. Айталық, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС-дегі 110 текше метрлік колоннаны жасап шығарған «АтырауНефтеМаш» ЖШС-гі. Оған қоса биыл атыраулық компания Катар елінде жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Осы форум облыста жаңа өндіріс ошақтарын ашуға серпін береді деген сенімдемін, — деді Серік Жамбылұлы.
Отандық өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасау тек республикалық деңгейде емес, жергілікті жердің экономикалық тұрғыда өсіп-өнуіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі екенін атап көрсеткен облыс басшысы қазір облыста шағын және орта бизнестің үлесі 21,4 пайыз екенін айтты.
Атырау облысында қазір 22 ірі, 21 орта, 625 шағын өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Жалпы саны 68 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Облыс бойынша жергілікті қамтудың үлесі – 52 пайыз.
Семинарға қатысқан республика Энергетика вице-министрі Арымбек Құдайберген жергілікті қамтуды дамытудағы министрліктің әлеуетін және стратегиялық мақсаттарға жету үшін бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасында тығыз ынтымақтастықтың қажеттігін айтты.
– Биыл мамыр айында елордада үш кен орнының операторы мен отандық тауар өндірушілер арасында жалпы сомасы 240 миллион АҚШ доллары болатын 23 келісім-шарт жасалды. Бүгін өтіп жатқан Атыраудағы басқосу елдегі жергілікті қамтуды дамыту бойынша министрлік тарапынан жүргізіп жатқан жұмыстың жалғасы болды, — деді вице-министр Құдайберген Берікұлы.
Ал, «KazService» ЖШС-нің басшысы Рашид Жақсылықов отандық өндірушілерді қолдау және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Биылғы жарты жылда ТШО-ның тауарлар, жұмыстар және қызметтеріндегі жергілікті қамтудың үлесі 68% болды. Отандық өндірушілерге жасалған жеңілдіктер туралы айтқан компанияның бас директоры Кевин Лайон мұның жеткізушілердің ірі тендерлерге қатысуына мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Былтыр бірлескен компанияның барлық сатып алулары арасында жергілікті тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің үлесі 70 пайыздан асып, қаржыға шаққанда 3,9 миллиард АҚШ долларын құраған.
Жақында серіктестіктің өндіріске техникалық қызмет көрсету, жөндеу, пайдалануға және қорғаныс материалдарын жеткізуге арналған стратегиялық тендерлерінің нәтижелері жарияланды. Оның қорытындысы бойынша, жергілікті компаниялармен ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасалған. Сонымен қатар, түрлі электрлік және механикалық материалдар, құралдар мен сүзгілер, құбырлар, фитингтер, фланцтар, тығыздағыштар мен бекіту материалдары, сондай-ақ жеке және өрттен қорғау құралдары сатып алынатыны белгілі болды.
Қазақстандық компаниялардың жобаларға қатысуына мүмкіндік беру жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Өндірісті оқшаулау, импортқа тәуелділікті азайту және елдің технологиялық әлеуетін дамытуға да зор ықпал етеді.
– ТШО жаңа келісім-шарттар, тендерлер және бірлескен жобалар арқылы олардың дамуына ықпал ете отырып, отандық компаниялармен әріптестік қатынастарды нығайтуды жалғастырады. Осындай ынтымақтастық біздің жобаларымызға пайда әкеліп қана қоймай, Қазақстанның экономикасы мен өнеркәсібіне елеулі үлес қосатынына сенімдіміз. Біз қазақстандық кәсіпорындарды қолдау, технологияларды беру және жергілікті әлеуетін арттыру шараларын белсенді жүргізіп келеміз. Соңғы 31 жылда Қазақстаннан 50 миллиард долларға жуық тауарлар мен қызметтер сатып алдық. Біздің жетістіктерімізде жергілікті мердігерлер мен қызметкерлері маңызды роль атқарады, — деді К.Лайон.
Семинарға қатысушылар отандық өндірісті қолдау және дамыту, ірі операторлар мен жергілікті жеткізушілер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, салықтық жүктеме мәселелері және оның мұнай-газ саласына әсері, мұнай-газ секторындағы әлеуметтік жауапкершілік және экологиялық аспектілер туралы талқылауға үн қосты. Бұл басқосудың нәтижелері елде жергілікті қамтуды дамытуға және экономикалық әлеуетті нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенім мол.
Семинар барысында «ATV», «Newtech Systems Group», Tynys, «ГлобалСпецОдежда», «Aleks», «Oil Qazaqstan Group», «Borkit Safety» сынды жергілікті компаниялардың стендтері мен өнімдері қойылған көрме де қатысушылар назарына ұсынылды.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ