
Өңірлік дамудың жаңа кезеңі басталады
Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Бұл жоспардың басты мақсаты – жалпы өңірлік өнім көлемін ұлғайту, инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу және шағын әрі орта кәсіпкерлік үлесін кеңейту болып табылады.
Кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Атырау облысының жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 8,9 трлн теңгеге дейін жеткізілуі көзделуде. Бұл көрсеткішке қол жеткізу негізінен нақты секторлар – өнеркәсіп, оның ішінде тау-кен өндірісі, құрылыс және қызмет көрсету салаларының дамуы есебінен жүзеге аспақ.
Өнеркәсіп саласында 8800 жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарланған, оның ішінде 2300-і тұрақты, ал 6500-і уақытша жұмыс орындары болады. Бұл өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және халықтың табысын арттыруға оң ықпал етуі тиіс.
Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 2020 жылғы 526,4 млрд теңгеден 2025 жылы 756 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Бұл мақсатқа жету үшін өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа кәсіпорындар ашу және қолданыстағы өндіріс орындарын кеңейту шаралары жүзеге асырылады.
Жоспар шеңберінде негізгі капиталға тартылатын инвестициялар көлемі 7,9 трлн теңгені құрайды. Бұл инвестициялар өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және жалпы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталады.
Алмас ҚАБДОЛ