
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті нығайды
2025 жылдың алғашқы жартысында облыс экономикасында айтарлықтай өсімге қол жеткізілді. Нақтылай айтқанда, бұл кезеңде экономиканың дәстүрлі салаларымен қатар өңдеу өнеркәсібінің үлесінің артқаны байқалды.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, есепті мерзімде облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,2%-ға ұлғайып, 6,9 трлн теңгеге жетті. Дамудың басты драйвері ретінде бұрынғысынша мұнай-газ секторы аталды. Атап айтқанда, “қара алтын” өндіру көлемі – 31 млн тонна (+18,9%), ал ілеспе мұнай газы – 15 млрд текше метр (+6,3%).
Өңдеу өнеркәсібінде де қалыпты даму динамикасы сақталып, жалпы сомасы 460 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Физикалық көлем индексі – 100,1%-ды құрады. Тек химия өнеркәсібінің өзінде өндірістік көрсеткіштер 36,7%-ға өсіп, бұл көрсеткіш 105,4 млрд теңгеге жеткен.
Аймақта шикізатты терең өңдеуге бағытталған мұнай-химия кластері қалыптасуда. Биылғы жылдың басынан бері KPI зауытында 219 мың тонна полипропилен өндірілген. Сарапшылардың болжамынша, жыл соңына дейін бұл көлем екі есеге артады.
Жаңа кәсіпорындар қазірдің өзінде медицина, құрылыс салалары мен тұрмыстық қажеттіліктер үшін сұранысқа сай өнімдер шығарып отыр. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Осындай өсім басқа салаларда да байқалып отыр. Мәселен, құрылыс материалдары өндірісі – 43%, ал машина жасау – 61,3%-ға артты. Бұған оң ықпал еткен маңызды фактордың бірі – соңғы жылдары Атырауда TEXOL компаниясының жүк вагондары мен доңғалақ жұптарын шығаратын зауыт пен шеберханасының іске қосылуы.
– Анығын айтқанда, бұл кәсіпорындардың ашылуы ішкі сұранысты өтеуге ғана емес, сонымен қатар өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға даңғыл жол ашады, – дейді мамандар.
Дәулетқали АРУЕВ
Сурет: gov.kz