
Өнеркәсіп қайтсе дамиды?
Атырау облысының даму жоспары – инвестиция мен кәсіпкерлікке серпін
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын ресми түрде жариялаған болатын. Бұл құжатта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты шаралар мен мақсаттар айқындалған.
Атырау облысы бүгінде шетелдік инвестиция тарту бойынша еліміздің өңірлері арасында көшбасшы болып табылады. 2021-2025 жылдары өнеркәсіп саласында негізгі капиталға 13,4 трлн теңге көлемінде инвестиция құю жоспарланған. Нәтижесінде, 2025 жылы 1 800 жаңа жұмыс орны ашылып, өңдеуші өнеркәсіп көлемі 756 млрд теңгеге дейін өседі деп күтілуде.
Сонымен қатар, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар қабылдаған ұзақ мерзімді шаралар аясында «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған» ұлттық жоба іске асырылуда. Бұл жоба өңірде шағын және орта кәсіпкерліктің (ШОБ) дамуына серпін беріп, олардың санын 60 мыңнан 65 мың бірлікке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, 2025 жылы ШОБ үлесін 25,2%-ға жеткізу және олардың өнім шығару көлемін 3 трлн теңгеге дейін арттыру көзделген.
Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, Атырау облысының бұл даму жоспары аймақтың экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, халықты жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге және өңірдің жалпы әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ