ӨҢІРАРАЛЫҚ ФОРУМ: ЫРЫСҚА БАСТАР ЫНТЫМАҚ
Көшелердегі жолдарды жөндеу жұмыстары қазір қарқынды жүргізіліп жатыр.
«Гүл сағаты», «Ротондылар» сәулеттік кейіптер, жоспарланып отырған «Ретро парк», «Жастар саябағы» да кезегінде қаламыздың сәулетін келтіріп, әрін аша түсері анық. Әсіресе, әуежайға барар жолдағы ауқымды жұмыс бірден көзге түсіп, қаламыздың кіреберіс қақпасы саналатын аумақты гүлдендіріп-ақ тұр.
«Көмірсутектер саласындағы инновация» тақырыбындағы аталмыш Форум кезінде көптеген ресми шаралар өткізу жоспарлануда. Атап өтетін болсақ, Мемлекет басшыларының қатысуымен пленарлық отырыс өткізіліп, төрт тақырып бойынша көрме ұйымдастырылмақшы. Бірінші тақырып «Көмірсутек шикізатын өндіруді ұлғайту үшін инновациялар», екінші тақырып «Тасымалдау және қайта өңдеу», қалған тақырыптар «Жабдықтар және техникалық құралдар», «Экологиялық қауіпсіздік» деп аталады. Бұған қоса, Іскерлік кеңес және Жастар Форумы өткізілмек.
ХІ Форумның «Көмірсутектер саласындағы инновациялар» тақырыбында өткізілуін Елбасы өзі ұсынған болатын. Мұнда екі ел арасындағы көмірсутектер саласында инновациялық технологияларды қолдану және озық тәжірибемен, ғалымдардың көзқарастарымен бөлісу мәселелері талқыланады. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мамандарының айтуынша, Мемлекет басшыларының пленарлық отырысы «Салтанат сарайы» ғимаратының үлкен отырыс залында өтетін болады. Форумның өтуі екі жұмыс күні болып белгіленіп отыр.
Форумдағы маңызды шаралардың бірі — Іскерлік кеңес жұмысы. Екі мемлекеттің кәсіпкерлер бірлестіктерінің ұйымдастыруымен Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесінің отырысы өтетін болады. Бұл отырыс екі ел кәсіпорындарының арасындағы тығыз іскерлік қатынасты қалыптастырып, заманауи технологияларды қолдануға, мұнай-газ саласындағы жаңа байланысты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ірі басқосуларда ұйымдастырылатын шаралардың бірі–көрме. ҚР Мұнай және газ министрлігінің жауапкершілігімен көлемі 2500 шаршы метр болатын залда көрме ұйымдастырылмақшы. Көрме экспонаттарына 1100 шаршы метр аумақ бөлінген. Шамамен 60 кәсіпорынға орын белгіленген. Соның ішінде 30-ы шеттен келетін кәсіпорындарға арналған.
Бұл жолы да Жастар форумын өткізу көзделіп отыр. Форумның өтуіне «Казэнерджи» қауымдастығы жауапты екен. Бүгінгі күні жалынды жастар форум тұжырымдамасы жобасын жасақтау үстінде.
— Қазақта «өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген қанатты сөз бар. Бұл жасалып жатқан жұмыстардың барлығы да халық үшін деп есептеймін. Өйткені қонақтар келеді де кетеді, ал, мына әсемдік пен әдемілік біз үшін қалады емес пе? Қонақтарымызға, балаларымызға көрсететін жақсы жерлердің көбейгендігі кім-кімге де қуаныш қой,– деп ағынан жарылды өзін Батыр ана деп таныстырған Аққайша апай.
«Біз Алматыдан келіп едік. Атырауға ат ізін салмағалы он жылдай уақыт өткен екен. Қала керемет өзгеріпті. Мына жүріп жатқан жұмыстарға бәс жоқ. Мемлекеттік дәрежедегі шараға жасалып жатқан дайындықты көріп, шыны керек, таң қалдық», — деп әңгімеге араласты ерлі-зайыпты Қуанғали, Ғалия есімді қала қонақтары.
Рас, қала келбеті күн өткен сайын айшықталып келеді. Форумның жоғары дәрежеде өтуі үшін жасалып жатқан ірі-ірі жұмыстардың қатарында қала салтанатын аша түсетін екі зәулім ғимарат бар: салтанат сарайы мен көрме залы. Екі нысанның да құрылысы көп кешікпей уақытылы бітеді деп жоспарланып отыр.
Облыстық құрылыс басқармасы басшылығының берген мәліметіне қарағанда, жалпы ауданы 5 498 шаршы метрді құрайтын бұл ғимараттың бірінші қабатында тіркеу залы, мейрамхана, фуршет залы және жоғары лауазымды тұлғалар залы қарастырылған. Ал, екінші қабатында әкімшілік пен мұрағат орналасады.
Ал, 2880 шаршы метрді алып жатқан көрме залы ірі габаритті және көп тонналы көрме экспонаттарын қабылдай алады. Бұған қоса, қаланы жарықтандыру және көгалдандыру жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Жалпы аумағы 237 959 шаршы метрді құрайтын 11 нысанды орташа жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасуда.
Халықаралық Атырау әуежайы бағытындағы ұзындығы 4,2 шақырымды құрайтын автокөлік жолы мен жалпы аумағы 15,682 шаршы метрді құрайтын әуежай ғимараты алдындағы алаңды қайта жаңғырту жұмыстарына ҚР Үкіметтік резервтік қорынан 1,2 млрд. теңге қарастырылған. Қазіргі таңда автокөлік жолының ені 9 метрден 16 метрге дейін кеңейтіліп, 54 дана жол белгісі орнатылыпты. Бұл жердегі жұмыстар да аяқталуға таяу.
Бұл – халықаралық шара. Оған ойдағыдай дайындалу интеграция жолымен дамуға бет бұрған облыстың мемлекетіміздің беделін өсіріп, абыройын асқақтатары сөзсіз. Жоғарыда сөз болған жаңарулардың барлығы да халықтың көкейіне қуаныш ұялатары хақ. Бұл – атыраулықтардың көз қуанышы, игі несібесі. Ал, Атырау жұртшылығы мұндай құрметке әбден лайық.
Ағиба Қатешова.