ҚЫРМАННЫҢ БАСЫ – ҚАЙНАҒАН ЕҢБЕК

Экономика

– Облыс әкімінің бастамасын қолдап, 15 гектарға картоп тұқымын отырғызған болатынмын. Тұқымды облыстағы «Атырау» ӘКК бөлген қаржыға Ресейден әкелдім. Бүгінде сол алқаптан өнім жинап, әу баста компаниямен арада жасалған келісім-шартқа сәйкес төменгі бағамен өткізудемін. Өнімді таситын көлігім де бар. Жұмыс қолы да жеткілікті. Қажет болған жағдайда Көктоғай округі тұрғындары да көмектеседі. Дегенмен, ауданда егістің бұл мол өнімін сақтайтын қойманың болмауы қатты алаңдатады. Бұл жайды мен аудан басшылығына айтып жүрмін. Өйткені, ауданда өскен картопты біз басқа жаққа тасып, қосымша шығынға қалғымыз келмейді. Әзірше аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен әр елді мекенге, аудан орталығына арзан бағаға картоп жеткізудемін,- деді бізге Көктоғай округіндегі «Алға-1» шаруа қожалығының төрағасы Ақеділ Шалқаров.
Шынында да, шалғайдағы жайылымдыққа қарай беттеген «Ақсай» су арнасының маңына орналасқан шағын «Шарқат» аталатын учаскенің басы бүгінде қым-қуыт еңбекке толы. Әдетте жайлау төрінде кездесе бермейтін көкорай шалғынды ауланың ішіндегі қос қатарлы үйдің өзі алыстан менмұндалайды. Биік үйдің маңындағы құдықтан әріректегі аула-қораға қарай 1,5 шақырымдай жерге шұңқыр қазылып барады, оған су құбыры тартылуда. Қожалық басшысы жеті-сегіз метр тереңдіктен құдық қазып алып, оның мөлдір суын алып қоймай, басқа да шаруасына тиімді пайдалануды ойластырған екен.
– Су құбыры қысы-жазы істейтіндіктен, шұңқырдың тереңдігі тиісті талаптарға сәйкес, 1,8 метрден кем болмауы керек,- деп қояды қожалық төрағасы.
Бұл шұңқыр әріректе төрт қабырғасы тұрғызылып, төбесі жабыла бастаған мал қорасына дейін тартылып бара жатқанын көріп тұрмыз. Жаңадан салынып жатқан қораларға болашақта қомақты несиеге алынатын мал бағылмақшы. Ол үшін арнайы бизнес-жобасын тиісті қаржыландыру орнына тапсырып та қойыпты. Ал, үйдің маңында кәдімгі қаладағыдай барлық жағдайы ойластырылған монша құрылысы бой көтерген. Бұл – осында жұмыс істейтіндердің қамын ойлағандықтан қолға алынған шаруа. Ал оның жанындағы тауық қораға да өз иелері қоныстанып үлгерген.
«Бәрін айт та, бірін айт» бұл учаскені 2008 жылы сатып алған шаруа қожалығының иесі өз шаруасын қазіргі жаһандану дәуірінің талабына сай әртараптандыра жүргізуді көздеп отырғаны анық болды.
Жалпы, қай шаруаны да өз деңгейінде жүргізуге бұл шаруашылықта техника да, қаржы да, адам күші де жеткілікті болып шықты. Оны бізді бастап барған аудан әкімінің орынбасары Қ.Нұрлыбаев пен аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы С.Оразғалиев те растады.
– Биыл көктемде облыс әкімінің тапсырмасына сай «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан ауданға 27 млн. теңге тұқымға қаржы берілді. Оған ауданнан 17 қожалықтың қолы жетті. Аудан басшылығы көптеген ұйымдастыру-түсінік жұмыстарын жүргізуінің нәтижесінде 15 қожалық картоп, ал, 26-сы бақшамен айналысуға бел буып шықты. Сөйтіп, биыл картоп-150, көкөніс, бақша алқабы 150 гектарға жеткізілді. Бұл алдағы уақытта тағы да өсе түсетін болады. Біз егістік алқапты өсіре бергенімізбен, оны сақтайтын, ең болмағанда, екі-үш ауданға ортақ қойманы Индербордан салу қажет. Қазір егіншілер бізге өздерінде қойма болмауы себепті «өнімімізді өткізуге жағдай туғызыңдар» деген талап қоюда. Егер осындай қойма салынса, қыс күндері де картоптың бағасын тұрақтандыруға, тіпті арнайы базар ашуға мүмкіндік берер еді,-деді бізге аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев.
Ал бүгінде ауданның «Алға-1» қожалығынан басқа «Владимир», «Кенжалы», «Медет», «Нұр Сәт», тағы да басқа шаруашылықтарындағы егістік алқаптардың 20-30 пайызы жиналып үлгерілді.
Бұл жиын-терін жұмыстарын шаруа қожалықтары мен құрылымдар салқын түскенше үлгерудің бар қамын жасауда. Диханның тері ащы, тергені алтын екенін білетін индерліктер де олардың бұл науқанды ұйымшылдықпен қорытындылауына тілекші екені сөзсіз. Өйткені, олардың негізгі тұтынушылары да өздері ғой. Ендеше, іске сәт!

С.ХАЛЫҚОВ.
Көктоғай округі.
Индер ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған