Министр Атырау-Астрахан тасжолының құрылысымен танысты (+ВИДЕО, ФОТО)
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «Атырау-Астрахан» жолының құрылысы аяқталғанша оған жауапты мамандардың сол жерде тұрып жұмыс істеуін тапсырды.
Қайырбек Өскенбаев «Атырау-Астрахань» автожолын реконструкциялау жұмыстарын тексерді. Атырау облысына жұмыс сапары шеңберінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі «Атырау-Астрахань» автожолындағы қайта жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Қайырбек Өскенбаев бірнеше учаскелердегі, оның ішінде Құрманғазы кентінің жанындағы (682-845 км) жұмыстарды тексерді, сондай-ақ Исатай және Құрманғазы аудандарының тұрғындарымен кездесті. Министр Мемлекет басшысы аталған жобаның іске асырылуын ерекше бақылауында ұстайтынын атап өтті. Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен нақты шешімдер қабылданды.
«Біз міндетті түрде бір, бір жарым айда Атырау облысына атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен іске асырылу мерзімін тексеру үшін келіп тұратын боламыз. Бұдан басқа, Автомобиль жолдары комитеті, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы және Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы басшыларының орынбасарлары жолды реконструкциялау аяқталғанға дейін тұрақты түрде осында болады деген шешім қабылданды. Оларға басқа жұмыстарын әріптестеріне тапсырып, тек «Атырау-Астрахань» жобасымен айналысу қажеттілігі айтылды», – деді Қайырбек Өскенбаев.
«Атырау-Астрахань» жобасы 6 бөлікке бөлінген. 833-853 шақырымдық учаске 2020 жылы пайдалануға берілді. Жылдың соңына қарай жолдың барлық ұзындығы бойынша қозғалысты ашу жоспарлануда.
«Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысын аяқтап, халық игілігіне беру – күн тәрбіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Енді менің бір орынбасарым құрылыс жұмыстарының уақытында аяқталуын күнделікті қадағалап отырады және маған күнделікті есеп береді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру жолында қоғамдық бақылауды да күшейткен жөн», – деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.
Айта кетерлігі, бүгінгі таңда мердігер ұйымдар жол-құрылыс материалдарын дайындап, құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісіп жатыр. «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астраханьға)» дәлізі бойынша барлық жұмысты 2023 жылы аяқтау жоспарлануда.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ