Осындай тақырыпта ширек ғасырдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мерекелік шара ұйымдастырылды.
Оған әлеуметтік салаға басшылық жасайтын облыс пен қала әкімдіктерінің, денсаулық сақтау басқармасының, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің, «Өрлеу» біліктілікті арттыру, облыстық психологиялық-медициналық консультация, балалар оңалту, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының басшылары мен сала ардагерлері қатысты. Аталған орталық алдымен облыстық ақыл-ойы кем дамыған балаларға арналған интернат үйі ретінде ашылған. Бұл КСРО тарап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық құлдырау кезеңі болатын. Кейін орталықта Батыс Қазақстан аймағының төрт өңіріндегі мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленді. Алғашында екі тәрбиеленуші артынша 200-ден асты. Олар «Спешиал Олимпикс» халықаралық ұйымының облыстық, республикалық жарыстарында жүлделі орындар иеленді. Мәселен, 1999 жылы АҚШ-та өткен пароолимпиядада Қанат Қапанов, Берік Сұлтанов алтыннан алқа тақты.
Осы орайда, ұжымның алғашқы басшысы Амангелді Сагеденовтің еңбегін ерекше атап өтуге тұрады. Ол басшылық еткен 20 жылға жуық уақыт ішінде массаж, стоматология, шаштараз бөлмелері, ойын алаңдары, монша кір-жуу кешендері, аяқ киім жөндеу шеберханасы ашылды. Ал, 2009 жылы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты енгізіліп, басшылыққа Дариға Шмалина келді. Осы кезде түрлі психологиялық коррекциялық жұмыстар жүргізілетін арнайы қараңғы сенсор және «Дельфа» қондырғысымен жабдықталған логопед бөлмелері ашылды. Жаңа көрнекі құралдар мен ойыншықтар қоры бар лекотека бөлмесі пайдалануға берілді.
2010-2011 жылдары басшылық қызметті Ауқат Тілегенов атқарды. Сегіз педагог Алматы қаласында қайта даярлау курсынан өтті. 2011 жылы стационар жанынан жеті баламен күндізгі бөлім ашылды. Кейін ол ұлдар мен қыздарға бөлек-бөлек ашылды. Сонымен қата, ас үй құралдарымен жабдықталған әлеуметтік-тұрмыстық өмірге бейімдеу бөлмелері жұмыс жасай бастады. 2013 жылы «НКОК» компаниясы монтессори кабинетін сыйға тартты. Балаларды оңалту мақсатында 2016 жылы «НКОК» компаниясының демеушілігімен емдік дене шынықтыру кабинеті ашылды.
2011-2018 жылдар аралығындағы жұмыстардың жүйелі жүруіне жаңа басшы Гульнара Зинеденова үлкен үлес қосуда. Ғимаратқа күрделі жөндеу жасалды. Бүгінде орталық «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі» болып аталады. Қазір стационарда – 59, күндізгі бөлімде – 38, барлығы – 97 бала тәрбиеленуде. Демеушілік танытқан «Қоғамдық сенім қоры», «Ембімұнайгаз», «РКТЕЛ» , «Хоум Кредит банкі», «YOT Club Atyrau» мекеме-ұйымдары мен жеке кәсіпкер Альфия Иманғазиевалардың еңбегі зор.
Мұнда 122 қызметкер сегіз түрлі қызмет көрсетеді. Орталықта Әсима Мақуова, Қалжан Құсайынова, Нурия Серікбаева, Гүлжан Жұмағазиева, Гүлбану Жалекенова, Баян Мұхтарова, Жұмагүл Сағынова, Дариға Қалжанова, Райхан Бисенғалиева, Марияш Махатова ширек ғасыр бойы үздіксіз еңбек етті. 2014 жылы тәрбиеші Марат Матыбаев Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Еңбек ері» медалімен, 2015 жылы азық-түлік қойма меңгерушісі Әсима Мақуова «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медалімен, 2016 жылы дефектолог-мұғалім Райхан Бисенғалиева министрліктің «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен наградталды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ