МАСАБАЙДЫҢ МҰНАЙЫ
Ол да оңай шаруа емес. Алдымен, кен орнында қазу жұмыстары жүргізіліп, ұңғыма пайдалануға дайын болуы керек. Бұл міндетті мердігер мекеме «АбылайханГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орындап шықты. Одан әрі өнім өндіру үшін істелуі тиіс бірнеше талап тағы бар. Солардың бірі – жаңа алаңнан мұнай алу кезінде қоршаған ортаға тигізер әсерді бағалау. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған шара соған арналды.
Кен орнын игеруші «ЕМЕ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Масабай кенішіне қатысты 2014-2019 жылдарғы маусым айына белгіленген қоршаған ортаны қорғау жоспарын жариялады. Жалпы, мұндай шара Экологиялық кодекс талабы мен Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрінің бұйрығына байланысты орындалады. Сайып келгенде, табиғат пайдаланушының келешек әрекеті талқыға түседі, ол экологтар алдында өзіндік сынақ тапсырады.
Сонымен, кәсіпорынның экология және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі менеджері Марат Рысқұловтың айтуынша, шағын кеніштің төңірегіне тигізетін залалы жоқ. Дегенмен, қоршаған ортаны қорғауға қатысты кешенді шаралар алынбақ. Екі шақырым ғана тереңдіктен тартылатын мұнай құрамында газ да жоқ. Рас, су шығады. Оны мұнайшылар өндірістік мақсатқа қайта пайдаланбақ. Төрт сатылы сүзгіден өткізу технологиясы қолданылмақ. Кәсіпорын басшылығы мұндай әдісті екінің бірі жүзеге асырмайтындығын мақтана айтады. Ауыз су 43 шақырым жердегі Құлсарыдан тасылады. Бұл ретте «Жылыойсу» мекемесімен шарт жасалған.
Жалпы, кеніштегі «қара алтын» өндірушілер тұратын вахталық қалашықтың аумағы аса үлкен емес. Мұнда он шақты адам ғана жұмыс жасайды. Соған қарамастан, кәсіпорын көгалдандыру ісін қолға алмақшы. Тек соған бөлініп отырған қаржыны облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Болат Төремұратов тым аз санады. Сондықтан, бұл бағыттағы қаражат көлемін көбейту ұсынылды. Расында да, даңғайыр дала төсіндегі шағын қалашықтың төңірегі жасыл желекке бөленіп тұрғаны жарасымды емес пе?
Тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды тасымалдауға «Жылыойтазалық» мекемесімен келісім істелген. Радиациялық ахуалды «Экоаналитик» мамандары бақылайды. Олар әр тоқсанда сараптама нәтижесін облыстық экология департаментіне жолдайды. Міне, байқап отырғаныңыздай, бір ғана мұнай кеніші төңірегіне бірнеше сервистік кәсіпорын топтасып үлгерген.
Жалпы, «ЕМЕ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бағытжан Сабыраевтың айтуынша, кен орнының дәлелденген қоры бір миллион тоннадан асады. Соның 340 мыңы алынуға жатады. Демек, ар жағы тағы тереңдетіліп қазылса, бұдан да молырақ өнім өндіруге мүмкіндік бар. Кәсіпорын жұмысқа жергілікті мамандарды алған. Сырттан ат арытып жеткен ешкім жоқ, бәрі осы жердің адамдары. Тыстан инвестиция да тартпаған, істі өз қаражатымен бастап отыр. Бұл да – атап айтар артықшылық.
Масабай кеніші Қосшағыл елді мекенінен небәрі 15 шақырым жерде. Іргеде кен орны қатарға қосылғалы жатқанына тұрғындар да қуанып отыр. «Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, қызметке адамдары алынар, керек кезде көмегін көрсетер. Тіпті, кәсіпорын басшылығы ауыл адамдарымен қазірдің өзінде-ақ етене араласып кетіпті. Селолық округ әкімі Айтқали Ідірісов тату көршілеріне разылығын білдіреді.
…Сонымен, қоғамдық тыңдау барысында кәсіпорынның қоршаған ортаға залал келтірмеуге бағытталған іс-шаралар жоспары негізінен мақұлданды. Демек, жақында Масабай кен орны пайдалануға беріліп, алғашқы өнімі алынады. Мұнда алдағы уақытта тағы да бірнеше ұңғыма бұрғыланбақ. Яғни, мердігер мекемеге де жұмыс көлемі дайын.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суретте: қоғамдық
тыңдаудан көрініс.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.