«АТАМЕКЕН СТАРТ-АП»: ЖҮЛДЕГЕРЛЕР ІСКЕ КІРІСТІ

Жас кәсіпкерлер үшін өткен айлардың басты жаңалығы «Атамекен Старт-ап» байқауы болғаны белгілі. Жеңімпаздар жүлделерін кәдеге асырып, жобаны жүзеге асыруға кірісіп кеткен жайы бар. Күні кеше ғана конкурстан екінші орынды жеңіп алған «стартаперлер» Әділет Мусаханов пен Әлия Төлеуғалива «Базилик» кулинария студиясының» алғашқы сабағын өткізіп үлгерді. Біз өз кезегімізде жастарды редакцияға шақырып, идеялары туралы толығырақ сұрадық.

 

– Бұрын-соңды Атырауда мұндай жобаны естімеппіз. Идея қайдан туды?
Әділет: – Жалпы, өзім Семей қаласының тумасымын. Содан отбасымызбен Астанаға көшкенбіз. Бірақ, «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасымен АҚШ-тың Монтана штатындағы Монтана техникалық университетінде мұнайшы мамандығы бойынша білім алдым. Кейін осындағы «Аджип» компаниясына инженер мамандығымен жұмысқа кірдім. Осылайша, мұнайлы астанаға келгеніме екі жылдай уақыт өтіпті. Жастық жігермен бе, бос уақытымызды текке өткізбей, жеке кәсіппен айналысып көруді ұйғардым. Былтыр басқа бір жобамен осы конкурсқа қатысып, үшінші орын алған едім. Биыл жобамды іске асыруды ойладым.
Әлия: – Менің де Атырау қаласына келгеніме үш жылдай болыпты. Көршілес Орал қаласынан келдім. Экономист мамандығын бітіргенмін, қазірде «NCPOC» компаниясында еңбек етіп жатырмын. Экономика ғылымдарының магистрімін. Бұған дейін бизнес туралы мүлде ойламайтынмын. «Атамекен старт-ап» байқауына қатысу арқылы көңіліме біраз нәрсені түйдім. Байқауды ұйымдастырушылар бізге ұдайы көмегін көрсетіп отырады. Негізі, бұрын мұндай идеяны Алматыдан көрген едік. Сосын біздің қалаға өзіндік өзгешелігімен әкелуді ұйғардық.
– Байқауда басқа таң қалдырған қандай жобалар болды?
Әлия: – Негізі конкурста қырыққа тарта идея ұсынылған. Бірақ 12 команда ғана мәрелік сайысқа қатысты. Жалпы, қызық жобалар көп. Бірінде желден энергия алу жобасы, енді бірінде жедел көмек, басқасында техникалық саладағы жобалар кездесті. Тағы бірі ана мен бала орталығын құруды ойластырыпты. Ақырында бірінші орын құлпынай өсіру, үшінші орын бизнес-анықтамалық жобасына берілді. Бір айта кетерлігі, «Атамекен старт-апты» ұйымдастырушылар Асылбек Жәкиев пен Әлібек Мұхит қатысушыларға бағалаушы қазылар алқасының мүшелері болумен шектелмей, қажет кезінде қол ұшын соза алатын достарымызға айналды. Бұған дейін кәсіпкерлікте тәжірибеміз болмаған соң солардың кеңесіне жүгінеміз.
– Қызық екен. Ал, сіздердің жобаларыңыздың ерекшелігі неде деп ойлайсыздар?
Әділет: – Қазір дүкен сөрелерінде керекті азық-түліктің барлығы дерлік болғанымен, демалыста әр отбасы жаңаша тағам әзірлегісі келеді. Оның үстіне, күн сайын теледидардан белгілі ас даярлаушылар неше түрін дайындап жатады. Бірақ оны екінің бірі қайталай алмайды. Біз бұл олқылықтың орнын толтыруды ойладық. Яғни ынта білдірген жанға әйгілі аспаздармен бірге тамақ дайындауға мүмкіндік туғыздық. Сөйтіп, бір топқа жиналған он шақты қатысушы ас мәзірі бойынша кәсіби маманмен бірге жұмыс істейді. Кейін сол тағамынан өздері дәм татады. Ерекшелігі сол – тәжірибе жүзінде көрген асын олар өз ас үйінде әзірлей алады. Ал, ерлер бармендердің түрлі коктейльдер дайындаудан шеберлік сабақтарына қатысуға болады. Демек, бос уақытта тек қана санаулы балалар ойын-сауық орталықтарына барып, кейін денсаулыққа зияны орасан тез тағамдардан тамақтанудан жалықсаңыз, біздің жобамызға қатысыңыз. Бұған, біздіңше, барлық жанұя мүшелеріне қатысуға мүмкіндік бар. Болашақта балалар ас студиясын ашпақ жоспарымыз бар. Сонымен қатар, басқа қаладан немесе шет елден келгендер ас әзірлеу студиясынан бірлесіп жұмыс істей жүріп жаңа таныстар, достар таба алады.
– Тамақтану орны болғаннан кейін әрбір тағамның сапасына да мән берген жөн ғой…
– Әлия: – Дұрыс айтасыз. Жобамызды ойластырған соң «Атырау» қонақүйінің «Le Bistro» мейрамхасына осындай жұмысымызды айтқан едік. Олар келісе кетті. Ал, керекті тағам түрлерін өздері сатып алып отыруға ниет білдірді. Серіктес ретінде тауарларды өздері алса, біз тұтынушы тұрғысында тауып беруге келістік. Жаңадан ашылғаннан кейін шарамызды аптасына бір рет қана өткізіп жүрміз. Келешекте ісімізді кеңейтеміз деп ойлаймыз. Бастамамыз жаман емес сияқты, алдымыздағы бір-екі аптаға жазылып қойған тұтынушыларымыз бар.
– Кәсіптеріңіз өрлей түссін. Әңгімелеріңізге рахмет.

Әңгімелескен
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз