Мал бағу – бейнет емес

62d8d66c a5fa 4f54 8fa9 2c360644f262 Экономика

Шынында, әйелдің қолынан келмейтін іс жоқ. Ер жігіттерден қалыспай, еңбек етіп жүрген аруларды көргенде көңілің марқаяды. Ердің ері ғана көтерер мал шаруашылығы саласында жүріп, шағын отбасының ғана емес, тұтас бір мемлекеттің дамуы үшін де өз еңбегімен сүбелі үлесін қосып отырған жандар бар. Олар бүгінгі қазақ қоғамының қалыпты дамуында да қалыс қалған емес. «Әйел – бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөз осыдан қалса игі. Өзінің сүйікті ісімен айналысып, ерекше қырынан танылған нәзік жандылар қалада ғана емес, ауыл-аймақтарда да аз емес. Осындай жандардың бірі, отбасы мен қызметінің тізгінін қатар ұстай білген жылыойлық малшы кәсіпкер, «Қуанышбек» шаруа қожалығының басшысы Айнагүл Оспанова.

Ата кәсіптен нәсібін тапқан

Мал бағу біреулер үшін қарабайыр жұмыс көрінсе, Айнагүл Сиыққызы оны нағыз табыстың көзіне айналдырып, кәсібін ұршықша иіріп отыр.

e659aa50 9b21 4b2a 9da1 553fbefd43f8

Бүгінгі кейіпкерімізбен Елордада жүздеген әйел көшбасшының басын қосқан Ауыл әйелдерінің VI республикалық форумында танысқан едік. Сырттай малшыға ұқсамайды, көп сөзге жоқ. Байқаймыз, сол жердегі кәсіпкер келіншектердің көбімен таныс секілді. Сөйтсек, жылда бас қалада өтетін ауыл шаруашылығының жәрмеңкелеріне келіп, өнімдерін ұсынады екен.

Қазақта «дарақ бір жерден көгереді» деген нақыл сөз бар. Былай қарағанда қарапайым ғана естілетін осы сөздің астарына үңілсеңіз, терең мағына жатқанын аңғарасыз. Қайсыбіріміз бұл даналықты өзімізге ыңғайлап, хал-қадірімізше пайдаланып жатамыз. Айнагүл көзін ашқаннан көрген төрт түлікке ғұмырын арнап келеді.

– Балалық шағым бақытты өтті. 1983 жылы Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылында өмірге келдім. Әкем Сиық пен анам Мәдина – бүкіл ғұмырын қара жұмысқа арнаған шопандар. Кеңшардың қойын бақты. Бала кезімде көп армандайтынмын, арманшыл болатынмын. Қияларға самғайтынмын ойша. Бірақ, ер адамның, сырттың жұмысына икемді едім. Ата-анамыз санамызға «Мал бағу – бейнет емес, береке» деген ұғымды сіңірді. Расында, мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыздың басты ырыс-несібесі де, сайын даланың сәні де мыңғырған төрт түлік мал болды емес пе? Мал шаруашылығы – қазақтың ежелден келе жатқан ата кәсібі, – деп еске алады балалық шаққа бір сәт ойша оралған Айнагүл. Көпбалалы шопандар отбасында өскендіктен де болар, жастайынан еңбекті сүйіп, мал шаруашылығының қыр-сырын бір кісідей-ақ біліп өседі.

7f6e51b3 9186 4ccd 9fdb 75c56c0b29ea

Расында, үлкен өмірге деген бар құштарлық, іңкәрлік атаулы бала кезден бастау алады да, уақыт талабына қарай саналы да мағыналы өмірге ұласады. Адам баласы жас кезінен бастап өзінің жүрегі қалаған, сүйген ісіне қарай икемделіп, бейімделе бастайды. Осы салада еңбек етіп жүрген өнегелі өмір адамдарынан үлгі алып өседі. Айнагүл де қара жұмыста қалтарыссыз еңбек еткен ата-анасына еліктейтін. Өмірде не қызметте болсын, жауапкершіліктен жалтармауға үйренді. Мақтанышы болуға ұмтылып, үмітін ақтауға талпынатын.

Жаңа қожалық  – «Қуанышбек» 

Алтын ұя мектебін «жақсы» деген бағамен аяқтаған ол ауылдасы Наурызбай Даулетқалиев есімді азаматпен отау құрады. Ол кезде Наурызбайдың азын-аулақ жеке малы болатын. Алғашқы жылдары сол түліктің қамымен қырда тұрады. Ал 2007 жылы жер алып, шаруа қожалығын құрды. Жаңа қожалықты үлкен ұлдары Қуанышбектің есімімен «Қуанышбек» деп атайды.

«Бұл атау қазір маған жолдасымның балажандылығының бір белгісіндей көрініп, аса ыстық сезіледі» деп еске алды көзі жасаураған Айнагүл. Оның да себебі бар еді, 2017 жылы ойламаған жерден жолдасы Наурызбай өмірден өтеді. Тағдырдың ең ауыр сынағымен бетпе-бет келген ол есін тез жиып, жәутеңдеген 4 баласының бар жауапкершілігі өз мойнында екенін ұғынады. Наурызбай да көзі тірісінде балаларын қатарынан кем қылмай, ешкімге жаутаңдатпай өсіруді армандаушы еді. Осылайша, тағдырдың сынына сынбай, атакәсіпті жалғастырып, отбасының әл-ауқатын ойластырудың маңызды екенін түсініп, бизнес, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласына ден қойды. Оның үстіне жұмысты тоқтатпау керек болды. Әрине, шаруаны өрге сүйреу оңай емес екенін де түсінді.

– Бірақ, басыңа түссе бәріне шыдап, керек кезде үйренеді екенсің. Тек еңбек, талпыныс, шыдамдылық керек. Біз негізінен, қой мен түйе малын өсірдік. Шаруаның басы-қасында жүретін отағасымнан айырылған соң шаруашылық тізгінін өз қолыма алуға тура келді. Оның жұмысын ақсатпай, керісінше, алға жылжыта түсу үшін, қолымнан келгеннің бәрін жасауға ұмтылып келемін. Жолдасымның бауырлары да қолдап, көмектерін көрсетті. Мал шаруашылығы мен үшін «білмеген жердің ой-шұңқыры көп» дейтіндей, белгісіз сала емес. Бала күнімде ата-анама, кейін жолдасыма көмектесе жүріп жиған, ойға түйген тәжірибем бар еді, – деген іскер әйел алдымен өзінің кәсіпкерлігінің табысты болуының басты құпиясы еңбекте екенін айтты.

Орнында бар оңалар

Ол алдымен қолдағы қойларды сатып, орнына көрші Батыс Қазақстан облысының Базартөбесінен 40 бас асылтұқымды қазақтың ақбас сиырын алғанды жөн көреді. Себебі, бар ауыртпалық бір өзіне түскеннен кейін, ісін жеңілдету жағын ойлайды.

Бесенеден белгілі, қойға қарағанда, сиыр малын бағу әлдеқайда жеңіл және асылтұқымды бұқаларды сату да оңайға түседі екен. Қазіргі таңда шаруашылықтың бұқалары сұранысқа ие. Оларды сату тиімді. Оның айтуынша, бір жасар бұқашықтар 350-400 мың теңгеге өтеді. Ал, асылтұқымды сиыр алған кезде мемлекеттен 150 мың теңге субсидия төленіпті. Бұл – шаруа адамына үлкен көмек. Ал, 2019 жылы күн сәулесінен қуат өндіретін панельдер сатып алған екен. Оның да құнының 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланған.

Бүгінде қанатын кеңге жая бастаған шаруашылықтың 1500 гектар жері бар. Мал саны өсіп, жұмыс ілгері басты. Нәтижесі жаман болған жоқ. 90 бас мүйізді ірі қара, 80 бас түйе мен 40 бас жылқы бағылады. Жаз мезгілінде Ақмешіттің арғы жағына қарай жайлауға көшеді. Ал, қыста Ақінгенге орналасады. Шаруашылық иесі біраз уақыттан бері өздерінде еңбек етіп келе жатқан жұмысшыларымен мақтанады. Себебі, олар барда еш алаң жоқ әрі сенімді. Бірі Камаз жүргізіп, жем-шөбін тасыса, енді бірі мал бағып, қора-қопсыға қарасады. Енді бірі базарға апарып етін сатады, сауыншы да бар.

– Аудан және облыс орталықтарында, тіпті Астанада өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне де қатысып, халыққа арзан бағамен ет пен сүт өнімдерін ұсынып жүрміз. Сонымен қатар түрлі деңгейдегі қайырымдылық шараларына да мүмкіндігінше атсалысып тұрамыз, – дейді малшы кәсіпкер.

Айнагүл Оспанованың айтуынша, ауыл, соның ішінде мал шаруашылығын өркендетуге Үкімет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктердің де оң әсері болған. «Орнында бар оңалар» дегендей, бүгінде қожалық иесі мал басын арттыруды көздеп отыр.

Айнагүл Оспанова – төрт баланың анасы. Сонымен бірге, немере, жиен сүйіп отырған бақытты әже. Кәсіпкер әйел ұзақ жылғы жемісті еңбегінің арқасында ел мақтанышына айналды. 2021 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, әр жылдары аудан, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталып келеді.

Кейіпкеріммен әңгіме барысында оның бойындағы табандылық пен тек әйел затына тән қажырлық қасиетіне тәнті болдым. Ол  ең ұлы бақыт – әйел, ана бақыты турасында да сыр ақтарды. Еңбек жолында айтарлықтай жетістіктерімен дараланып жүруінің де бір себебі – отбасындағы қалыптасқан түзу тәрбие мен тәртіптің жемісі.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз