Жарнама
Экономика

Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры: «ӨНДІРІСТІҢ ЖӘНЕ ӨҢІРДІҢ ДАМУЫ – ӨЗЕКТІ МІНДЕТІМІЗ»

— Махамбет Жолдасқалиұлы, «Ембімұнайгаз» АҚ өткен жылы өз алдына дербестік алды. Өндірісті жедел басқаруда, әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешуде қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер? Әңгімені осыдан бастасаңыз?

— «Ембімұнайгаз» АҚ 2012 жылдың 1 қазанында ресми түрде дербестік алды. Ал, іс жүзінде дербестіктің нәтижелері 2013 жылдан бастау алады. Өндірісті жедел басқару, жұмысшылардың қолайлы еңбек етуіне жағдай жасау жергілікті жерде дер кезінде шешімін тауып жатты.  Өйткені, бұрын өндірістік қажеттіліктер мен туындаған мәселелер Астанадағы бас кеңсеміз «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ арқылы шешімін тауып жататын.

Біз 2013 жылды айтарлықтай табысты аяқтамақпыз. Ең бастысы, негізгі міндетіміз — өнім өндіру көрсеткішін межедегі деңгейден артығымен орындап отырмыз.  Жыл қорытындысы бойынша 2 830,4 мың тонна өнім алу көзделсе, біз жоспардан артық қосымша өнім алуға қол жеткіземіз деген сенімдеміз. Өткелі тұрған 2013 жылдың қорытындысында өнім алуды  100,4 пайызға, тапсыруды 100,4 пайызға орындаймыз деген жоспарымыз бар. 

— Өндіріске жаңа технологиялар мен техникаларды енгізу ісі қалай жүзеге асырылуда?

— Біздің басты мақсатымыз — жаңа индустриялдық-инновациялық экономиканы дамыту және қызмет етіп жатқан аймақтардың әлеуметтік мәселелерінің оңтайлы шешілуіне үлес қосу. Өндірістік қуаттылықты жаңғырту  бағытында қолға алынған жұмыстар көлемі ауқымды.  Атап айтсақ,   Прорва орталық жинау бекетінен Теңіз кен алаңына дейінгі аралықта  55 шақырымдық мұнай құбырының құрылысы аяқталды. Аздаған күндерден соң бұл маңызды нысанды іске қосамыз. Терең-Өзек -Қаратон, Батыс Прорва-Прорва мұнай дайындау орталығында 33,4 шақырымдық мұнай құбыры күрделі жөндеуден өтті. 

Мұнай құрамындағы ілеспе газды тазартып, көгілдір отын ретінде пайдалану әлем елдерінің тәжірибесінде бар. Бұл жөнінде экологиялық талаптар да күшейіп отыр. Ілеспе газды ауаға жақпай, өндірістің қажеттілігіне пайдалану және халықтың сұранысын өтеу бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. «Жайықмұнайгаз» басқармасына қарасты С.Балғымбаев пен «Доссормұнайгаз» басқармасының Шығыс Мақат кен алаңдарындағы ілеспе газды тазалап, пайдаға асыратын қондырғының құрылысы сәтті аяқталып, іске қосылды. Екі кен алаңында шетелдік қондырғы — APIEL JGT ілеспе газды тазалайтын компрессор орнатылды. Ілеспе газды тазалау және кәдеге жарату қондырғысы тазаланған газды алдымен өндірістің қажеттілігіне, содан соң Қызылқоға мен Исатай аудандары тұрғындарының сұраныстарына орай  беріледі.

— Өндіріс – үздіксіз жүретін процесс. Бұл салада шешімін күткен мәселелердің әлі де бар екені анық. Сондықтан, алдағы уақыт еншісіндегі міндеттермен  бөліссеңіз?

— Ембінің кен алаңдары бір-бірінен шалғайда орналасқан. Бұл ембілік мұнайшыларға айтарлықтай қиындық туғызады. Алайда, орын алған проблемаларды шешу жолында тынбай еңбек етудеміз. Алдымен айтарымыз, өндіріс  жолдарының сапасын жақсарту – басты назарда. Бұл орайда 2013 жылы жаңа екі автокөлік жолы салынса, қолданыстағы қос жол күрделі жөндеуден өтті. «Ақтөбе-Атырау» республикалық автожолынан Шығыс Мақат кен алаңына баратын 12 км кірме жол толығымен   жөнделіп, іске қосылды. Ел Тәуелсіздігінің 22 жылдығы мерекесіне орай мұнайшыларға тарту етілген тағы бір игі шара ретінде С.Балғымбаев кен алаңына баратын 12,5 шақырымдық жолдың құрылысын  айтуға болады.

Шынтуайтында, жол құрылысын жүргізу жергілікті атқарушы органдардың құзырында. Жолдың сапасыздығы аудандық әкімдіктің назарына  қойылған. Бүгінде бұл мәселе ортақ мәмілеге келе отырып, оңтайлы шешімін тапты. Барлық ұйымдастыру жұмыстарын жергілікті әкімдік реттесе, құрылысқа керекті қомақты қаражатты акционерлік қоғам бөлді. «Атырау-Астрахан» автожолы – республикалық маңызға ие жол. Осы трассадан 12,5 шақырымды құрайтын кірме жол С.Балғымбаев кен орнына апарады.  Аталған жол да компания қаражатына салынып, өндіріс жолының құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Бұдан өзге Ж.Досмұхамбетов пен Ақтөбе кен аландарының арасын жалғайтын 11 шақырымдық жаңа автокөлік жолы салынды. Қаратон мен Терең-Өзек кен аралығындағы 22,3 шақырымдық автокөлік жолы жөндеуден өтуде.

— Мұнай қорын арттыру мақсатында жаңадан геологиялық барлау-іздестіру, жаңа кен алаңдарын ашу жұмыстары қалай жүргізілуде? Бұл салада қандай жетістіктерге жеттіңіздер?

— Шығыс Мақат, Батыс Прорва, Оңтүстік-Батыс Қамысты, Кенбай, Жаңаталап, С.Нұржанов сынды қолданыстағы кен алаңдарында мұнай қорының өсімі байқалады. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның алдағы геологиялық барлау нысандары Тайсойған және Лиман лицензиялық блоктары болып табылады.

— Өндіріс бар жерде экологиялық проблемалардың да туындайтынын жоққа шығара алмаймыз….

— Тарихи ластанған жерлерді тазалау шаралары жыл сайын жалғасын тауып отыр. Осы мақсатта биоремедиация технологиясы өндіріске енгізілген. «Ембімұнайгаз» АҚ кен орындарының біраз бөлігі Каспий теңізінің жағалауымен  шектеседі. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Теңіз экожүйесіне зиян келтірмес үшін, кен алаңдары дамбы-қорғаныштарымен қоршалған. Осы орайда өзге елдердегі қорғаныш жүйесі — Рено матрацын Ембі өндірісіне де енгізе бастадық. Нәтижесі көңілге қонымды. Терең-Өзек пен Батыс Прорва кен алаңдарында бес шақырымға жуық аймақ осы әдіспен қорғалып отыр. Ілеспе газды кәдеге жарату қондырғысы да қоршаған ортаға тигізер зиянды қалдықтарды айтарлықтай жояды. Ауа қабаты, топырақ жамылғысы  ластанбайды. 

— Кәсіпорынның кадр саясатындағы жұмыстарына қаншалықты көңіл бөліп отырсыз?

— Басшы ретінде өндіріспен қатар қызметкерлердің жағдайын да басты назарда ұстау — менің міндетім. Біз өз қызметкерлерімізге еңбекке қолайлы жағдай жасап, олардың кәсіби тұрғыдан дамуына да көп көңіл бөлеміз. Қандай мекеме болсын, білікті кадрлармен мықты. Біздің мамандар шет елдерге арнайы іссапармен барып, біз үшін өзекті, тиімділігі төмен кен орындарының бүгінгі жағдайымен танысып, өнім беру деңгейін арттыру жөнінде тәжірибе алмасып қайтты. Мұнайшылар кәсіби шеберлігін үнемі нығайтып отыруы тиіс.

— «Ембімұнайгаз» АҚ дербес компания ретінде алғаш рет  Ұжымдық шартты бекітті. Басты әлеуметтік құжаттан мұнайшылар не күтеді?

— «Ембімұнайгаз» АҚ 2014-2016 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шартты бекітті. Жаңа Ұжымдық шартты дайындау үшін жұмысшылар мен жұмыс беруші жағынан екіжақты комиссия құрылды. Бұрынғы Ұжымдық шарттың әлеуметтік пакеті сақталды және жаңа игіліктермен толықтырылды. Алдымыздағы жылдың қаңтарынан бастап күшіне енетін құжатта мұнайшылардың мүддесі, талап-тілектері ескерілген. Жас мамандарды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл жұмысқа мұнайшылар кәсіподақ ұйымдары да зор үлесін қоспақ.

— Компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көп жылдардан бері жемісті атқаруда. Бұл салада  2013 жылы атқарылған шараларға тоқталып өтсеңіз?

— Атырау облысы әкімдігімен отандық мұнай өндіруші компания арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық Меморандумына осымен бірнеше жыл қатарынан қол қойылып келеді. Мақсат – мұнайлы өңірдің инфрақұрылымын дамыту, халықтың жағдайы жақсаруына үлес қосу, Атырау өңірінің экономикалық-әлеуметтік дамуына үнемі қолдау көрсету. Жыл сайын жер қойнауын пайдалану келісім-шартының негізінде жергілікті бюджетке 270 млн. теңгеден аса қаржы аударамыз.

Биылғы жылдың бөлінген қаражатына тоқталар болсақ, Исатай ауданы Х.Ерғалиев, Тұщықұдық селоларының ішкі жолдарын күрделі жөндеуге, Мақат ауданындағы спорт (футбол) алаңдарының құрылысына берілді. Атырау қаласының Азаттық даңғылындағы, Абай, Махамбет, Молдағалиева көшелерінің бойындағы көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттері күрделі жөндеуден өтті. Облыс аумағында ұйымдастырылатын әртүрлі мәдени-спорттық шараларға үнемі демеушілік көрсетудеміз. Тұтастай алғанда, әлеуметті қолдау жұмыстары жан-жақты жүргізіліп келеді.

Өздеріңізге мәлім,  біздің бас компаниямыз «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ  мұнай кеніштері көнерген, инфрақұрылымдары тозып, ескірген Байшонас пен Ескене ауылдарының тұрғындарын Атырау облысының орталығына көшіруге қаражат бөлген болатын.

— Еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін құру қолға алынып жатқаны жөнінде хабардармыз.

 — Иә, қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өндірістегі қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін құруды жоспарлауда. Ең бастысы, осы бастама арқылы біз мұнайшылардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін боламыз.

— Жаңа жыл қарсаңында басылым оқырмандарымен ой бөлісіп, отандық мұнай өндіру компаниясындағы толымды табыстармен хабардар еткеніңізге алғысымызды білдіреміз.

—  Біз болашақта да жер қойнауын игеруші, әлеуметтік салаға басты назар аударушы компания ретінде жұмысымызды жалғастыра береміз. Мұнайлы өңірдің дамуы — жұмысымыздағы басым бағыттардың бірі. Бұл орайда бірлескен жұмысымыз өз нәтижесін береді деген сенімдеміз.

Келе жатқан Жаңа жыл жайлы болсын. Өндірісіміз өркендеп, әл-ауқатымыз арта берсін. Еліміз аман, бақытымыз баянды болсын!

Меңдібай сүмесінов,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button