Махамбет және Шоқпартоғай – «Үздік 30 ауыл» қатарында!
Махамбет және Шоқпартоғай (Жылыой ауданы) ауылдары Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілген республикалық «Үздік 30 ауыл» жобасында үздіктер қатарынан табылды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, екі ауыл да еліміздегі болашағы зор елдімекендер арасынан озық шығып, арнайы анықтамалық кітапқа енгізіліпті.
«Ауыл – қазақтың қазығы, алтын бесігі. Ал, жобаның мақсаты – сол үздік ауылдарды анықтап, өзгелерге үлгі ету, өз ауылын көркейтуге үлес қосып жүрген азаматтарды дәріптеу, сол арқылы кәсіпкерлер мен жастардың назарын туған ауылға бұру» дейді жоба авторы, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры Мұратхан Шоқан.
Ол өзінің «Үздік 30 ауыл» еңбегінде туған жерге туын тігіп, жанашырлық танытқан азаматтарды өскелең ұрпаққа үлгі етіп, жастардың ауылға деген оң көзқарасын қалыптастыруды мақсат еткен. Сапалы әрі тұщымды дүние жазып шығу үшін автор бір ай бойы ауыл-аймақты үздіксіз аралап шыққанын айтады. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұл жоба жалғасын табатындығына сендірді.
Тұсаукесер туындыға қос ауылдың тарихы, тыныс-тіршілігі, білім, спорт, денсаулық, мәдениет саласындағы жаңалықтар, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші, шағын және орта кәсіпкерліктің бүгінгі жағдайы және ауылдан шыққан танымал тұлғалар туралы мағлұматтар енгізілген.
Атап айтар болсақ, Махамбет ауылында бүгінде 13 мыңнан астам адам, оның ішінде жиырмаға жуық өзге ұлт өкілі тұрады. Үш орта мектеп, саз мектебі, екі спорт мектебі, бес балабақша, емхана мен аурухана, орталық және балалар кітапханасы, жаңадан салынған мұражай, сәулетті мәдениет үйі және мешіт халыққа қызмет көрсетеді. 2007 жылдан бастап ипотекалық әдіспен салынған 80 үй өз алдына бөлек мөлтекаудан болып бой көтерген. Тұрғын үйлер мен мекемелер түгелге жуық табиғи газ желісіне қосылған. Ауылда үш сауда үйі мен үш жанар-жағармай құю стансасы бар. Мұнда 12 шаруа қожалығы егін және мал шаруашылығымен айналысады.
Ал, Жылыой ауданында қарасты Шоқпартоғай ауылында 3100-ден астам үй түтін түтетіп отыр. Мұнда да балабақша, мектеп, емхана мен спорт мектебі жұрт игілігіне жұмыс жасап тұр. Барлығы 58 шаруа қожалығы тіркеліп, атакәсіптен нәсібін теруде.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
(фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі)