Жарнама
Экономика

МҰНАЙ-ХИМИЯ КЕШЕНДЕРІ ҚОЛДАУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

 

 

Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев алдымен еліміздегі іске қосылған құбырлардың қуаты турасында баяндады.  С.Мыңбаевтың   мәлімдеуінше,   елімізде 2020 жылға қарай мұнай ішкі рынокта да жетіспеуі мүмкін. Сондықтан, бүгіннен бастап-ақ іске қамданған жөн. Ол үшін Батыс Қазақстан облысының «қара алтынын» тарту  қажет. Дәлірек айтқанда, «Атырау-Кеңқияқ» мұнай құбырының қуатын арттыру керек. Яғни, 6 млн. тонна мұнайдан 12 млн. тоннаға дейін жеткізген жөн. «Егер Ресейден алуды тоқтатсақ, онда мұнай тартуды 22 тоннаға дейін апаруымыз   мүмкін»  деген  Сауат   Мұхамедбайұлы І, ІІ кезеңдер бойынша бір шешімге келетін кез жеткенін атап айтты.

Селекторлық кеңесте одан әрі мұнай тасымалдау бағасы қозғалды. Мәселен, Атырау-Алашанькоу мұнай құбыры  арқылы  тасымалдаудың  тарифі күні бүгінде 1 тоннаға 13 863,7 теңгені құрап отыр. «Құмкөлден тасымалданатын мұнайға  бағаны реттеу  бағытында  қытайлықтармен келіссөздер жүргізу керек»,  —  деді министр.

Содан кейін «Теңізшевройлдың» келешек кеңею жобасы  талқыланды. Бұл жоба бойынша жылына 37,5 млн. тоннаға дейін мұнай өндіру көзделсе, ілеспе газды  шығару  жылына 28,3  млрд.  текше  метрге жеткізу жоспарланып отыр. Дегенмен, әлі де жобаға алып-қосарлар аз емес.

 

 

 

— ТШО Атырау, Маңғыстау облыстарының әкімдіктерімен жұмыспен қамтуға келісімге келіп, меморандумға қол қойды. Қазақстандық мазмұн бойынша нақтыланатын тұстар бар, — деді министр. Ол сонымен бірге «Теңізшевройл» шикізаты арқылы жүзеге асатын маңызды төрт мұнай-химия жобасы туралы тоқталып өтті. Айталық, мұнайлы өлкеде салынып жатқан полипропилен өндіретін зауыт шикізатты ТШО пропанынан алмақ. 2015 жылдан бастап пропанға сұраныс жылына 650 мың тоннаға жетеді. Осыдан бес жыл бұрын ТШО-мен жылына 550 тонна пропан әкелуге келісілген. Дегенмен, мұнда да бағаға қатысты проблемалар жоқ емес. Оның үстіне, жоба  бойынша 200 млн.  долларға пропанды ТШО-дан құбырмен тасымалдау жоспарланған еді. Алайда, шикізат беруші компания оны  теміржол цистерналары арқылы жеткізгенді қалайды.

Ал, полиэтилен өнімі де ТШО-ның құрғақ газынан алынады. Ол үшін компаниялар арасында келісім жасалған. Тағы бір жоба  бутадиен өндірісіне қатысты. Оған жылына 440 мың тонна бутан қажет. Дегенмен, шикізат тасымалдауға ТШО-мен келісім-шарт жасалмаған. Төртінші жоба – газтурбиналық электростанция құрылысы да солай.

Маңызды мәселелер талқыға түскен Үкімет отырысында Серік Ахметов арнайы жұмыс тобын құру керектігін атап көрсетті.

— Қашаған  бойынша  қыркүйекте   алғашқы мұнай алайық. Бұл жобаны сосын қарастырамыз. Әзірге біз мұнай-химия кешендерін қолдауымыз қажет. 2-3 жылдан кейін баға қандай болады? Нақты ұсыныс керек. Соның бәрін зерттеп, сараптап, Елбасының қарауына жеткіземіз. Бүгінгі жағдай қандай, қай тұста тәуекелділік бар. Экономика мен өндіріске септігін қалай тигізбек? Міне, осының бәрі ескерілуі тиіс, — деді ол. 

Осы орайда Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жұмыс топтарына жергілікті әкімдік өкілін қосуды ұсынды.

Айбөпе САБЫРОВА.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button