МҰНАЙЛЫ ҚАБАТҚА БУ АЙДАУ
Аталған басқармада бүгінгі күні он мұнай алаңы бар. Олардың төртеуі консервацияланған. Мұнай өндірудің жылдық жоспары 404.700 мың тонна болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш толығымен орындалып отыр. Доссордың Ембідегі көне кен орындарының бірі екендігін ескерсек, бұл жетістік ұтымды жұмыстың нәтижесі екендігі айтпаса да түсінікті.
Өндірісті дамыта түсу, өнім деңгейін төмендетпеу мақсатында басқармадағы механикалық-энергетикалық, өндірістік техникалық бөлімдерде, ақпараттандыру және автоматтандыру үдерістерін өндірістерге енгізуде, бұған қоса әлеуметтік салада көптеген жұмыстар атқарылуда. Атап өтер болсақ, Ботахан, Шығыс Мақат кен орындарында алғаш рет жерасты қысымын көтеруге арналған сорап қондырғысы қондырылып, өндірісте сынамалы түрде шынжырлы тербелмелі қондырғы іске қосылған. Қарсақ, Комсомол мұнай дайындау және айдау цехтарында сұйықтық отынмен жағатын автоматтандырылған мұнай қыздыру пеші және газбен автоматты түрде жағатын пештердің іске қосылуы өндіріс талаптарын толығымен көтеріп отыр.
«Жаңа технологияны пайдалануда тағы бір қол жеткізген жетістігіміз, Ботахан және Шығыс Мақат кен алаңдарында тереңдік сораптарын тексеру, жөндеу және тестіден өткізу стендісі қондырылды. Ботаханда екі ұңғыға, Шығыс Мақатта бір ұңғыға қалдықтардың жиналмауына қарсы жылжымалы қырғыштар жіберілді. Сондай-ақ, Ботахан кен алаңындағы бір ұңғыға силикатты-эмальмен қапталған құбыр жіберілді. Жерасты қысымынан құбырлардың тез тозатыны белгілі. Осыған байланысты жаңа технология бойынша полиэтилен құбыры енгізілді. Бұл қазір Ботаханда екі ұңғыда, Шығыс Мақатта екі ұңғыда пайдаланылуда» дейді басқарма басшысы Амангелді Сүлейменов бізбен әңгімесінде.
Басқармаға қарасты Солтүстік Жолдыбай кен орны 1992 жылдан өнім беріп келе жатыр. Бұл жердің мұнай қоры 1 млн. 669 тоннаға есептелсе, бүгінгі күні соның 75 пайызы өндірілген. Ал, қалғаны алдағы жылдардың еншісінде. Қордағы 30 ұңғыма қалыпты жұмыс жасап, жылдық жоспар толығымен орындалуда. Бұл кен орнында 21 адам ауысыммен жұмыс жасайды. Дені жерасты қысымының операторлары, дәнекерлеушілер. «Қазынаға толы жеті қат жер астының берері әлі де аз емес. Осы орайда, 2016 жылдан бастап, 68,70,73,74 нүктелер қазыла бастайды» дейді мамандар.
Әдетте, өнікті еңбек кепілі – жұмысшыларға жағдай жасау. Бұл кен орнындағы әлеуметтік жағдайдың толықтай жолға қойылғандығы бір қарағаннан-ақ көзге көрініп тұр. Отыз адамдық жатақхана, вагон медпункт, бір жедел жәрдем көлігі мұнайшыларға қалтқысыз қызмет көрсетуде. Осы алаңда отыз сегіз жыл қызмет еткен оператор Уәсила Нұрманова жұмыс қарқынын төмендетпей, алаңсыз жұмыс жасауға барлық жағдайдың жасалғандығын мақтанышпен жеткізді. Солтүстік Жолдыбайдағы мұнайшылар болашақтарына сенімді. Алдағы жоспарларымен бөлісіп, ойларын ортаға салды.
Күннен-күнге дамып, жаңа көзқарастар мен тың идеяларға толы осынау заманда, көш легінен қалмау – басты мақсаттардың бірі. Қойнауы «қара алтынға» толы кәрі Ембі заман ағымынан қалмақ емес. Қай жаққа бас бұрсақ та өндіріс тиімділігін арттыру үшін жасалған жанды істердің куәсі болдық.
Мәселен, 2013 жылдан бері қолға алынған тағы бір маңызды шара – Шығыс Мақат кен алаңында ілеспе газды тарату және кәдеге асыру мақсатында дайындау және тасымалдау қондырғысының іске қосылуы. Қуаты 40 млн. текше метр болатын бұл шетелдік қондырғы бүгінгі күнгі 20 млн. текше метр газ тазалауға мүмкіндік беріп отыр. Оның 5 млн. текше метрі тұшытылып, «ҚазТрансГазАймақ» мекемесі арқылы халыққа таратылуда. Мұндай қондырғы қазір Жайық мұнайгаз өндіру басқармасында және Доссор мұнайгаз өндіру басқармасының кен алаңдарында пайдаланылуда. Болашақта 150 млн. текше метрге дейін газ өңдейтін мұндай қондырғы Прорва мұнайгаз өндіру басқармасының кен алаңдарында қондырылады деп жоспарланыпты. Бұл жерде бүгінгі күні он адам еңбек етеді. Жұмыстарының барлығы да автоматтандырылған. Жасыратыны жоқ, бұрын мұнаймен бірге шығатын газ қоршаған ортаға зиянын тигізіп, адам өміріне елеулі әсерін беретін. Бұл қондырғының іске қосылуы осы проблеманың шешілуінің бірден-бір себепшісі болды десек, артық айтқандық болмас.
Шығыс Мақат кен орны – Доссор мұнайының 45 пайызын беріп отырған бұл аймақтағы ең ірі кен орны. Мұнай өндіретін, мұнай дайындау және тасымалдау цехтары мен жерасты құрал-жабдықтарын жөндеу учаскесі бар бұл кен орнында 150-ден астам адам еңбек етуде. Жылдық мұнай өндіру жоспары толықтай орындалып отыр. Бұл кеніш мамандарының біліктілігі мен жоғарыда аталып өткен жаңа әдістер мен технологияларды ұтымды пайдаланудың нәтижесі деп білдік.
40 орындық арнаулы техникаларға салынған гараждың жұмысы да бітуге таяу. 50 адамға арналған мұнайшылар жатақханасы іске қосылмақшы. Өндірісаралық жолдар жалпы Ембі бойынша шешімін күткен мәселелердің біріне саналады екен. Бұл орайда Ақтөбе трассасымен Шығыс Мақатқа қарай 11 шақырымдық тасжолдың салынғандығы – мұнайшылар үшін үлкен жетістік.
Бұл мұнай кен алаңдарының тарихы әріде жатса да, заманауи технологиялар мен тынымсыз ізденістердің арқасында діттеген міндеттерін абыроймен орындап, мұнайлы өлкенің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Жер астынан өнетін «қара алтын» көзі әлі де бар. Мамандардың айтуы бойынша, Ботахан кен алаңындағы №300 нүктеде барлау жұмыстары жүргізілуде. «Юра және триаст горизонттарынан үміт күтіп отырмыз» дейді олар.
Бұдан кейінгі маңдай тіреген «Қайнармұнайгаз» басқармасының іргетасы 1995 жылы қаланған. Ембі кен орындарының ішіндегі ең жасы. Кен орнының жылдық межесі – 1,5 мың тонна. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш жүз пайыздан асыра орындалып отыр. Басқармаға қарасты Шығыс Молдабек кен алаңы 1999 жылдан бері өнім беріп келеді. Бұл жердегі қолданыстағы әдістердің бірі – жер қабаттарына бу айдау. Мұндағы қол жеткізер жетістік – мұнайдың қоюлығын азайту, фильтрация жұмысын жақсартып, мұнай айдау ағысын көбейту. Бұл әдістің негізгі қондырғысы – парагенератор. Атап өту керек, бұл – акционерлік қоғамдағы жаңа жоба. Егер бұл жоба өзінің тиімділігін көрсетсе, басқа мұнай учаскелерінде де пайдалануға мүмкіндік береді. Және де аталған әдіс Атырау облысында бірінші рет қолданылып отыр.
Аталған кен орнындағы тағы бір көңіл аударарлық нәрсе, цехтар мен ғимараттардың барлығы да табиғи газбен жұмыс жасайтын шетелдік қондырғы арқылы жылытылады. Бұл электр энергиясын үнемдеуге бірден-бір себепші болуда. Сөйтіп қайнарлықтар Елбасының электр энергиясын үнемдеу, бұл мақсаттарда жаңа технологияларды пайдалануға байланысты берген тапсырмаларына үн қосуда.
Медиа-тур барысында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның өндірісті өркендетуге, мұнайшылардың өнікті еңбек етулеріне толықтай жағдай жасалғандығының куәсі болдық. Акционерлік қоғамның құрылымдық мекемесі «Ембіэнерго мұнай» филиалындағы қол жеткен табыстар мен тиімді әдістерді пайдалану өз нәтижесін беріп келеді. Әсіресе техникалық қауіпсіздікті сақтау шараларына арналған, толықтай қажеттілікпен қамтамасыз етілген оқу сыныптары талапқа сай жасақталған.
Өндірістік техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау басқармасының басшысы Бек Қаракушеков те сөз арасында жұмысшыларға жасалған әлеуметтік пакеттің жоғары талапқа сай екендігін айтып өтті.
Қорыта келгенде, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның жаңа жылды жақсы табыстармен қарсы алып, жерасты байлығын игеруде тың табыстарға қол жеткізері анық.
Ағиба ҚАТЕШОВА.
Суреттерді түсірген Әнуар Әбілғазиев.